«Атыраудың  айрықша символын дәріптеген Ақерке»

Әйгілі Наполеон «Өрке­ниетті әрі білімді ұрпақтың қалыптасқанын қаласаңыздар, бірінші аналарға білім беріңдер» деген екен. Ал жазушы Мұхтар Әуезовтің «ұлт болам десең бесі­гіңді түзе» дегені де, сол бесік­ті тербететін әйелдер рөлімен тіке­лей байланысты. Ендеше,  қай қоғам­да да әйелдің арқалаған жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда әйелдер іскерлігін ілгерілету, ханымдарды кәсіп­керлікке бейімдеу – бүгінгі заманның талабы десек те артық емес.  Әйел заты болмысынан шыдамды, төзімді, алғыр, еңбекқор болып келеді. «Әйелдің – қырық жаны бар» деген қазақтың аталы сөзінің де астары тереңде. Әйел заты нәзік жандылығына қарамастан,  үйдің де, түздің де жұмысына қатар үлгеріп, бала-шағаның, ата-ененің де бабын тауып жатады. Ал, іскер әйелдердің арқалаған жүгі тіптен ауыр. Олар бүтін бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып қана қоймай, бүтін бір кәсіптің тізгінін өз қолдарына алып, дөңгелетіп отырады. 

Өзі іскер, өзі белсенді, еңбекқор сондай жанның бірі, небары 30 жасында Атырау қаласынан балық тағамдарына арналған мейрамханалар желісін ашып үлгерген Ақерке Қалдыбекқызы.  Ақеркемен алғаш аудандардағы іскер әйелдер қауымдастығының кездесуінде танысып, табандылығы мен қарапайымдылығына таң қалдым. Өзі ер түріктің бесігі, киелі Түркістан жерінің тумасы бола тұра, Атырау облысы, Мақат ауданына келін болып түскен.  Батысқа алғаш қадам басқан күннен бұл өлкенің байлығы саналатын балық тағамдарына қызыға бастайды. Жүре-бара  ептілігімен, шеберлігімен Ақерке де балықты ауылдағы жеңгелерден артық пісірмесе, кем дайындамайтын болды. Оның аспаздық шеберлігі алғаш рет ауылда осылай танылып, кейін тапсырыспен сатуға көшеді. 

Ең алғаш келін болып түскенде жалпы батыста, оның ішінде Атырау мен Ақтауда балықты ерекше сүйсініп жейтінін көрдім. Алла тағаланың өзі балықты суда өсетін, дәруменге бай, денсаулыққа пайдалы, халыққа қолжетімді, жеңсік ас етіп жаратқан. Жолдасымның ата-анасы, үлкендердің әңгімесін тыңдасақ, бұрын қызыл балықтың уылдырығына дейін атыраулық әр үйдің дастарханында болған деседі. Қазір, мұның бәрі бір аңызға айналғандай. Бірақ, жолдасым екеуміз осы бір балалықтың дәміне айналған, жеңсік тағамды жергілікті халыққа қолжетімді бағада, заманауи мәзірмен ұсынуды қаладық. Осылайша, алғашқыда үйдегі шағын асханадан басталған тапсырыстар, 15 адамдық тамақтану орынын ашуға жетеледі,-дейді кәсіпкер Ақерке Қалдыбекқызы.

Бастапқы жаңа кәсіптерінде  мемлекеттің де қолдауын көрген олар  2019 жылы «JAS PROJECT» әлеуметтік жобасы аясында 1 миллион теңге гранттың иегері атанады. Осы жобамен әлеуметтік осал топтарға көмектесе жүріп, кәсібін де дөңгелетіп әкеткен келіншек жолдасымен бірге  бүгінде Атыраудағы алғашқы «Balyk bar» атауымен танымал мейрамхананың иесі атанып отыр.

Мен әуел бастан Атыраудың айрықша символы балықты дәріптеп, оның қадірін арттыру арқылы өңірдің ерекшелігін көрсеткім келді. Бізге келген қонақтар Атыраудың балығын аңсап келсе, біз соны лайықты түрде ұсына алсақ мен үшін одан асқан құрмет жоқ. Ұлттық дәстүр мен жергілікті асхананы ұштастыру арқылы біз өз брендімізді қалыптастырып келеміз. Алдағы уақытта осы саланы одан әрі дамытып, басқа қалалардан да Атыраудың дәмін ұсынатын мейрамханалар ашатынымызға сенемін,-дейді Ақерке. Әуел бастан мүлдем басқа салада білім алып, арман қуып жүрген жас қыз, бір күнде батысқа келін атанып, аспаздық салаға бетбұрам деп ойламаса керек. Бірақ, Ақеркенің ізденімпаздығы, жан-жақтылығы оның дәл осы бағытта ас мәзірін ұсынатын қаламызға мейрамхана керектігін ұғындырды. Ол өзінің ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын бағытын таңдап алды.

Студенттік шағым Қ.Тынышбаев атындағы университет қабырғасында өтті. Сол жерде темір жол мамандығына білім алдым.  Дәл сол жерде тағдырым мені екінші жартыммен тоғыстырып, өмірімді түбегейлі өзгертетін жаңа жолға бағыттады. Қазір мен – үш баланың анасы, сүйікті жар болып отырмын. Атырау топырағына табан тіреген күннен бастап бір сәтке де тоқтаған емеспін. Өмірдің әр қиырынан өзімді іздеп, түрлі салаларда бағымды сынап, талмай еңбектеніп, білім жолындағы сапарымды еш үзбедім. Үйде отырып-ақ кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге талпынып, шағын бастамалармен тәжірибе жинадым. Бүгінгі қолға алған кәсібім – сол кездегі кішкентай қадамдарымның жиынтығынан өрбіген үлкен жоба, жүрегімнің түкпірінде ұзақ уақыт бойы пісіп-жетілген арманымның жемісі. Әрине, алғашқы қадам қиынға соқты. Қаржылық қолдау болмағанымен, қасымда үнемі жанашыр болған жолдасымның демеуі күш берді. Сол қолдаудың арқасында шағын бастамадан үлкен іске айналған осы кәсібімізді дамытып, бүгінгі деңгейге жеткіздік.

Бүгінде жылдық айналымы 500 млн-нан асатын «Balyk bar» мейрамханалар желісінде 30-35 адам жұмыспен қамтылған. Әрбір кәсіп бастауға ниетті жанның ойында ең алдымен  “Бұл ісім арқылы халыққа қалай пайда келтіремін?” деген сауал туындайтыны анық. Ақерке мен жолдасының да  кәсіпкерліктегі басты мақсаты – қонақжайлылық дәстүрін ұлықтау. Атыраудың айрықша символы – балықты дәріптеп, оның қадірін арттыру арқылы өңірдің ерекшелігін көрсету.  Қазақ елінің тағамға бай, құнарлы, жергілікті  асханасын шетелдіктерге, қала қонақтарына да таныстыру болып отыр.  Бұл мақсатына бір табан жетіп қалған кәсіпкер жұп алдағы уақытта да осы салада дамып,  жаңа деңгейге жетуге ұмтылуда.  Жас та болса, осындай үлкен арман мақсатпен кәсіп ашқан іскер әйел Ақерке Қалдыбекованың еңбегі мен табысы көпке үлгі боларлықтай.

P.S:

Ақеркемен аяқ асты таныстығымыз оның жергілікті баспасөзге деген қызығушылығын да оятты. «Аудандарды аралап жүріп, халықтың хабаршысына айналған баспа тілішілерінің жұмысына ерекше бағалай бастадым» дейді кейіпкеріміз. Осы ретте «Жайық шұғыласы» газетінің 2025 жылға жазылған  оқырмандары арасынан өзінің «Balyk bar» мейрамханасына екі сертификатты ұтысқа қосуды ұсынды. Халықтың дархан көңілін сыйлаған кәсіпкердің қолын біз де қайтармадық.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT