Линотипке тіл бітірген Бағыт Көшербаев

«Жайық шұғыласы» газетінде талай іскер, ізгі жандардың қолтаңбасы қалды

Рас, қазіргі заманда БАҚ саласын интернет, телефон, компьютерсіз елестетудің өзі қиын. Себебі, біздің барлық жұмысымыз осы техникалардың көмегімен іске асырылады. Ал осыдан біраз жыл бұрын яғни компьютер қолданысқа енгенге дейін кітап фабрикалары мен баспаханалардағы ең ғажайып машина - линотип еді. Сол ғажайып машина аудан баспаханасына келіп, қолданысқа енгенде оған алғаш тіл бітірген линотипші Бағыт Көшербай болатын.

1960 жылы мектепті аяқтаған Бағыт ағамыз, совхозда бір жыл егінші қызметін атқарып, кейін әскер қатарына алынады. Ел алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп келген соң, газет саласына қызметке орналасуды ойға алады. Бұл оның бала күнгі арманы да еді. «Малды өңір» газетінің сол уақыттағы бас редакторы Теңдік Жауыровқа жолығып, жұмысқа орналастыруды сұрайды. Жылы шырайлы, кішіпейіл басшы алдына келген бозбалаға алдағы уақытта баспаханаға жаңадан линотип машинасы келетінін айтып, оны үйрену үшін 6 айлық курсқа баруға ұсыныс білдіреді.

b

...Бұл 1965 жыл болатын. Бас редактордың ұсынысын қуана қабыл алып, 6 айлық курсты тәмамдадым. Ең алдымен Индер ауданының баспаханасында болып, кейін 1966 жылы «Малды өңір» газетіне линотип машинасы келіп, қызметімді бастадым. 1970 жылы бас редактордың ұйғарымымен редакцияға корректор болып, жұмысқа қабылдандым. Сол кезде бас редактор Теңдік Жауыровтан бастап, орынбасары Мүтәлі Шәріпов, жауапты-хатшы Мақажан Қабиев, бөлімдерде Мақсот Неталиев, Қырықбай Бекбаев, Данияр Жәрдемов, Күзембай Әміров, Махаббат Ғұмаровтар сынды тіс қаққан мықты облысқа танымал қаламгерлер қызмет етті. Кезінде «кадрлар ұстаханасы» деп аталып кеткен қара шаңырақта қызмет еткен Зұлқарнай Дабылов, Ерсайын Асылалиев, Сейілхан Қайыржанов, Мұрат Аташев, Қабижан Сағиев, Әбутәлі Уапов, Қылышбай Сүндетовтер кейін мемлекеттік орындарда жауапты басшылық жұмыстарды атқарды.

Редакция табалдырығын қатар аттаған Жолдас Дүсіпов, Сейілхан Қайыржанов, Қафиз Мұхтаровтармен ұзақ жыл әріптес болғанымызды атап өткім келеді. Бұл қара шаңырақтан талай таланттар түлеп ұшты. Олардың арасында: Жомарт Шеге Құттыгерей Смадияров, Қадыржан Қазымбекұлы, Тарас Наурызәлі, Дәулетқали Аруев, Темірхан Рамазанов, Мақсот Қуатбаевтарды айтуға болады.

Табан аудармастан қызмет еткен қырық жылында Бағыт ағамыз 4 редактормен әріптес болғанын еске алып, әрбір басшының өзіне тән ерекше қарым-қабілетімен дараланғанын былайша әңгімелейді.

- Мені жұмысқа қабылдаған Теңдік Жауыров мінезге бай, кішіпейіл, ізденімпаз жандардың бірі еді. Ол басшылық еткен кезде тілші-авторларға ерекше көңіл бөлінді. Әрбір совхоз орталығында тілшілер тобы жұмыс жасады. Олардың мақала жазуға деген құштарлығы жоғары болатын. Бір есімде қалғаны, тілші-авторларға 4 түрлі мазмұнда яғни, белсенділерге, жаңадан жазып жүргендерге, сирек жазатындарға және жазып жүріп, жазбай кеткендерге хат жолдайтын едік. Осылайша, олармен кері байланыс орнаттық. Соның нәтижесінде 1970 жылы тілші-авторлармен жұмысты жолға қойғаны үшін «Малды өңір» газеті республикада алғашқылардың бірі болып, Ульянова атындағы Бүкілодақтық бірінші дәрежелі сыйлықты жеңіп алды. Осындай марапатқа ие болғаны үшін редакциямызға су жаңа автокөлік сыйлағаны бар. Теңдік Жауыровтан кейінгі редакторымыз Сайлаубай Тәжбентаев болса жас тілшілерге үлкен қамқорлық жасады. Ол журналистерге еркіндік беріп, оларды үнемі ізденіп жүруге үндейтін. Ал Қырықбай Бекбаев өте білімді, талапшыл әрі тәртіптің адамы еді. Және соңғы редакторым болған Нұрым Ерғалиевпен бір жыл жұмыстас болдым. Оның қаламының сиясы құрғамайтын. Іс-сапардан келген бойда мақаласын түнімен жазып бітіріп, ертесіне қайта кетеді. Әсіресе, есеп беру жиналыстарында өзі жүретін, - деп еске алады ол.

bagyt-aga28064

1977-1982 жж. Алматы жоғарғы партия мектебін журналистика мамандығы бойынша бітірген Бақыт Көшербай 2005 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы лауазымын атқарған. Ол 1970 жылы "Лениннің 100 жылдығы" медалімен, бертін келе ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің, Мәдениет қызметкерлері кәсіподақтары республикалық комитетінің "Құрмет" грамоталарымен марапатталған. 1966 жылы отбасын құрып, бүгінде 1 ұл, 6 қызынан 5 немере, 3 шөбере, жиендер сүйіп отырған бақытты отбасылардың бірі.

- Редакция бізді тәрбиеледі. Тұла бойымдағы қандай да бір жақсы қасиет болса, оны осы редакциядан қалыптастырдым деп айта аламын. Теңдік Жауыров бізге: «Журналист көзі қырағы көргіш, құлағы түрік сергек, сезімтал, аңғарғыш, кішіпейіл және ең бастысы әділ болуы» керек дегенді айтудан танбайтын. Осы бір сөзі әлі есімнен кетпейді. Иә, біз осы прициппен өсіп-жетілдік, - дейді байырғы журналист Бағыт Көшербаев.

Рас, газет шығару ісінінің өткені мен бүгінінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Бүгінгі жұмыстардың басым көпшілігі компьютердің көмегімен жүзеге асса, бұрын барлық жұмыстар адамның маңдай тері мен білек күшімен атқарылды. Олар барлық күш-жігерін, уақытын, ұйқысыз түндерін осы жолда сарп етті. Олай болса, нағыз еңбек сіздердікі, қымбатты газет пен баспахананың байырғы қызметкерлері!!!

Балнұр САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT