Махамбет аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Атырау облысы Махамбет ауданының Махамбет аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы аудан мектептерін аралап, оқушылармен кездесу өткізді. «Ғаламтордағы жаман тордан сақтан, жас ұрпақ!» деп аталатын кездесудің басты мақсаты – жастарды әлеуметтік желінің арбауынан сақтандырып, жат ағымның, алаяқтық пен қылмыстың құрығынан қорғау болды. Жасөспірім кезең, яғни 8-11 сынып аралығындағы оқушыларды, ата-аналары мен ұстаздарды қамтыған шараға ақпараттық топтың тұрақты өкілдері қатысып, пайдалы кеңестермен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді. Бүгінгі қоғамда дін тақырыбы төңірегіндегі өзекті сауалдар жас пен кәрінің көкейінде жоқ емес. Дін мен дәстүрді бір-бірінен алшақтатпай, ұрпақ тәрбиесінде тең дәрежеде ұстау да өзекті мәселеге айналып отыр. Осы ретте ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, «Жәрдем- Атырау» корпоративтік қорының теолог маманы Нұрбек Ибайдуллаев та жастар мен ата-аналарға бірқатар ғибратты мысалдарды келтіріп, кеңестерін айтты.
Сарайшық ауылдық округінің Қ.Қарашаұлы атындағы орта мектептен басталып, Жалғансай ауылы, Қ.Қалыбеков атындағы Сартоғай орта мектептерінде жалғасын тапқан кездесуге теолог маманнан бөлек, Махамбет аудандық полиция бөлімінің криминалистік тобының жедел уәкілі, полиция майоры Ерлан Зинелғабитов, Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлфайруз Төлегенова, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ж.Мұғауова және БАҚ өкілдері қатысты.
Кәмелетке толмағандар арасында діни экстремизм мен терроризм көріністерінің себептерін жою не әлсірету (немесе бейтараптандыру) тақырыбында теолог маман Н.Ибадуллаев өз пікірін білдірді.
Ғаламтор арқылы әртүрлі діни-экстремистік ұйымдар мен ағымдардың құрығына ілініп қалып жатқан жастар өте көп. Яғни, кез келген дін атын жамылған парақшаларға, пабликтерге тіркеліп, олардың посттарын көшіріп алып таратып, достарыңа үгіт-насихат жүргізуге болмайды. Расында, қазір әлеуметтік желіні жарыса пайдаланатын жастар имамдар мен ұстаздардан асып діни уағыз айтып, кітаппен дәлелі келтірілмеген, қасиетті Құран Кәрімде жазылмаған ескертпелерді насихаттап жүргендер бар. Ғаламторды пайдаланудың өз мәдениеті бар. Әсіресе, арам пиғылын жүзеге асырғысы келетін топтардың негізгі қолшоқпары да осы ғаламтор мен телефон болып отыр. Балаларды айтпағанда, үлкендердің өзін шырмауына түсіріп жатқан әлеуметтік желілердің де зиянды тұсы жетерлік. Ең алдымен ол адам баласына берілген ең үлкен нығмет – бос уақытыңды алады. Шыны керек, телефонмен таң атырып, телефонмен тамақтанып, телефон қарап ұйқыға жатамыз. Алтын уақытымызды пайдасыз дүниеге текке кетіреміз. Мұның салдары екінші үлкен нығмет – денсаулықты құртуға алып келеді. Жағымсыз жаңалықтарды жиі көру, 24/7 ұялы телефонды ұстап жүру, жүрекке, миға, есте сақтау қабілетіне әсер етеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Екі нығмет бар, көпшілік адам сол екі нығметтің қадірін білмейді: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт» деп айтып, бұл нығметтерді аманаттап кетті. Өйткені Алла Тағала «Тәкәсур» сүресінің 8-ші аятында: «Әлбетте, ол күні (өздеріңе берілген) әрбір нығметтің есебін бересіңдер» - деп уәде етті. Сондықтан да мұсылман қандай жағдайда болмасын өзінің Алланың құлы екендігін ұмытпастан нығмет ретінде берілген денсаулық пен бос уақытты тиімді өткізуі керек. Кітап оқыңыздар, спортпен шұғылданыңыз, ата-анаңызға қолғабыс етіп, тіл үйреніп, білім алыңыз. Ислам дінінің негізгі түп тамыры сізді тек құлшылық етуге ғана емес, білім алуға, ғылымды зерттеуге, қоршаған орта мен табиғаттың тылсымын түсінуге шақырады. