Президент төрағалағымен Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел дамуы мен бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды. Құрылтайда көтерілген әлеуметтік саясат, өңірлерді дамыту, жастар әлеуетін арттыру, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері қазіргі қоғам үшін өзекті.
Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары әр азаматтың, әр ұйым мен мекеменің қызметін нақты бағдарлайды. Бұл құрылтай отырысы елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісім мен азаматтық белсенділіктің артуына жасалған нақты қадам деп білеміз. Енді Ұлттық құрылтай таратылатын болды.
Сонымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз жұмысын тоқтатады. Оның орнына ел дамуының маңызды мәселелері бойынша тұрақты және кең қоғамдық диалог үшін жаңа платформа ретінде Халық кеңесі құру көзделіп отыр. Бұл жаңа кеңесші алаң болып саналады. Халық кеңесі құрамына 126 адам кіреді. Олардың 42-і этномәдени бірлестіктің, 42-і мәслихат депутаттары болса, тағы 42-і қоғамды ұйым өкілдері. Халық кеңесінің отырысы жылына 1 рет өткізілетін болды.
Қазақстанда Президент тағайындайтын вице-президент институты енгізіледі. Бұрынғы мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылды.
Мемлекет басшысы Конституциялық комиссия құру туралы арнайы жарлыққа қол қойды. Бұл комиссия құрамына 100-ден астам адам кіреді. Комиссия барлық түскен ұсыныстарды зерделегеннен кейін жалпыхалықтық референдум мерзімі белгіленеді.
Сыр елінде өткен құрылтай Қзақстанның саяси реформасындағы маңызды кезең болды. Өйткені, мұнда әлеуметтік-экономикалық мәселелер ғана емес, билік құрылымындағы түбегейлі өзгерістер, басқарудағы қоғамдық диалогтың рөлін күшейту, жаңа мемлекеттік институттарды енгізу талқыланды.
Демек, құрылтай тек қоғамдық іс-шара емес, нақты саяси идеологиялық мазмұнға ие болған институт екенін толық дәлелдеді.
Сейілбек Зұлқашев, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі


