«Қалдырған ізің мәңгілік…»

Ұстаз – ұлттың болашағын қалыптастырушы, қоғамның рухани тірегі. Ұрпақ тәрбиесі мен сапалы білім беру ісінде ұстаздың еңбегі қашанда ерек­ше. Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин: «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген. Сондықтан да жыл сайын қазан айының 5-і күні Мұғалім күні аталып өтіп, ардақты мамандық иелеріне құрмет көрсетіледі. Осыған орай аудан орталығында «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысының сөзін еске салды.

– Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда мұғалім әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға де­ген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Бұл сөздер ұстаздар қауымына берілген үлкен баға әрі жауапкершілік деп түсінеміз. Әр баланың оқу сапасын жақсарту, тәрбие беру де ұстаздың еншісінде. «Педагог туралы» ар­найы заң қабылданып, мәртебесі белгіленіп, артық жұмыстан бо­сатылып, ұстаздарға қамқорлық көрсетіліп келеді. Жаңа нысандар салынып, мектеп базасы толығып келеді. Шәкірттеріңіз де биік белестерді бағындыруда. Ұстаздар қауымына шығармашылық табыс тілейміз,- деді Қ.Нұрлыбаев.

Қазақстан Республикасы Оқу- ағарту министрлігінің Құрмет гра­мотасымен Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Мақашева және Жалғансай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Өтешова марапатталса, «Ал­тын балық» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Калимат Абуғалиеваға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар бір топ ұстаз аудан әкімінің Алғыс хаты­мен ұлықталды.

Осы орайда ерекше атап өтер жайт, Қаршымбай Ахмедияров атындағы орта мектептің био­логия пәні мұғалімі Жұмагүл Шаңдығалиқызы Қайнарова ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Құрметті марапатты ұстазға облыс әкімі Серік Шәпкенов табыс етті. Бұл төсбелгі – ұстаздың білім беру саласындағы көп жылғы еңбегінің, шәкірттерге деген сүйіспеншілігінің және адалдығының жемісі.

Білім саласының ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев та құттықтау сөзін айтты.

– Ұстаздар күні қарсаңында ауданымыздың ардагерлерін мерекемен құттықтаймын. Қызығы мен шыжығы мол сала­да ұрпақ тәрбиелеуде атқарған қызметтеріңізге ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінде ауданның білімді жастары өсіп келеді. Бұл тұрғыда барша мұғалімдердің еңбегі зор, – деген С.Жайлашев Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісін аудандық білім бөлімі жанындағы ардагер­лер кеңесінің төрағасы Қылышбай Қазиев пен Е.Ағелеуов атындағы Ма­хамбет орта мектебінің директоры Гүлзада Неталиеваға табыстады.

Атырау облысы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы да ізгі тілегін білдіріп, кәсіподақтың атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті.

– Қасиетті де қадірлі мамандық иелерін айтулы мерекемен құттық- таймын. Мұғалімдік жұмыс – ұлы миссия. Осы миссияны жүзе- ге асыруда сіздердің еңбектеріңіз зор. Мұғалім мәртебесі туралы заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігі де ұстаздардың әл-ауқатын жақсартуына, еңбек құқықтарының сақталуына баса мән беріп келеді. Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев- тің есімі “Тарихи тұлғалар” тізіміне енгізілгенін қуана хабарлағым келеді. Жерлесіміздің есімі ел жадында мәңгі сақталуы мақсатында бірқатар жұмыс жасап жатырмыз, – деді ол.

Осы жиында Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің директо­ры Серік Қойбақовтың кеудесіне «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тағылды. Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бұлдықыз Құспанғалиева мен Алға орта мектебінің математи­ка пәнінің мұғалімі Роза Байбосыно­ва Қазақстандық Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет гра­мотасымен марапатталса, Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің шет тілі пәнінің мұғалімі Лена Егізбаева мен А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Елена Лобашеваға осы бірлестіктің Алғыс хаты табы­сталды.

Шара соңы мектеп мұғалімдері мен оқушыларының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай сөзі бүгінгі мерекелік жиынның мәнін айқындай түсті. Ұстаз еңбегі – ұлттың келешегі үшін жасалған ең қастерлі еңбек. Бүгінгі салтанатты шара осы еңбектің бағаланғанының, ұстазға деген халық құрметінің айқын көрінісі болды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT