Апатты үйлердің тағдыры: сүрілген орындар қалай игеріледі?

Аудан орталығында қираған, апатты жағдайда тұрған және қараусыз қалған ғимараттарды бұзу бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл мәселе тұрғындар арасында жиі қозғалып, елді мекеннің көркін бұзатын әрі қауіпті нысандардың тағдыры көпшілікті алаңдатқан еді.

Махамбет ауылдық округінің әкімі Нұрлан Сапаровтың айтуынша, қазіргі уақытта “Ақшолан” мөлтек ауданындағы ПМК ғимараты бұзылатын нысандардың қатарына енгізілген. Сондай-ақ, Ж.Қартқожақов көшесіндегі көп қабатты үй биыл апатты деп танылып, сүрілді. Бұдан бөлек, дәл осы көшедегі тағы бір үйді апатты деп та­нып, бұзу бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Әкімнің айтуынша, сүрілген үйлер мен ғимараттардың орны бос қалмайды.

– Ж.Қартқожақов көшесіндегі көп қабатты үйдің орнын скверге айналдыру жо­спарымызда бар. Дегенмен, әзірге құрылыс жұмыстары басталған жоқ. Ал бұрынғы Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп ғимаратының орны аукционға шығарылмақ. Негізгі мақсат бойынша ол аумақта балаларға арналған жабық ойын алаңы бой көтеруі тиіс. Әзірге жоспарымыз осындай, – дейді Нұрлан Сапаров.

Қараусыз ғимараттарды бұзу мәселесінде әкімдік ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін, ғимараттың техникалық жағдайын және иелік құжаттарын назарға алады. Кей жағдайда тұрғындар өздері бастама көтеріп, апатты үйлерді сүріп та­стауды сұрап жатады.

– Мәселен, Ж.Қартқожақов көшесіндегі тұрғындар қол жинап, ұсыныс жасады. Сол өтініш ескеріліп, жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал Абай Құнанбаев көшесіндегі көп қабатты үйлерді бұзу оңай болмайды. Себебі олардың көбі жеке кәсіпкерлердің иелігінде. Мұндай жағдайда заң талаптары мен меншік құқығын қатаң сақтауымыз қажет, – деді округ әкімі.

Сүрілген ғимараттардан шыққан құрылыс қалдықтары босқа кетпей, қажетке жаратылып жатыр.

– Құрылыс қалдықтары арнайы полигонға шығарылып, кәріз суын төгетін алаңға апаратын жол құрылысына, сондай-ақ былтырғы су тасқыны кезінде пайда болған карьерлерді толтыруға пайдаланылуда. Осылайша қалдықтардың өзін елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға жұмсап жатырмыз, – дейді Нұрлан Сапаров.

Аудан орталығында ескі нысандарды бұзу жұмыстары тек қауіпті ғимараттардан арылтумен шектелмей, олардың орнына әлеуметтік маңызы бар нысандардың са­лынуына жол ашпақ. Әкімдік жоспарына сәйкес, бос жерлердің бір бөлігі саябаққа, бір бөлігі балаларға арналған ойын алаңына айналуы тиіс. Бұл – елді мекеннің келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT