Наурыз мейрамын тойлаудың жаңартылған тұжырымдамасына сәйкес, 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Осыған орай, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қазақстанның барлық өңірінде «Жаздық жолдама 2024» – жобасын бастады.
Жоба аясында Махамбет ауданына қарасты 15 мектептің 123 оқушысы жолдамамен қамтамасыз етілді. Қор ұсынған сертификатты ауылдық округ әкімдері мен аудандық мәслихат депутаттары мектеп директорларына табыстады.
-Қазақстан халқына” Қорының «Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы Наурыз мерекесіне орайластырылған.”Жаздық жолдама” жобасы жазғы каникул кезінде 10-14 жастағы 20 мың оқушы үшін көңілді демалысты қамтамасыз етеді. Бұл қайырымдылық жобасы оқу озаттарын, пәндік олимпиадаларға, спорттық сайыстарға, мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын орта сынып оқушыларын қолдауға және ынталандыруға бағытталған. Аудандық білім бөлімінің қамқоршылық кеңесінің шешімімен аталған бағытқа сай келетін оқушылар тізімі жасақталады. Сертификаттар 15 мектепке бала санына қарай бөлінді,– дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева.
«Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша қордың қамқоршылық кеңесі бекіткен бюджет 2,1 млрд теңгені құрайды. «Жаздық жолдама» жобасы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, Наурыз мейрамының құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ қайырымдылық идеяларын насихаттауға ықпал етеді. «Жобаның серіктесі – Оқу-ағарту министрлігі.
Б.Сүйеуова