Әлсіздерге ауру үйір

Туберкулез – әлемде ең көп тараған жұқпалы аурулардың бірі. Жыл сайын оның салдарынан 2 миллионға жуық адам қайтыс болады.

Туберкулез – бұл барлық қоғамның өзекті мәселесі. Сондықтан егер әрбір адам күнделікті өмірде туберкулездің алдын алу шараларын жақсы біліп және өзінің білімін қолданған жағдайда оның өсуі мен таралуын тоқтатуға болады. Туберкулез – адам ағзасына туберкулез таяқшаларының енуінен пайда болатын инфекциялық жұқпалы ауру. Туберкулезге тыныс ағзасы – өкпе жиі шалдығады. Сондай-ақ сирек те болса, туберкулезге ми, ми қабықшасы сүйек, буын, лимфа бездері, бүйрек, жыныс ағзалары, көз, ішек және басқа да ағзалар мен мүшелер шалдығады. Туберкулез таяқшалары ауа арқылы тарап, оны жұқтырып алған адамдардың өкпесінде өсіп жетіліп, көбейеді. Алғашқыда өкпе тіні қабынып, содан кейін бүлініп, ыдырайды да, орнында қуыстар пайда болады. Осындай қуыстарда сақталған миллиондаған туберкулез таяқшалары ауру адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде қоршаған ортаға шашырап тарайды.

Көбінесе адам туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адаммен ұзақ қарым-қатынаста болғанда жұқтыратынын білген маңызды. Туберкулез таяқшасы ауада бірнеше сағат бойы жерге түспей, қалықтап тұра береді. Егер туберкулездің ашық (жұқпалы) түрімен ауыратын адам ұзақ уақыт нашар желденетін орында (пәтер, жұмыс орны, аурухана, абақты, көлік) болса, сол жердің ауасына туберкулез таяқшалары соншама көп тарап, басқа адамдардың тыныс ағзаларына түседі. Туберкулез негізінде осындай жолмен жұғады. Мұны ауа арқылы жұғу дейді. Сондықтан туберкулез таяқшаларын жұқтырудан ешбір адам қорғалмаған, себебі ауа барлық адамдар үшін ортақ. Туберкулез кез келген адамға жұғуы мүмкін, әсіресе оны жұқтыру бойынша «қауіп» тобына жататын адамдар: балалар, қарт адамдар, қант диабетімен ауыратындар, стереотипті препараттар қабылдайтын адамдар, иммундық жүйені әлсірететін дәрі-дәрмектерді қабылдайтын адамдар, ЖИТС жұқтырғандар, тұрмыс жағдайы нашар адамдар (жұмыссыздар, үйі жоқтар т.б.), маскүнемдікке және нашақорлыққа тәуелділер, жалпы денсаулық жағдайы нашар, иммунитеті төмен адамдар.

Туберкулез ауруы басталғанда мынандай белгілер білінеді: жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұстың ауруы, тәбеттің, салмақтың, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі. Туберкулездің осындай негізгі белгілеріне адамдардың көбі көңіл бөліп, дәрігерге қарала қоймайды, немесе өз бетімен ем қабылдай бастайды. Одан әрі бұл белгілердің бәрі үдеп күшейе түссе, науқастың қан түкіруі мүмкін. Жөтел – туберкулезге тән ең алғашқы белгілердің бірі. Егер жөтел 2 аптадан артыққа созылса, міндетті түрде тез арада жалпы медициналық мекемеге – емханаға, фельдшерлік бекетке, бөлімшелік ауруханаға барып, дәрігерге қаралыңыз. Туберкулез дер кезінде анықталса, ем де нәтижелі болады. Сондықтан әр адам денсаулығына салғырт қарамай, ауруды әрі қарай асқындырмауы тиіс. Туберкулезді ерте анықтау – онымен күресудің негізгі бөлігі болып табылады. Флюорография, туберкулинді диагностика, микробиологиялық зерттеулер туберкулезді ерте анықтаудың негізгі әдістері. Туберкулезді анықтаудың ең сенімді әрі тиімді тәсілі – туберкулез таяқшаларын қақырықты микроскопиялық тексеру арқылы анықтау.

Манту сынамасы балаларда туберкулез таяқшаларымен зақымдалуды және туберкулезбен науқастарды дер кезінде анықтау үшін қолданылады. Бұл екпе емес, қауіпсіз диагностикалық тест. Бүгінгі күні БЦЖ вакцинасы балаларды туберкулезден және оның асқынуынан қорғайтын бірден-бір әдіс. Вакцинация аурушылық пен өлімді төмендетіп, туберкулездің ауыр түрінің дамуын (менингитті, милиарды туберкулезді, казеозды өкпе қабынуын)ескертеді. Жаңа туған нәрестелерге дүниеге келгеннен кейін 2-4 күндері терілік асты тірі БЦЖ вакцинасын енгізу жүргізіледі. Балаларды туберкулез жұқпасынан әрі қарай қорғау үшін БЦЖ екпесі 6-7 жаста (1 сынып) туберкулин сынамасы теріс болғаннан кейін салады.

Туберкулездің алдын алу үшін келесі сақтық шараларын алу керек: -Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адаммен бірге ауасы тар бөлмеде көп уақыт өткізбеу; -Туберкулезбен ауыратын адаммен бір бөлмеде жұмыс жасауға мәжбүр болсаңыз, қорғаныш бетперделерін пайдалану; - Егер сіздің айналаңыздағы бір адам туберкулезге шалдыққаны жөнінде күдіктенсеңіз, оны дәрігерге қаралуға және толық ем алуға көндіру қажет. -Науқас жатын бөлмесін бірнеше рет желдетіп тұру - бұл туберкулездің таралуының алдын алудың маңызды шарттарының бірі. Осы шаралар науқастың отбасы мүшелерін әсіресе, балаларды, сондай-ақ туысқандар, жұмыстастар және қоғамның басқа мүшелерін туберкулезді жұқтыруы мен сырқаттануынан қорғайды. Туберкулезді алдын алудың алғы шарттарын мүлтіксіз орындау арқылы сіз өзіңізді осы дертті жұқтырмау шараларын алуға толық мүмкіндігіңіз бар екенін әрдайым есіңізде сақтаңыз!

С.ҚАБАЗОВА,

аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT