Батыс өңіріне белгілі арқалы ақындар Нұралы Әжіғалиевтің туғанына 85 жыл, Ақұштап Бақтыгерееваның туғанына 80 жыл толуына орай ауданымыздың өнерлі жастары арасында көркемсөз оқушылар байқауы өтті. Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Өнерпаз» мәдениет үйі ұйымдастырған шараға жеті ауылдық округтен қатысушылар ниет білдірген.
Байқаудың басты мақсаты - Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Нұралы Әжіғалиевтің, Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының Кұрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттау, ана тілімізге деген құрметті арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, көркем әдебиет жанрын жандандыру.
Аудандық байқаудың шарты бойынша - 18-35 жас аралығындағы өнерпаздар ғана бағын сынады. Кәсіби мамандар, студенттер, сондай-ақ мектеп мұғалімдеріне байқауға қатысуға тыйым салынды.
Талаптарға тоқталсақ, қатысушылар Нұралы Әжіғалиевтің бір өлеңін, Ақұштап Бақтыгерееваның бір өлеңін және өз қалауы бойынша қазақ поэзиясында өзіндік орны бар бір ақынның өлеңін жатқа оқуы шарт.
Үміткерлер өнерін бағалау кезінде - көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, сахналық киім сәніне баса назар аударылды.
Байқаудың төрелік айтатын әділқазылар алқасында «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы Ербол Идрисов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, зейнеткер ұстаз Лиза Қайырғали, мәдениет үйінің әдіскері Элеонора Файзуллаева болды.
Сахнаға алғашқылардың бірі болып шыққан Ақтоғай ауылынан келген Сансызбай Махамбет есімді қатысушы Н.Әжіғалиевтың «Ешкімге де ұқсамай» атты өлеңімен кеш шымылдығын ашты.
Одан әрі ақынның, «Болып қара», «Айтарым бар», «Күй», «Ақындығымның бастауы», «Қара шалдар, «Елден ерек Құралайым» сынды өлеңдері сахна төрінде мәнерлеп оқылды.
Ақжайықтың ерке ақыны Ақұштап Бақтыгерееваның да адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерге толы жырларын қатысушылар жатқа айтты.
Байқаудың үшінші кезеңінде қатысушылар өз қалауы бойынша қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақындар М.Жұмабаев, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметовалардың шығармашылығынан өлең таңдап оқыды. Поэзияға, толғанысқа толы, көрерменге рухани азық сыйлаған байқаудың қортындысымен әділқазылар Бас жүлдені ақтоғайлық Сансызбай Махамбетке берді. Ақжайықтың тумасы Алмат Бақыбаев 1 орынды, жалғансайлық Сымбат Еркінова 2 орынды, Ортақшылдан келген Дильназ Қайырғали мен Есболдың қатысушысы Бақтыгүл Жолдығалиева - 3 орынды қанжығалады.
А.САТАЕВА