Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" деген тақырыппен халыққа жолдауын тыңдадық, оқыдық және сараладық. Әсіресе, Президенттің елде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум жайлы Жарлыққа қол қоюы да ел үшін елеулі мәселе екенін айтқым келеді.
Жалпы адамзаттың қуат көзіне деген сұранысын қамтамасыз ету ісінде атом энергетикасының баламасы жоқ екені өткен ғасырда-ақ дәлелденген. Оған қажетті шикізат көзіне біздің жеріміз де бай. Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша 1- орын, уран мен хром бойынша 2-орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді.
"Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын.
Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр».- деп 2 қыркүйектегі жолдауында мемлекет басшысы әлемдік дәрежеде маңызды мәселені қозғады.
Рас, АЭС атауын естіген сәтте халықтың үрейін туғызатын тарихтағы алапат апаттар еске түседі. Бірақ, уақыт бір орында тоқтаған жоқ, заман дамыды, ғылым қарыштап өсіп келеді. Чернобль мен Фукусимо апатынан кейін көп мемлекеттер АЭС салуды кідіртіп қойды. Соған қарамастан, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Қазақстанның атом өнеркәсібі саласындағы жетістігі дүниежүзін елең еткізген болатын. Уран өндірісі бойынша әлемдік нарықтағы қатаң бәсекелестікке төтеп бердік. Енді осы беделімізді еліміздің дамуы жолында тиімді пайдалануымыз керек. АЭС құрылысының артықшылықтары жетерлік. Ең алдымен мегаполисті үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Екіншіден, елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді. Үшіншіден, көмір мен газ түтініне уланып жатқан ұрпағымыздың денсаулығы үшін де тәуекелге баруымыз керек. Алдағы референдум көптің талқысына түскен бұл мәселенің оңтайлы шешімін табады деген сенімдеміз.
Исатай Мукамбеталиев,
«Атыраужарық» АҚ-ның Махамбет аудандық электр жүйесі басшысы