Ұлттық киім – кез келген халықтың мәдениетінің айнасы. IV Ұлттық құрылтайда бұл тақырыптың көтерілуі – маңызды әрі уақытылы мәселе. Себебі қазіргі қоғамда ұлттық киім тек мерекелік шаралар мен сахналық қойылымдарда ғана қолданылады, ал күнделікті өмірде сирек кездеседі.
Президенттің қара киімге қатысты пікірі де назар аударуға тұрарлық. Қазақ халқының дәстүрлі киімі ашық түстерге, сәнді ою-өрнекке бай болған. Бұл біздің мәдени ерекшелігімізді көрсетеді. Сондықтан, ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілерін көптеп шығару, оны күнделікті өмірге енгізу – дұрыс бастама.
Дегенмен, бұл мәселе тек ұранмен ғана шектелмеуі керек. Ұлттық киімді кию үшін оның сапалы, қолжетімді және заман талабына сай болуы маңызды. Егер дизайнерлер ұлттық стильді қазіргі сәнмен ұштастырып, қолжетімді бағада ұсынса, халықтың да қызығушылығы артады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық киім тек насихатталмай, нақты өндіріс деңгейінде қолдау тапқаны жөн.
Г.Сәдуақасова,
белсенді жас