Кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігіне салғырт қарамаса...

АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ СОҢҒЫ ЕКІ АЙДАҒЫ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША АУДАН КӨЛЕМІНДЕ ӨРТКЕ ЖАТПАЙТЫН ЖАНУ БОЙЫНША 10 ФАКТ ТІРКЕЛГЕН. АЛ, ҮЛКЕН АУМАҚТЫ ҚАМТИТЫН ӨРТ ОҚИҒАСЫ СӘУІР АЙЫНЫҢ ІШІНДЕ АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА ОРЫН АЛҒАН БОЛАТЫН. «ДОС» АЗЫҚ-ТҮЛІК ДҮКЕНІНЕН ӨРТ ШЫҒЫП, ҒИМАРАТТЫҢ ТӨБЕ ЖАБЫНДЫСЫ, ҚОЙМАСЫ ТҮГЕЛ ЖАНЫП КЕТКЕН ЕДІ. АБЫРОЙ БОЛҒАНДА МАМАНДАР ӨРТТІ ЖЕДЕЛ АУЫЗДЫҚТАП, АЙНАЛАСЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ЗАЛАЛ КЕЛГЕН ЖОҚ, АДАМ ШЫҒЫНЫ БОЛҒАН ЖОҚ.

Алайда, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы осындай кәсіпкерлік нысандардағы оқыс оқиғаға алып келеді. Одан бөлек еш кінәсіз тұрғындардың баспанасы­на қауіп төндіреді. Елімізде жеке кәсіпкерлерді тексеруге мораторий­мен тыйым салғалы, жоспарлы да, жоспардан тыс та тексерістер болып жатқан жоқ. Демек, кәсіпкерлік субъектілер өрт қауіпсіздігі ережесін талапқа сай сақтап отыр ма, жоқ па белгісіз.

Махамбет аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бақтыбек Қалыбайұлы соңғы жылда­ры заңның қатаң талаптарына сәйкес тексеріске шықпаймыз деп отыр.

- Жуырда ғана ауданымызда тіркелген кәсіпкерлік нысандағы өрт фактісі басшы ретінде біздің де назарымызда болды. Өрттің салда­рын анықтау барысында қауіпсіздік шараларының қаралмағаны да анықталып отыр. Сонымен қатар биылғы жылы даладағы қоқыс полигонындағы өрт мәселесі де өршіп тұр. Жыл басынан бері бұл аймақта үш мәрте біздің мамандар өрт сөндіру жұмыстарын атқарды. Қауіпсіздік шаралары қадағаланбаса, біз де тиісті шараларды атқаруға мәжбүрміз дейді, - бөлім басшысы, азаматтық қорғау майоры Б.Төлегенов.

Бүгінде аудан орталығында жаңа кәсіпкерлік нысандардың саны күн санап артып келе жатыр. Оның ішінде фаст-фуд өнімдерін дайын­дап сататын дүңгіршіктер де бар. Әлбетте, сауданың жақсы жүруі үшін олар да адам көп жүретін қоғамдық орындарда, орталық көшелер бойын­да орналасқан. Бірақ газ баллонымен, электрлі пештермен жұмыс жасап отырған олардың ғимаратында, сату нүктесінде қандай өрт қауіпсіздігі ережесі сақталып жатыр? Тілсіз жау кез келген сәтте тұтанып кетсе қызметкерлер мен тұрғындарға зиян келтірмесіне кім кепіл? Бұл мәселеде төтеншеліктер тексеріс жүргізе алмаса, аудандық әкімдіктен қандай шара қолданылады деп құрылыс бөліміне де хабарласып көрдік. Ондағы жауапты мамандар жеке ғимарат салуға рұқсат бере отырып жобадан қауіпсіздік талап­тарын сақтауын қадағалайтынын айтты. Ал, кәсіпкерлік нысандардың эскиздік жобасы. Ондағы авариялық шығу есіктері секілді қатаң та­лаптар онлайн түрде мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы арқылы бақыланатын болып шықты. Түйткілді мәселенің түйіні – кәсіпкерлер қоршаған ортаға, бірінші кезекте өз бизнесіне зиянын тигізбеуді ойласа, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауы тиіс. Ауданда орын алған сол бір оқиғаның өзі кәсібі бар көп адамға сабақ болған секілді. Апат айтып келмейді, әйтсе де, алдын алуға болады.

Ал, қайта-қайта жанып жатқан қоқыс полигонына келер болсақ, сенімгерлік басқаруға алып жатырған жаңа мердігер «Серік Астана» ЖШС-нің басшысы Айза­да Есенбаева аумақта қауіпсіздік шараларын күшейту үшін әзірге күзетшілерді жұмысқа алып жатқанын айтты. Бақылау камерасы мен су толтырылған цистерналар қоюға мүмкіндік болмаса да, өрт жағдайында алдын алу үшін су тасушы көлік дайын деп отыр. Ме­кеме басшысы осы бір айдың ішінде тіркелген өрт фактісінен кейін төтеншеліктермен бірлесе жұмыс жасайтынын айтты.

Жалпы, өрт болған аумақта оның деңгейіне, материалдық шығынына қарай өрт немесе өртке жатпайтын бықсып жану деп баға беріледі. Әзірге аудан бойыша осы өртке жат­пайтын бықсып жану фактілері жиі кездесіп отыр. Оның салдары көбіне сол электр желілерінің қысқаша тұйықталуы секілді қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан шығып жатады. Егер оқиға орнында мамандар тарапынан өрт қауіпсіздігі талаптары орындалмағаны анықтал- са, ҚР ӘҚБ Кодексінің 336, 410. 367 баптары бойынша айыппұл салы­нады. Оның мөлшері жеке тұлғалар үшін 5 МРП-дан басталады.

Бүгінде ауданымыздағы №11 өрт сөндіру бөлімінде төрт қарауыл ауысыммен жұмыс жасайды. Бөлімге төрт өрт сөндіру машинасы, авариялық құтқару көлігі, жедел қимылдау автоцистернасы және жол талғамайтын Трекол автокөлігі берілген. Азаматтық қорғау заңына сәйкес дала өрті болған жағдайда ең алдымен жергілікті атқарушы билік арнайы цистерналардың және еріктілердің көмегімен ауыздықтауы тиіс. Ал, аумағы ұлғайып бара жат­са, қосымша көмекке өрт сөндіру қызметінің мамандарын шақыра алады. Сол секілді орман өрті кезінде де орман шаруашылығы мамандары алғашқы әрекетке көшуі керек. Бірақ өрт –тілсіз жау деп бекер айтпаған. Адамдардың өміріне, табиғатқа зи­янын тигізетін қаупі болғандықтан төтеншеліктер де аудан аумағында жедел қызмет етуге әркез дайын екенін жеткізді.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT