Арманы асқақ - Армангүл

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген халқымыз ежелден табиғатты қастерлеп, оны келешек ұрпаққа аманат еткен.

 Сол аманатты арқалаған бүгінгі ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығы көңіл қуантады.

Әлбетте, бала бойындағы ізгі қасиеттер отбасындағы тәрбиеден бастау алатыны белгілі. Сондай үлгілі отбасында өсіп-өніп, «қоғамға пайдамды тигізсем» деген бастамасымен ерекше көзге түскен Армангүл Қуангерейдің жетісіті туралы айтсақ дейміз. 

Естеріңізде болса, газетіміздің тамыз айында жарық көрген сандарының бірінде облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсының қорытындысы туралы жазған болатынбыз.

Аталған конкурстың бизнес, мәдениет, медиа, ғылым, ақпараттық технологиялар және волонтерлік сынды бірнеше бағыттары бойынша жеңімпаз атанып, 1  млн. теңгеден қаржылай қолдауға ие болған 18 жастың арасында жерлестеріміз Бексұлтан Маратұлы мен Армангүл Қуангерей де болған.

Еліміздегі 14 және 35 жас аралығындағы белсенді, шығармашыл жастардың жаңа идеялар мен тың бастамаларын мемлекеттік қолдау мақсатында  осымен төртінші жыл қатарынан өткізліп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсына биыл Атырау өңірі бойынша 325 өтінім түсіп, оның 120-сы комиссия қарауына жіберілген болатын.

Солардың арасынан оқ бойы озық шыққандар қатарында   Д.Төленов атындағы жалпы білім беретін орта  мектебінің 10 сынып оқушысы Армангүл Қуангерей болды. 

Ол өздеріңіз білетін 2018 жылдан бері ауданда мүгедектігі бар жандарды спортқа баулу мақсатында еңбек етіп келе жатқан «Ер жүректілер» спорт клубының негізін қалаушы Мұхадия Қуангерей мен Гүлден Утебалиеваның отбасындағы 5 баланың тұңғышы. Ата-анасының үмітін арқалаған Армангүл мектептің қоғамдық жұмыстарына белсенді араласады әрі  оқу екпіндісі.

Ал спортта тоғызқұмалақтан облыстан чемпион атағын алған.

Алға қойған арманы асқақ Армангүл бізге жобасы жайлы айтып берді. 
- Бұл конкурс туралы, оған қатысу шарттары жөнінде анам түсіндіріп берді. Әкем мен анамның қолдауымен бірлесіп «Таза ауыл – Таза аймақ» атты жоба дайындап, жолдадық.  

Көптің ішінен жобам үздік шығып әрі конкурстың ең жас қатысушысы болып танылдым. Конкурстың шартына сәйкес, волонтерлік бағыты бойынша дайындалған жобам – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға тарту, оларды пайдалы іске жұмылдыруды көздейді. Жоба аясында  мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерікті жастармен бірлесіп аудан орталығындағы жасыл белдеу аумағына 30 тал отырғыздық. Алдағы уақытта бұл талдарды күтіп-баптау жұмыстарын да сол азаматтармен бірлесіп атқаратын боламыз, - дейді Армангүл Мұхадияқызы.

Инновациялық идеяларға қолдау көрсетіп, белсенді әрі шығармашыл буынды қалыптастыруға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсы жастарға білім беріп қана қоймай, оларды қоғамға пайдалы істерге ынталандыруда. 


Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT