Лиза ҚАЙЫРҒАЛИЕВА: «Көркем әдебиет – тәрбие көзі»

Біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған ұстаз – егемен елімізді өркениетке жетелейтін маман. Ал еліміздің ертеңі – бүгінгі бала екенін ескерсек, жас ұрпақтың өз ана тілінде сауатты жазып, анық сөйлеуінің маңызы зор. Д.Төленов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Лиза Қайырғалиева нағыз өз ісінің маманы.

– Сабақтың қызықты өтуі тікелей мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Баланың сол пәнге деген қызғушылығын ояту үшін оқыту технологияларының алуан түрін пайдалануға тура келеді.Осы технологиялардың арасы­нан балалардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға тырысамын. Қазіргі оқулықта үлкен көлемдегі роман-эп­попеялардан шағын үзінді ғана беріледі. Оны оқыған бала шығарманың нақты айтар ойын, мазмұнын толық түсіне алмайды. Сондықтан шығармадағы оқиға балаға бастан-аяқ түсінікті болу үшін, кітапханадан жазушының кітабын әкеліп, туындының мазмұнын толықтай түсіндіруге тырысамын. Кейбір оқушылар оқиғаның ары қарай қалай өрбігенін білгісі келіп қызығушылық танытады. Оларға кітапты түгел оқуға кеңес беремін. Балалардың көркем әдебиетке деген құштарлығының жоғалуын ғаламтормен байланыстырып жатамыз. Бірақ қазір кітап оқуға арналған сайттар, ау­дио кітаптар да бар. Оқушыларға сол жерден шығарманы оқуға болатынын айтып отыра­мын , дейді саналы ғұмырының 35 жылын осы салаға арнап, күні кеше ғана зейнет демалы­сына шыққан ұстаз.

Лиза Қайырғалиева 1986-1989 жылдары Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінде оқиды. Алғашқы еңбек жолын Сарытоғай орта мектебінде бастайды. Кейін біраз жыл Гурьев педаго­гика институты тарих-филология факультеті қазақ тілі кафедрасы оқытушысы қызметін атқарады. 1992 жылы Махамбет ауылынан Д.Төленов атындағы бағдарлы білім беретін мектеп-гимназия ашылғанда осы жерде 10 жылдай еңбек етеді. 2002 жылы аудандық білім бөлімінде гуманитарлық пәндер бойынша әдістемелік кабинет ашылып, осы кабинеттің жұмысын әдіскер ретінде жүргізуге ұсыныс түседі. Өзінің білімі мен қабілетіне сен­ген ұстаз еш ойланбастан келісімін береді. Келе сала әдістемелік кабинеттің жұмысын дөңгелетіп алып кетеді. Алайда бір жылдан соң баласы бірінші сыныпқа баратын болған соң, ұрпағының іргетасының дұрыс қалануына ықпал етіп, уақытының көп бөлігін баласына арнауды құп көріп, әдіскер жұмысынан бас тартады. Сөйтіп Д.Төленов атындағы мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөнінде орынбасары қызметіне ауысады. Осы қызметті он жылдай мүлтіксіз атқарады. 2013 жылдан күні бүгінге дейін осы мектепте оқушыларды қазақ тілі мен әдебиеті пәніне сусындатып келеді. Еңбек майданында жүрген 35 жылдың ішінде ұстаздың алған ма­рапаттарын саусақпен санау мүмкін емес. Ол әр жылдарда Атырау облысы Білім беру басқармасының, Білім беру департаментінің, облыстық мәслихатының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Атырау облысы және Махамбет ауданы әкімдерінің,аудандық білім бөлімінің марапттарына ие болған. Орындаушылық, ұйымдастырушылық, қарым-қатынас мәдениеті, жұмысқа деген жауапкершілігі жоғары, үнемі ізденіс үстінде жүретін, білімін жетілдіруді жақсы көретін ұстаз өзінен кейінгі жас мұғалімдерге де білгенін үйретуден жалыққан емес.

– Ұстаздық қызмет ұлы қызмет болғанымен, еліміздің экономикасы дағдарысқа ұшыраған қиын кезеңдерде, жалақысы аз болған соң, жаны қалап тұрса да сүйікті мамандығын та­стап, басқа салаға кеткен мұғалімдер көп болды. Мектепті жаңа бітірген жастар мұғалім мамандығын таңдаудан қашатын жағдайға жетті. Сананы тұрмыс билеген заманда ұстаздың да мәртебесі төмендеген еді. Аллаға шүкір, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлтты тәрбиелейтін ұстаздарға деген түзу көзқарасының арқасында қазір бұл қиындықтар артта қалды. Педагог мәртебесі ту­ралы заң қабылданды. Мемлекет басшысы әр жылғы жолдауында ұстаздардың жалақасын өсіруді тапсырады. Бұрын түсіне де кірмейтін жалақы алып, жағдайы оңалып, сананы тұрмыстан ажырата бастаған ұстаздар қауымы енді тек сол қамқорлыққа лайықты жұмыс жасауға тырысып бағуда. Ұстаз алаңсыз еңбек етсе, оның жемісін мемлекет көретіні сөзсіз,- дейді Л.Қайырғалиева.

Үлгілі ұстаз зейнетке шықса да жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өз үлесін қосып келеді. Көзінің ағы мен қарасындай қос ұлы, анасының берген тәрбиесін өмірде қолданып, өздері қалаған мамандықтары бой­ынша еңбек етуде.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521