Облыстық Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ана – ұлттық құндылықтар мен рухани болмысты қалыптастырушы» атты аналар кеңесінің облыстық семинарының екінші кезеңі аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жалғасын тапты.
«Халық педагогикасы – ұлттық құндылықтарды қалып- тастырудың өзегі» атты кездесуде ауданымыздағы ұлттық өнерді дәріптеп жүрген аналарымыз бас қосып, шеберлік сағатын өткізді.
Ең алдымен жиынның модераторы – Атырау облысы ҚХА «Аналар» кеңесінің мүшесі, білім беру саласының ардагері Жібек Шамалиқызы қатысушылар мен қонақтарға кездесудің маңыздылығын түсіндіріп, ақпарат беріп өтті. Одан кейін Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбаса¬ры Ж.Қарабалина «Аналар мен әкелер – Ұлттық күн» жобасының ұйытқысы» атты практикалық іс- тәжірибесімен таныстырды. Мектеп қабырғасындағы оқушылар мен ата-аналар арасындағы байланысты, ұлттық күннің аясында атқарылған бірқатар шаралар мен тағылымды істерді таныстырып өтті. Оның ішінде ұлттық киімді, ұлттық өнерді, ән мен биді насихаттайтын іс-шаралардың маңыздылығы мен оқушылардың қызығушылығына тоқталды. Әсіресе, ұлдар тәрбиесіндегі әке рөлінің маңыздылығын ұғындыратын іс- шаралар көп ұйымдастырылған екен. Бір ғана мал союдан шеберлік сағатын өткізу арқылы табақ тарту, малдың етін мүшелеп бөлу сынды салт-дәстүрімізді дәріптеуге болаты¬нын да көрсетті. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» Біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында да жастардың ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауы, үлкендерден үйренуі және ата-ана, мектеп, бала үштігінің біртұтас болуы маңызды екенін спикер де атап өтті.
Ұлттық дәстүрді дәріптеу сағаты мұнымен шектелген жоқ. Кездесудің келесі спикері, бейбарыстық алаша тоқу шебері Зоя Қуанышқалиева апамыз болды. Аналардың облыстық семинары үшін арнайы мосы ағашы мен құрал-сайманын ала келген Зоя апайымыз «Терме алаша тоқу техно¬логиясы» атты шеберлік сағатында тоқу өнерінің қазақ тарихында алар орны туралы айтты.
– Алаша ежелден ата-бабамыз ағаш үйге қолданған, бүктеуге, жинауға, алып-салуға қолайлы мүлік. Мұны ұсталатын орнына қарай әрі енді, әрі көлемді етіп жасайды. Өрмекпен тоқылған алашаның ені әдетте 40 – 45 сантиметрден аспайды. Сондықтан бірнеше кесіндісін біріктіре құрауға тура келеді. Бұл үшін шебер тоқылған материалдың ұзына бойы мен енін өлшеп, одан кейін неше бойы кесіп, құрау қажеттігін есептейді. Алаша тоқудың да бірнеше түрі мен тәсілі бар. Соның ішінде бір теру тәсілі тек қана басқұр тоқуға қолданылады. Мұндай басқұрлардың ерсі мен қарсы жібі көбінесе бірыңғай ақ жіппен, кейде қызыл жіптен құрылады да, өрнегі қызыл, қара, көк және басқа түсті жіптер теріледі. Мұның бәрін қазақтың қарапайым өрмегімен жіңішке лента тәріздендіріп тоқиды,- деп өз қолынан шыққан киіз үйдің әдемі әбзелін көпшілікке таныстырды. Бүгінде ұмытылып бара жатқан бұл өнердің түрін де меңгеріп қалу келешек ұрпақ үшін қажет екенін семинарға қатысушы қонақтар да атап өтті.
«Меринос қойының жүні – жанға шипа бұйымдар шикізаты» деп ата¬латын шеберлік сағатында тағы бір бейбарыстық қолөнер шебері Зина Қуанышқалиева өз бұйымдарын көрсетіп, маңыздылығын айтты.
«Киіздің адам денсаулығына пайдасы орасан. Жүн талшықтары теріні тыныштандырып, жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді. Сондай-ақ температураны бір- қалыпты ұстап тұрады. Бұған сан мәрте көзі жеткізгенмін», - дейді З.Қуанышқалиева.
«Меринос қойдың жүнінен жасалған тақиялар мен аяқ киімдер жеңіл әрі жұмсақ болады. Салмағы білінбесе де, пайдасы орасан зор қой жүнінің сапасы да сын көтереді. Ал, сатып, пайда табам деушілер үшін нарықтық бағасы да бәсекеге сай. Тек жергілікті тұрғындар кейде оның бағасын пайдасымен салыстырып жататыны өкінішті»,- дейді қолөнер шебері. Бүгінде ұмытылып бара жатқан киіз басу өнерін де өміршең қылсам деп жүрген Зина Қуанышқалиева осы қазақтың оюлы киізі талай қиын-қыстау күнде суықтан аман алып қалғанын да атап өтті. Кездесуге қатысқан қонақтар арасынан ҚХА республикалық «Аналар» кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы да жергілікті қолөнер шеберлерінің жұмысын аса жоғары бағалап, ары қарай жалғастырушы шәкірттер дайындаудың маңызды екенін жеткізді. Ұлттық мәдениеттің мәйегі саналатын қолөнердің тұрмысымызға ғана емес, денсаулыққа да пайдалы екенін елемей жүргеніміз өкінішті-ақ. Әйтсе де осындай ұлағатты аналарымыз бен әжелеріміз барда көненің көзі, тарихтың сөзі болған қазақтың өнері өміршең екеніне сенеміз.
А.САТАЕВА