Дені сау ұрпақ – болашақтың кепілі

Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Сатыбалдыұлының ұйымдастыруымен «Денсаулық-ұрпақ, жарқын болашақ» атты танымдық іс-шара өтті. Жиынға аудан жастары мен медицина мамандары қатысты.

Шараның негізгі мақсаты- жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау, ерте жасөспірімдік қарым-қатынастың алдын алу және жыныстық жолмен берілетін аурулардың зияны туралы кеңінен түсіндіру. 

Махамбет аудандық ауруханасының дерматолог дәрігері Айнагүл Балтабайқызы мен гинеколог дәрігер Гүлара Дощанова жастарға жыныстық жолмен берілетін аурулар, түрлі инфекциялар және АИТВ жайында кеңінен түсіндірді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай дерттердің алдын алу үшін әң әуелі қорғаныш құралдарын пайдалану, тұрақты түрде медициналық тексеруден өту және салауатты өмір салтын ұстану қажет. 

Дәрігерлер жастарға дер кезінде емделмеген жағдайда қауіпті аурулардың бедеулікке, түрлі созылмалы сырқаттарға әкелетінін, тіпті өлімге соқтыруы мүмкін екенін ескертті. Инфекциялар көбінесе қорғансыз байланыстар арқылы жұғады, сондай-ақ қан арқылы (ортақ ине, стерильді емес құралдар) кейде анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында берілу қаупі бар екендігі айтылды. 

Мамандардың айтуы бойынша, баланың денсаулық мәдениетін қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталады. Сондықтан да мұндай тақырыптар балаға кезең- кезеңімен, жас ерекшелігіне қарай айтылу керектігін жеткізді. 7-10 жас аралығында ата-аналар қарапайым жеке бас гигиенасының ережелерін үйретсе, 11-13 жаста баланың бойындағы өзгерістерді дұрыс түсіндіріп, оған қолдау білдіру қажет. Ал 14 жастан бастап денсаулыққа жауапкершілікпен қарау, зиянды әрекеттерден сақтану, ерте жүктіліктің алдын алу жөнінде ашық әңгіме жүргізу орынды. 

Қорытындылай келгенде, шара жас буынға арналған үлкен бір тағылым мектебі болды. Дәрігер мамандардың айтқан ойлары мен кеңестері жастарға тек денсаулық жайлы мағлұмат қана емес, өмірлік бағыт- бағдар берді. Себебі, денсаулық сақтау, ерте жүктіліктің алдын алу, зиянды әдеттерден алшақ болу – әрбір жастың болашағына тікелей әсер ететін басты қадамдар. 


А.АСҚАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT