ЕЛІМІЗДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН КҮЗЕТУ ЖОЛЫНДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН. ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕКТІ ТАЛАП ЕТЕТІН МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА БІЗ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ АЛЕКЕСОВ НҰРБОЛАТ ДЮСЕНБАЙҰЛЫМЕН СҰХБАТТАСҚАН БОЛАТЫНБЫЗ.
- Нұрболат Дюсенбайұлы, алдымен аудандық полиция бөлімінің жалпы құрылымы мен негізгі міндеттері туралы айтып өтсеңіз?
- Махамбет ауданы полиция бөлімінің әкімшілік ғимараты 1967 жылы тұрғызылған, 2 қабатты, сол уақыттан бастап аудандық ішкі істер бөліміне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 30 қазанында Атырау облысы әкімі С.Ж.Шәпкеновтің Махамбет ауданына жұмыс сапары барысында құрылыс объектілерін аралау кезінде аудандық полиция бөліміне жаңа ғимарат салу мәселесін жан-жақты зерделеп, жобалау жұмысын ұйымдастыру тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта Махамбет ауылдық округі аймағынан жер учаскесі бөлініп, құрылысын салу мақсатында жобалық – сметалық құжаттамасы жасалуда.
Штат бойынша 95 аттестациядан өткен бірлік бар. Оның ішінде 73 офицерлік құрам және 22 сержанттық құрам. Бос лауазым бойынша 11 бірлік бар.
- Құрылымдарына келетін болсақ, кезекші бөлім, тергеу, анықтау тобы, криминалдық, жергілікті және әкімшілік полиция бөлімшелері, көші- қон қызметі мен патрульдік полиция қызметі, штаб, кадр, ақпараттық және байланыс топтары қызмет атқарады. Әр саланың өздеріне жүктелген функционалдық міндеттері бар. Алайда, барлығының мақсаты бір, ол, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстың ізін суытпай ашу, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, жол – көлік оқиғаларының алдын алу болып табылады.
- «Заң және тәртіп қағидаты» Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Осы қағидатты іске асыруда бөлімнің атқарып жатқан нақты шаралары қандай?
- «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында бірқатар іс- шаралар ұйымдастырылуда. Қоғамдық орындарда және көше қылмысын болдырмау үшін күнделікті ауыл ішінде авто және жаяу патрульдеу орналастырылды. Жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқық бұзушылық профилактикасы тақырыбында жиын, кездесулер жүргізілді. Өзекті мәселелердің бірі интернет – алаяқтық, есірткі, отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы қылмыстар туралы және басқа да құқық бұзушылықтарды қамтитын бейнероликтер мен жадынамалар дайындалып, көшелерде орналасқан лэд экрандарға және әлеуметтік желілерге жарияланды. Жол көлік оқиғаларының алдын алу үшін «Мас жүргізуші-қылмыскер», «Қауіпсіз жол» шаралары мезгіл сайын өтуде. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнату үшін бөлім бастығы және оның орынбасарлары азаматтарды қабылдауды күнделікті жүргізеді. Сонымен қатар «Жолда қабылдау» акциясы да ұйымдастырылуда.
- Аудан бойынша қылмыс деңгейі туралы статистикаға тоқталып өтсеңіз? Қай бағытта төмендеу/өсу байқалады?
- Бүгінгі күннің көрсеткіштерімен қарайтын болсақ, ауданымызда қылмыстың тіркелу деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда өсім бар. Себебі биыл интернет – алаяқтық көбейіп отыр.
- Қоғам назарын аударған осы алаяқтық әрекеттің құрбанына айналғандар санын нақты айта аласыз ба?
- Бұрын меншікке қарсы қылмыстардың ішінде алаяқтық, соның ішінде интернет-алаяқтық қылмыстары сирек кездесетін. Алайда, жаңа технологиялардың дамуы мен ғаламтор кеңістігінің жетілуі негізінде, соңғы жылдары интернет-алаяқтық қылмыстары қарқынды өсуде.
Интернет-алаяқтықтың көп кездесетін түрі онлайн несиелер рәсімдеу, интернет парақшасында автокөліктің қосалқы бөлшектерін сату, сонымен қатар, «Instagram, Facebook, Telegram, Вконтакте және Olx» интернет парақшаларында әртүрлі киім-кешек сату, тағы да басқа жарнамалар шығарып, алдау болып отыр. Қазіргі уақытта интернет – алаяқтық бойынша 9 қылмыс тіркелген.
Интернет-алаяқтыққа қарсы іс- қимыл бойынша жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында ақпараттық технологияларды қолданып жасалған қылмыстарды ашу және тергеу бойынша қылмыстарға қарсы іс-қимылдың проблемалық мәселелерін зерделеу бойынша аудан көлемінде жүйелі жұмыс жүргізілуде.
- Заман талабына сай полиция қызметінде қандай жаңа технологиялар қолданылуда?
- Бүгінгі күні бөлім қызметкерлерінің құрал-жабдықтары толықтай жаңартылды. Олар радиобайланыс құралдары, электронды хаттама толтыру үшін ақпараттық базамен қосылған планшеттер және смарт бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Қылмыстық істер бойынша жауап алу процесі электронды түрде, бейнебақылау камерасы қосылған арнайы жабдықталған кабинеттерде жүзеге асырылады. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі енгізген заманауи басқарушылық шешімдер, цифрландыру және озық халықаралық тәжірибені енгізу бойынша, Заң және тәртіп қағидатын іске асыруда қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған жобалар талқылануда. Алдағы уақытта іске асыру жұмыстары жүргізілмек.
- Қызметкерлерді іріктеу, даярлау, қайта оқыту қалай ұйымдастырылған?
- Аттестатталған, Ішкі істер органдарының қызметкерлері 3 жыл сайын міндетті аттестаттау комиссиясынан өтеді. Комиссиядан өту үшін олар ҚР заңдары бойынша тесті, дене шынықтыру және ату даярлығынан сынақ тапсырып, соңында департамент басшылығымен әңгімелесуден өтеді. Әр жыл сайын сыныптық біліктілігін анықтау үшін де осындай сынақтар тапсырады. Қызметкерлер Ішкі Істер министрлігінің Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе қалаларында орналасқан академияларына біліктілікті арттыру курсынан өту үшін тақырыбы мен жұмыс өтіліне қарай жолданады.
- Қоғамның тыныштығын күзетіп, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын учаскелік инспекторлар- дың жұмысына тоқталып өтсек. Ауданда қанша учаскелік инспектор бар, оларға жүктелетін негізгі міндеттер?
- Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінде 9 ауылдық округке бөлінген 17 учаскелік полиция инспекторлары және 2 учаскелік полиция инспекторларының көмекшісі бар. Учаскелік полиция инспекторлары өзіне бекітілген әкімшілік аймақта халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарады. Олар халықпен тығыз сенімгерлік қатынастар орнату, тұрғындармен проблемалық мәселелерді талқылау, интернет-алаяқтықтардың, есірткі қылмыстарының алдын алу, тұрмыстық және профилактикалық жұмыстары бойынша хабардарлық деңгейін арттыру, келіп түскен арыз- шағымдарды талқылау және шешім қабылдау әрекеттерін жүзеге асырады. Жергілікті әкімдіктермен келісе отырып, учаскелік полиция инспекторлары тоқсан сайын халық алдында есептік кездесулер өткізеді.
- Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықпен күрес – өзекті мәселенің бірі. Бұл бағытта орын алған құқық бұзушылықтар саны және онымен күрес қалай жүруде?
- Аудан бойынша кәмелетке толмағандармен ұрып-соғу фактісі орын алып, 1 қылмыстық іс тіркелді. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу және профилактикасы, оның ішінде білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, қоғамдық орындарда және көшелерде бұзақылықтың, сондай- ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Жасөспірім және жауапкершілік», «Каникул», «Жаз», «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шаралары мезгіл сайын ұйымдастырылуда. Ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторлары білім беру ұйымдарында әртүрлі тақырыптарда, резонанстық мәселелерді қамти отырып, түсінік жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыстар жаз айларында әлеуметтік желілерді, ата-аналар чаттарын пайдалана отырып, жүзеге асырылады.
- Мерекеге орай әріптестеріңізге айтар жылы лебізіңіз?
- Қоғамдық тыныштық пен халықтың қауіпсіздігі – бұл полицияның негізгі мақсаты. Осы жолда аянбай еңбек етіп, жанқиярлық әрекеттер жасап жүрген қызметкерлер де жетерлік. Олар тәулік пен мезгілді талғамай Отан үшін қызмет етеді және заң атымен сөйлейді. Сондықтан әріптестеріме қайсар рух, мықты денсаулық, отбасына амандық тілеймін. Елдің сенімі мен құрметіне лайықты қызмет атқарайық. Еліміз аман, қызметіміз ардақты, абыройлы болсын!
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Б.САПАРОВА