АТЫРАУЛЫҚ СТУДЕНТТЕР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖАРЫСТАРДА ТАБЫСТЫ ӨНЕР КӨРСЕТТІ. МАУСЫМ АЙЫ АТЫРАУ ӨҢІРІНІҢ ЖАС ФУТБОЛШЫЛАРЫ ҮШІН ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ. ТҮРКІСТАН, АСТАНА ЖӘНЕ АТЫРАУ ҚАЛАЛАРЫНДА ӨТКЕН ӘРТҮРЛІ ДЕҢГЕЙДЕГІ ТУРНИРЛЕРДЕ БІЗДІҢ КОМАНДАЛАР ШЕБЕРЛІКТЕРІН ДӘЛЕЛДЕП, ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРДЫ ИЕЛЕНДІ.
СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕГІ – УНИВЕРСИАДА ЖҮЛДЕГЕРІ
8-13 маусым аралығында Түркістан қаласында футзалдан XIII жазғы универсиада өтті. Жоғары оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастырылған бұл айтулы бәсекеде ел бойынша 40- қа жуық команда бақ сынасты. Қатысушылардың қатарында кәсіби футзал клубтары мен жастар құрамасының ойыншылары да болды.
Осы додада Атырау облысының иатынан сынға түскен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің студенттері сәтті өнер көрсетіп, үшінші орын үшін болған тартысты кездесуде А.Құнанбайұлы атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің командасынан басым түсті.
Атыраулық құраманың қатарында өнер көрсеткен Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Медет Сайын ерекше ойын өрнегімен көзге түсті. Оның алаңдағы белсенділігі мен шеберлігі ауыл спорт мектебінен түлеп ұшқан жас дарындардың болашағы зор екенін дәлелдеді.
ОЙЫНШЫЛАР ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАҒАН БІРІНШІЛІК
1-5 маусым күндері Астана қаласында футболдан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. 30-ға жуық команда қатысқан бұл турнирде Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің командасы лайықты ойын көрсетті.
Топтық кезеңнен сүрінбей өткен жерлестеріміз плэй-офф кезеңіне дейін жетіп, шын мықтылардың қатарынан табылды. Жоғары деңгейдегі жарыста мол тәжірибе жинаған жас футболшылар көп ұзамай Астана қалалық футбол лигасына да қатысып, 7х7 форматындағы турнирде күміс медальға ие болды.
Оларды жарысқа дайындаған жаттықтырушылар: А.Идрисов, Ш.Муханғалиев, Д.Ғабдолажан, А.Алдешов. Жарыс жолындағы барлық шығынға ата-аналар мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі қолдау білдірді. Бұл — ұрпақ болашағына бірге жауапкершілікпен қараудың жарқын үлгісі.
ҚОЛА ЖҮЛДЕНІ ҚАНЖЫҒАЛАДЫ
13-15 маусым күндері Атырау қаласында 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында «Мұнайшы-2025» облыстық шағын футбол турнирі ұйымдастырылды. Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің командасы бұл турнирде де жоғары нәтиже көрсетіп, 10 команда ішінен III орынға тұрақтады.
Жүлдегерлер кубокпен, медальмен және дипломдармен марапатталды. Ал турнирдің «Үздік шабуылшысы» атағына аудан намысын қорғаған Санжар Ғибатолла лайық деп танылды. Бұл – жас спортшылардың қажырлы еңбегі мен жаттықтырушылар мен ата- аналардың бірлескен қолдауының жемісі.
Ауыл спорты – ұлт болашағының іргетасы. Атырау облысының жас футболшылары биылғы маусымды жемісті бастады. Олардың жарқын өнері ертеңгі күнге деген сенімімізді арттыра түседі. Спортты серік еткен өрендерге тек сәттілік пен жаңа жеңістер тілейміз!
Қ.АЙТҚАЛИЕВ