Құрметті баспасөз қызметкерлері және сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – 28 маусым баспасөз саласы қызметкерлерінің мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Техниканың озық үлгілерінің дамыған заманында интернет байланысы, баспасөз басылымдары халықты қажетті ақпаратпен толық қамтамасыз етіп отыр.
Ауданымыздың айнасы, рухани шамшырағы «Жайық шұғыласы» газетінде аудан көлемінде болып жатқан саяси-мерекелік шаралар мен игілікті істердің еш кідіріссіз жарық көруі тұрғындарды ерекше ықыласқа бөлейді. Ақпарат саласындағы жаңа технологияларды жетік меңгеріп, уақыт ағымынан қалмай, халыққа заманауи әрі сапалы қызмет ұсынып отырған байланыс саласы қызметкерлерінің де қоғамдағы орны ерекше.
Ауданымыздың тілшілер қауымы да қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқаруда. Сіздер арқылы аудан халқы тың жаңалықтар мен қажетті ақпарат алады. Еліміздің татулығы мен тұрақтылығының өрістеп-өрлеуінің қарқынын паш ететін журналистер қашанда құрметке лайық.
Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтап, дендеріңізге саулық, мәнді де мағыналы ғұмыр, отбасы амандығын, ырыс-берекесін тілеймін. Қашанда қаламдарыңыз мұқалмай, шығармашылықтың шыңына өрлей бергейсіздер!
Ж.АХМЕТОВ,
аудан әкімі