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қиямет күні төрт нәрседен сұралмай пенденің аяғы ілгері жылжымайды: Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал, дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі». Міне, сіздердің өмірлеріңіздегі ең жауапты кезең осы - жастық шақ болмақ. Үлкендер кейде жастықпен шалыс басып, опық жегенін жиі айтып отырады. Біздің бүгінгідей шараға келу мақсатымыз да осы сіздердей жасөспірім кезеңге қадам басқан оқушылардың көкірек көзін ашу,- деп бас имам Нұрбек Махмудұлы жастарға жақсы үндеу жолдады. Кездесуде теолог маманның тарапына қойылған сұрақтардың басым бөлігі мектеп жасындағы балалардың ораза ұстауы мәселесінде болды. Ұстаздар тарапынан «оқушылар Рамазан айында ораза ұстайды, мешітке жиі барады, таңға дейін ояу жүретіндері бар. Есесіне, келесі күні сабақта мұғалімнің алдында есінеп, партада ұйықтайды. Осы қаншалықты дұрыс?» деп бірқатар мектептің ұстаздары осы сауалды қайталап жолдады. Бұл сұраққа теолог маман:
– Ораза – Исламдағы бес парыздың бірі. Біздің елімізде, зайырлы қоғамда ешкімнің ұлтына, дініне шектеу қойылмаған. Бәріне құрметпен қарау ұсынылған. Ал адамның парызының өтелуі – оның Алламен тікелей байланысы. Демек, бұрынғы заманда да мектеп, медресе оқыған ата-бабамыз ораза тұттым деп ешкімге міндет қылмаған. Сабағына уақытылы келіп, ұстазына, айналасына құрмет білдірген. Дінге келу әуелі Алладан, сосын адамның санасынан, жүрегі мен иманынан. Бірақ, діни сенімің сенің өзіңе, сенің айналаңа кесірін тигізбеуі керек. Осыны біліп жүрген абзал,-деп жауап берді.
Махамбет аудандық полиция бөлімінің криминалистік тобының жедел уәкілі, полиция майоры Ерлан Зинелғабитов те жастарға діни көзқарасты ашық білдіріп, тексеріп алмай, оңды-солды таратып, қоғамға қауіп тудыратын әрекеттер жасау қылмыстық жаупкершілікке әкелетінін жеткізді. Демек, кез келген әлеуметтік желіні пайдаланушы адам оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар діни ақпараттарды таратқанда абай болуы керек. Абай болуы былай тұрсын, ҚМДБ-ның ұстаздары, арнайы теолог мамандар болмаса негізінен оларды рұқсатсыз жариялауға да тыйым салынған. Неге? Себебі, ол ақпараттардың астында басқа тілде жазылған жасырын құпия сөз болуы мүмкін немесе сол видеода, фотодағы уағызда дәстүрлі дінге қарама-қайшы түсініктер насихатталуы мүмкін. Ғаламтор арқылы адамдарды торға түсіру деген осы. Өткен жылы Махамбет ауданы бойынша 3 адам осындай әрекеттер үшін заң алдында жауапкершілікке тартылған.
Әлеуметтік желіні, әсіресе, телеграмм каналдарын пайдаланғанда аса сақ болыңыздар. Ақпараттық орталықтың базасында әр адамның ұялы телефондағы нөмірі жеке куәлік арқылы тіркеліп, толығымен тексерістен өтеді. Яғни, сіздердің ғаламтор арқылы қандай сайтқа, қандай күмәнді парақшаға тіркелгеніңіз бәрі анықталады. Телеграмда күн санап артып келе жатқан «закладчиктер», яғни синтетикалық есірткіні тасымалдаушылар өз чаттарын ашып, ұйымдасқан қылмысқа барады. Күн сайын жүздеген канал әшкереленіп, жойылып жатса да, орнына жаңасы ашылуда. Ғаламтордағы осындай топтарға тіркеліп, оңай ақша табамын деген ойдан аулақ болыңыздар. Бәрібір қауіпсіздік комитетінің бақылауымен қылмыскерлер ұзаққа бармай құрықталады. Жас өміріңізді темір тордың артында өткізбеймін десеңіз, ғаламтордан да сақтанып жүріңіз,-деп өз тәжірибесімен бөлісті полиция мойоры Е.Зинелғабитов.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Гүлфайруз Төлегенова да өз сөзінде «жастардың интеллектуалдық ортасын дамыту керек» деген ұсыныс айтты.
– Кітап оқу, дебат өткізу, өзара пікір алмасу бүгінгі жастарға жат дүние болып барады. Қай кезде қарасаң да үлкені мен кішісінің қолында телефон. Олар соның ар жағынан қандай тәлім- тәрбие алып жатыр, кімді тыңдап, кімді үлгі тұтуды біз білмейміз. Бұрынғыдай жыр жаттап, өлең оқып, түрлі қолөнер жасап жарысатын оқушылар өте сирек. Сіздер телефонға көп үңіліп, үлкен өмірге қалай қадам басқаныңызды аңғармай қаласыздар. Ертең-ақ мектеп бітіріп, ата-ананың үмітін ақтайтын жастасыздар. Білімнің жолын қуып, дүниені телефонның ар жағынан емес, көзбен көріп тануға үйренсеңіздер дейміз. Әлемнің ғажайыбы, адамның мүмкіндігі телефонмен шектелмеуі керек. Осы ретте ауданда жастардың дамуына, рухани азық алуына ықпал ететін шаралар жиі ұйымдастырылса, көбейсе,-деген пікір айтты бас маман.
Кездесу одан әрі Ақжайық, Ақтоғай, Есбол, Ортақшыл, Таңдай, Талдыкөл ауылдарында да жалғасын тауып, Д.Төленов атындағы жалпы білім беретін орта мектепке де ат басын бұрдық. Ортақшылда өткен жиында ұйымдастырушылар форматты өзгертіп, кездесуді ойын түрінде өткізді. Оқушыларға да, қатысушыларға да бұл формат өте қызықты болды. Ал, Қызылүй орта мектебінің оқушыларымен кездесуде ақпараттық- түсіндіру тобының өкілдеріне жақсы сұрақтар қойылып, жастар да, ұстаздар да белсенділік танытты.
Аталмыш кездесулерден шыққан түйін: жастар арасында діни наным- сенім бар, бірақ діни сауаттылық жоқ. Бұл ретте ораза ұстау, мектепке хиджап киіп келу мәселесінде екіжақты пікірлер де бар. Сонымен қатар, Сартоғай ауылында бастауыш сынып оқушыларының мектеп ұсынған ыссы тамақтан бас тарту фактілері кездескенін анықтадық. Мемлекеттен арнайы қаражат бөлініп, мектеп асханасында даярланған тағамнан «бұл харам» деген бір ауыз сөзбен бас тартқан бүлдіршіндер расымен-ақ арам мен адалдың ақ-қарасын ажырата алатын жаста ма? Әлде, бұл отбасындағы теріс тәрбиенің ықпалы ма? Мектеп әкімшілігін де бұл сауалдар мазалайтыны жасырын емес. Одан бөлек аудан мектептерінде кибербуллинг мәселесі пайда болғанын бұған дейінгі нөмірлерде анықтап жазғанбыз. Осындай факт тағы да тіркеліп отыр. Бұл жолы барлық мектептердің оқушыларын сырттай келеке етіп, бір-біріне қарсы қоюға бағытталған «анонимді» аккаунт анықталған. Алғашқыда оқушылардың өзі күдіктеніп, кейін полиция бұл дерек бойынша әрекетке көшкен. Жалпы қоғамда, әлемде бар кибербуллинг бізді де айналып өтпесі анық. Себебі, ғаламтор балаларға қолжетімді болып отыр. Әлемде интернет желісін бұғаттау жағынан Солтүстік Корея бірінші орында тұр. Ким Чен Ын басқаруындағы бұл елде ғаламтор желісіне толықтай тыйым салынған. КХДР-да интернет желісін тек ұлттық қауіпсіздік қызметі, ғалымдар және жоғары лауазымды шенеуніктер ғана пайдаланады екен. Жуырда Түркия мемлекеті де 13 жасқа дейінгі балаларға шектеу қою мәселесін талқылап жатыр.
Өткен жылы еліміздегі Үкімет отырысында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай осы сауалды жолдаған еді. Депутат Үкіметтегі отырыстан кейін «2025 жылдан бастап балалар TikTok желісіне ата-ананың рұқсатымен ғана кіру керек деген секілді осындай жоба қарастырылып жатыр. Осының нәтижелі болуын күтеміз. Өйткені онсыз болмайды”» деп мәлімдеді. Әзірге, бұл заң қашан күшіне енері белгісіз. Әйтсе де, балаңыздың телефонын толықтай бақылауға алатын «ата-ана бақылауы» режимін қосып қою заңсыз болып табылмайды. Әсіресе, күні бойы үлкендердің қарауынсыз үйде қалатын жасөспірімдерді бақылау үшін де өте ыңғайлы қосымша. Мұны шет мемлекеттер әлдеқашан пайдаға жаратып кетті десек болады. Тәртіп бар жерде – тәрбие де бар. Балаңыз ғаламтордың торына шырмалып қалмасын десеңіз, бақылауды күшейту артық етпейді. Себебі, сәл шалыс басқан қадам оның болашағына кесірін тигізбесіне кепіл жоқ.
А.САТАЕВА.