Ұлттық болмысқа құрмет

«Домбыра мұнша шешен болдың неге,

Күй толған көкірегің шежіремен.

Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,

Саусағым тиіп кетсе ішегіңе», – деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі – ол өзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы – домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып келеді.

Ұлттық дом­быра күні қарсаңында өткен шараға ауданның мәдени өмірінде алатын өзіндік ерекше орны бар, алғаш ашылған жылдарынан ба­стап талай таланттың бағын ашып, мыңдаған өнерлі өрендерді ұясынан ұшырған өнер ордасы Зәмзәм Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінің ардагер ұстазы, домбыра сыныбының жетекшісі Шағылбаев Жолдас, шәкірті Сұлташ Бексұлтан және домбыра сыныбының мұғалімі Елемесов Равиль, кітапхана оқымандары қатысты.

Кеш қонақтары бүгінгі жастардың төл музыкалық аспабымызды меңгеруі, қызығушылығы қандай деңгейде, қанша шәкірт тәрбиелеп отыр, өнер жолындағы ең үлкен жетістіктері, білім алған оқу орындары, ұстаздары туралы айтып, оқырмандардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Кешке арнап қонақ кәдеге күйді төгілте кезек-кезек орындады. Кеш соңында «Асыл мұра - дом­быра» кітап көрмесі насихатталды.

Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастардың қатары артып келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру – біздің міндет. Себебі ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен му­зыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуы тиіс.

 

Жанар ТӨЛЕШОВА,

аудандық орталық кітапханасының

кітапханашысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT