Конституция күні мерекесі ауданда салтанатпен атап өтілді

Ата Заңды ардақтау-келешекке керуен тартқан мемлекетіміздегі әрбір азаматтың асыл парызы.

Конституция-кемелдік көкжиегін кеңейтетін құжат.

Халқымыз онымен өзінің тағдырын, болашағын байланыстырған. Айбарлы Ата Заңымыз қазіргі жаһандану, әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде де жұртшылықты жаңаруға, өркендеуге жігерлендіруде.Осынау ұлық мерекені береке, бірлігі жарасқан махамбеттіктер де өзара түсіністік, ынтымақтастық жағдайында атап өтті.

Тәуелсіз мемлекетіміздің Әнұраны орындалғаннан кейін елдігіміздің алтын тұғыры, Тәуелсіздігіміздің тірегі, келешегіміздің кепілі-Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен құттықтау үшін аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы мінберге көтерілді. -Азаматтығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заңымыз – Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл-халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке. Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған негізгі заңымыздың қабылданғанына биыл 23 жыл толып отыр. Ата Заңымызға деген ерекше құрмет біздің сеніміміз бен күшіміздің қайнар көзі. Бірлігі жарасқан Қазақ елі аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған күшті мемлекетке айналды. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Конституция-Қазақ елінің өркендеуі мен өрлеуінің негізі» деген қанатты сөзі ойға оралады.

Конституцияда атап көрсетілген мемлекеттік басқару жүйесі негізгі реформаларды жедел қарқынмен жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде еліміздің әлемдік қауымдастықта білікті де құрметті әріптестік деңгейіне көтерілгенін мақтанышпен айтамыз. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстанның даңқы бүгінде әлемге танылып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін қарышты қадамдар жасауда. Бұл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің ынтымағы мен бірлігінің нәтижесі. Мерейлі мемлекетіміздің өз алдына көтерген шаңырағын шайқалтпай мызғымас тірегіне айналған Конституция тұрақтылығы еліміздің, қоғамымыздың тұрақтылығының бірден-бір кепілі. Сондықтан Ата Заң аясында қызмет етіп, оны құрметтеу баршамыздың азаматтық парызымыз, келер ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Конституция күні құтты болсын, барлық ізгі істеріңіз бен бастамаларыңызға сәттілік серік болсын!

Бұдан әрі мерекелік марапаттауларға кезек берілді. «30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні» мерекесіне орай, облыс әкімінің алғыс хатымен: аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Жайлашева Салтанат, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бекбаева Гүлнар марапатталды. Сондай-ақ аудан әкімінің алғыс хаты Бейбарыс ауылдық округінің бас маманы Өтеғалиева Салимашқа, Ақтоғай ауылдық округінің бас маманы Мұхамбетова Күміске, «Нұржанов Б» шаруа қожалығының жетекшісі Нұржанов Болатқа, жеке кәсіпкер Ғұмаров Қунышкерейге табысталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Алға ауылының тұрғыны Гусманова Алмагүл мен Есбол ауылының тұрғыны Қарабалина Асель «Алтын алқа» тақса, Махамбет ауылының тұрғыны Гарипова Назгул «Күміс алқа» иегері атанды. Мерекелік салтанат аудан өнерпаздарының концертіне ұласты. Мың бұралған бишілер сахнаның сәнін келтірсе, бұл күні ұлттық құндылығымыз-күй өнерінің де мәртебесі биік болды. Туған жер, Отан туралы рухты асқақататар әндер шырқалып, жиналған жұртшылық бір желпініп, серпіліп қалды.

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT