КӘСІП ТҮБІ – НӘСІП

2020 жылы аудан орталығында ашылған «Аруна» сұлулық салоны белгілі себептерге байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Енді міне, араға төрт жыл салып сұлулық салонының жұмысы қайта жанданды. Салонның иесі – көп балалы ана Дильмира Ғарифолла Болатқызы.

28 жастағы жас кәсіпкер Диль­мира бастапқыда шаштараз қызметін ұсынса, кейін визажист мамандығын меңгереді. Биылғы жылы «Бастау бизнес» курсын тәмамдаған ол жаңа бизнес идеясын іске асыру үшін жоба дайындайды. Оны сәтті қорғап, 400 АЕК мемлекеттік қайтарымсыз гранттың иегері атанды.

– Сән әлеміне көңілім ауған сәтте ең алғаш әртүрлі шаш үлгілеріне қызықтым. Қызығушылығым кәсіп бастауға жол ашты. Мақсатқа жету үшін тыңбай еңбек етіп, тәжірибе жи­надым. Сол азды-көпті тәжірибемнің нәтижесінде жобамды сәтті қорғап, жеке кәсібімді қайта жанданды­рып отырмын. Грант қаржысына салонға қажетті барлық құрал- жабдықтарды сатып алдым. Осы тұста, аудандық «Мансап» және Жа­стар ресурстық орталығы маманда­рына үлкен алғысымды білдіремін. Ендігі мақсатым – мамандарым­мен мақтана алатындай, аудандағы алдыңғы қатардағы сұлулық салоны деген дәрежеге жеткізгім келеді, – дейді ол.

Айта кетейік, мұнда кәсіби білікті мамандар жұмыс жасайды. Олар маникюр, шаш сәндеу, қас-кірпікті әсемдеу секілді қызметтер көрсетеді. Оған қоса, ерлер, әйелдер және балалардың шаш қиюымен, бет әрлеу қызметтері де бар. Бір жұмыссыз жас маманды қас-кірпікті әсемдеу бой­ынша оқытып, жұмыспен қамтып отыр.

Сұлулық салонының салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысқан Ма­хамбет ауылдық округінің әкімі Нұрлан Сапаров нысанның лен­тасын қиып, жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. Аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев ауда­нымызда кәсіпкерлікке ден қойған жастарымыздың саны артып келе жатқанын атап өтті.

Кәсібінің нәсібін көруді көздеген Дильмираның ісі оң болып, «Аруна» сұлулық салоны көптің көңілінен шығатынына сенімдіміз.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT