Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының қоғам талқысына ұсынылуы – білім мен ғылымға негізделген жаңа мемлекетті қалыптастыруға бағытталған тарихи қадам деп есептеймін. Өйткені заң жобасында білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің негізгі басым бағыттары ретінде айқындалған. Бұл – елдің рухани әлеуетін нығайтып, адами капиталды дамытуға берік негіз қалайды.
Ақиқатында, мемлекеттің басты байлығы – табиғи ресурстар ғана емес, ең алдымен адам. Сондықтан білім мен ғылымның дамуы мемлекеттік саясаттың стратегиялық өзегіне айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасында зияткерлік меншік құқықтарының қорғалуы ерекше маңызға ие. Бұл – елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, шығармашылық пен ғылыми ізденісті қолдауға жол ашады.
Заң жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық – цифрландыру саласының конституциялық деңгейде бекітілуі. Атап айтқанда, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауға бағытталған нормалар енгізіліп, дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заманауи технологияларды пайдалану тетіктері нақтыланған. Бұл өз кезегінде цифрлық қоғамның құқықтық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституция жобасы қоғам мен мемлекеттің заң алдындағы өзара жауапкершілігін арттыруға, құқықтық мемлекетті нығайтуға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды құжат. Бұл – еліміздің тұрақты дамуы мен зияткерлік әлеуетін арттырудың берік кепілі.
Тарас НАУРЫЗӘЛІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Білім мен ғылымға негізделген мемлекеттің кепілі
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- : 24


