Қазіргі таңда Конституцияның жаңа жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл құжат азаматтық, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты, тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болғанын жақсы білесіздер.
Конституциялық реформа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бірпалаталы Парламент құру жөніндегі бастамасы негізінде туындады. Мемлекет басшысы бұл идеяны 2025 жылдың 8 қыркүйегінде өзінің халыққа арнаған Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан еді.
Көп ұзамай Президент Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойды. Оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері кірді. Талқылауға белсенді азаматтар қосылып, өз ұсыныс-пікірлерін еGov, е-Оtinish порталдары арқылы жолдады. Жұмыс тобы осы кезең ішінде азаматтардан түскен 2000-нан астам ұсынысты жан-жақты қарап, жүйелеп шықты.
Ата Заңның жаңа жобасында егемендіктің иесі Қазақстан халқы деп айқындалған. Меніңше ұлттық сана, ұлттық рух, отаншылдық – ең маңызды мәселе. Ал отаншыл адам ол ел болашағын терең ойлайтын адам. Біздің бойымызға ана сүтімен дарыған өз тіліміз қазақ тілі – ең шұрайлы, мән-мағыналы, құдіретті тіл. Осы орайда ана тілімізге деген қажеттілікті қоғам болып арттырғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Ал ол ең алдымен әр отбасында бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесуімізден басталады. Өзге ұлт өкілдерінен бізді ерекшелеп тұратын өз ана тіліміз. Ұлттық рух, ұлттық сезім, отаншылдықтың мәні осында жатыр.
Кеңес ҚОСЫБАЕВ,
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы


