Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев бастаған мемлекеттік қызмет өкілдері халықаралық қарттар күніне орай ардагерлеріміздің шаңырағына арнайы бас сұғып, мерекемен құттықтады.

Мерекелік құттықтау Бейбарыс ауылында тұратын еңбек ардагері 87 жастағы Мария Мусинаның шаңырағынан басталды. Аудан бас­шысы амандық-саулық сұрасқан соң мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдап, алғыс хат пен сый- сияпатын тапсырды.

Жалғансайлық еңбек ардагері Жібек Кабдешова анамыз – «Жалғансай» совхозында егінші болған жандардың бірі. Тоқсанға жақындаған кейуана аудан әкімінің арнайы іздеп келгеніне аналық алғысын жаудырды.

Өмір бойы «Бақсай» совхозында тракторист болған Таңдай ауылының тұрғыны, зейнеткер Амангелді Тұхпашевтың шаңырағы қонақтарды жылы қарсы алып, төрге оздырды. Амангелді аға совхозда еңбек ет­кен жылдарын әңгімелеп, біраз шер тарқатты.

Мұнай саласында жұмысшы болып еңбек еткен Сүлеймен Оразалиевтің Мақат ауданынан қоныс аударғанына 15 жылдың жүзі болыпты. Ол бүгінде «Шұғыла» мөлтек ауданында тұрады. Қария арнайы құттықтап келіп жатқан аудан басшысына ризашылығын білдіріп, батасын берді.

Аудан әкімі ақпарат саласының ардагері Жолдас Дүсіпов ағамыздың шаңырағына да ат басын бұрып, құттықтап шықты. Оның «Білім» қоғамында жауапты маман бо­лып, ұзақ жылдар бойы аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде тілші, аға тілші,баспаханада екі жылдай директор болғанын, редакциядан зейнеткерлікке шыққанын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде фо­тограф қызметін атқарған марқұм Қапиз Мұхтаровты білмейтін жан кемде-кем. Оның жан жары Сауле Мұхтарова – Орал кеңшарында егінші болған жандардың бірі. Ау­дан әкімі Қ.Нұрлыбаев сексеннің үшеуіне келген еңбек ардагері Сәуле апайды да құттықтап, құрмет-қошемет көрсетті.

Әр ардагердің шаңырағына аудан басшысымен бірге құттықтай барған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Самат Жайлашев, аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мәжиев, ау­дан әкімінің аппарат басшысы Ал­шынбек Мұқанғалиев те мерекеге орай жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп тегін айтпаған. Қазыналы қарттарымыз аман болсын.

А.ТЕКЕБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT