Ел мерейін асырған білімді жастар

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, олардың білім жолындағы зор еңбегін жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, әрбір медаль – тынымсыз ізденістің, маңдай тердің және табанды дайындықтың жемісі.

Бұл – еліміздегі білім сапасының жоғары екенін, сондай-ақ жастарымыздың әлемдік деңгейде ел намысын лайықты қорғап жүргенін айқын көрсетеді. 
Президент айтқандай, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, білімге деген ұмытылысы мен еңбекқорлығының арқасында жоғары жетістікке жеткен оқушыларымыз ауданымызда да аз емес. 

Солардың қатарында биылғы ҰБТ-да Махамбет ауданының түлегі, 137 балл иегері атанған Саламат Жайғали көпшілікке үлгі болып отыр. Облыс бойынша ең алдыңғы қатардан көрінген оқушымыз жуырда Алматы қаласындағы С.Димерел атындағы университеттің Ақпараттық технологиялар факультетіне мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылданды. Бұл – ата-ана үшін де, ұстаздар қауымы үшін зор мақтаныш.

Сонымен қатар, Саламаттың әр жылдары   “Алтын түлек” облыстық, республикалық математикалық олимпиасында, “ Менің шағын Отаным” жас тарихшылар сайысының облыстық, республикалық кезеңіне қатысып жүлде еншілегенін, 2024-2025 жылдары “Ауыл мектептері олимпиадасының” информатика пәнінен республикалық кезеңінің 2 дүркін  ІІІ орын иегері атанғанын да айтпай өтуге болмас.

Осындай жастардың табыстары – еліміздің болашағына деген сенімді күшейтеді. Білім бәйгесінде оза шапқан әрбір жеңімпаз – Қазақстанның жарқын келешегінің кепілі.

Замзагүл Бектемирова, 
Жалғансай орта мектебінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT