Отан – отбасынан басталады

Жыл сайын елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні кең көлемде атап өтіледі. Ал биылғы жылы мерекенің маңыздылығын арттыру мақсатында әр күннің тақырыптық бағыттарын анықтай отырып, Отбасы күнін 2-8 қыркүйек аралығында  атап өту ұсынылды. Осы жоспарға сәйкес қоғамда дәстүрлі отбасылық құндылықтар мен адамгершілік негіздерді жаңғырту, отбасындағы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы  көпшілікке түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңгерлік кеңес беру мақсатында аудандық тарихи өлкетану мұражайында  дөңгелек үстел өтті.

Оған аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Зүлфия Болатова,  Әйелдерді  зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Арайлым Сапарғалиева және мектеп мұғалімдері,  үкіметтік емес ұйым өкілдері, ерікті жастар қатысты. Алдымен аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлнәр Қырықбаева  жиналғандарды отбасы күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Отбасы туралы сөз қозғағанда, отбасында орын алатын тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Елімізде ағымдағы жылдың 15 сәуірінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылған болатын . Бұл жөнінде полиция капитаны Арайлым Сапарғалиева тоқталып өтті.

-  Бүгінде «Отбасы» күні жыл сайын тойланатын дәстрүрлі мерекелердің қатарында. Жалпы, отбасы - қоғамның негізгі іргетасы ретінде адами құндылықтардың, мәдениеттің және ұрпақтар тарихи сабақтастығының сақтаушысы, тұрақтылық пен дамудың факторы болды және солай болып қала береді. Барлық уақытта елдің дамуы отбасының қоғамдағы және оған қатысты мемлекеттің жағдайы бойынша бағаланды. Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі отбасы оның ішінде, әйел құқығы мен балалар қауіпсіздігін қорғауды басты орынға  қойып, үстіміздегі жылы осы мәселеге қатысты  Заңға қол қойғаны баршамызға мәлім. Заңға сәйкес, ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қылмыстық жаза қарастырылған. Заңдағы негізгі жаңалық ретінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызу, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаны қатаңдату және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары аталады. Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты да осы  қабылданып жатқан шаралар туралы  көпшілікке түсіндіру болатын. Отбасы тыныштығы мен берекесі тек заңмен емес, махаббат, мейірім сияқты асыл қасиеттермен қорғалса оны бойына сіңірген ұрпақтың болашағы жарқын, еліне берері мол болмақ, - деді ол өз сөзінде.

Дөңгелек үстел қатысушылары мамандарға сұрақ  қойып, өз пікірлерін ортаға салды. «Отан – отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар. Ендеше, мемлекетіміздің іргетасының мықты болуына бәріміз бір кісідей жауапты екенімізді есте ұстайық!

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT