Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Біздің ұлттық ойындарымыздың мың жылдық тарихы бар. Әсіресе Ұлыстың ұлы күні қазақ халқы бұл мейрамда «Қазақша күрес», «Қыз қуу», «Көкпар», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Арқан тартыс», «Теңге ілу», «Тоғызқұмалақ» және «Асық ату» сынды түрлі ойын ойнаған. Сонымен қатар айлы түнде «Ақ сүйек» ойналып, «Алтыбақан» тебілген.
Қазақша күрес – күні бүгінге дейін сақталып, халықаралық аренаға шыққан ең танымал ұлттық ойынымыз. Бұл – жеке адамның білек күші мен айла-амалы бірге сынға салынатын спорт түрі.
Алтыбақан – жастардың көңіл-көтеріп, сауық-сайран құруы үшін таптырмайтын ойын. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Оған екі адам, әдетте, бозбала мен бойжеткен мініп, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербеледі. Тербелушілер ән бастайды да, оған жанындағы адамдар қосылады.
Қыз қуу – сақ дәуірінен келе жатқан ежелгі ойын. Ойын ережесі бойынша, бойжеткен атқа мініп жігіттен қашуы керек. Бозбала қызды қуып жетіп, бетінен сүюі тиіс. Жігіт қызға жете алмаса, бойжеткен оны қамшымен сабайды.
Аударыспақ . Мұнда жеңіске жету үшін ептілік, күш, тапқырлық, батылдық қажет. Екі жігіт атқа мініп, бірін-бірі аттан аударып тастауға бар күшін салады. Ойын жас жігіттің мінезі мен ерік-жігерін шыңдайды.
Көкпар жігіттің күш- жігерін, төзімділігін батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт түрі.
Арқан тартыс. Екі топқа бөлінген жастар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстайды. Төреші белгі берген сәттен-ақ екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жердегі белгіге бірінші сүйреп әкелген топ жеңімпаз атанады.
Теңге ілу – ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойыншы жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алуы қажет. Ол үлкен ептілікті, шабандоздықты талап етеді. Тіпті теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі.
Жамбы атуда ер жігіт атпен шауып келе жатып, оның екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып құлатуға тиіс. Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуы шарт.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