Адамзат тарихында жер бетіндегі тіршілік атаулыға, әсіресе адамдарға ең үлкен қасірет алып келген Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 33 жыл толады. Сол зұлмат жылдардың қайғысын жеңілдететін жалғыз нәрсе - Қазақстан әлемде ядролық сынақ қаруынан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет.
1991 жылдың 29 тамызында әлемнің ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі – Семей ядролық полигонының жабылуы әлем тарихы алдында айтулы оқиға болды. Ұзақ жылдар бойы қасірет шегіп келген қасиетті Семей өңірінің тарихына жаңа парақ болып ашылды. Абай мен Шәкәрімдей ұлы тұлғаларды өмірге әкелген киелі Семей өлкесінде елу жылдың ішінде, яғни 1949- 1989 жылдары аралығында 470 рет атомдық және термоядролық жарылыстар сыналған.
Мамандардың айтуынша, қазақ топырағында сыналған мұндай әрбір термоядролық жарылыс кемінде он мыңдаған жанның өмірін құрбан ететіндей күшке ие болған. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, сол сынақтардың 88-і– ауада, 30-ы–жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Олардың 296-сы Дегелең тауының астында жасалған. 1961-1962 жылдардың ішінде тағы 68 жарылыстың 53-і ашық ауада сыналған.
Белгілі зерттеуші-журналист, жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты кітабында қазақ даласына қасірет шектіріп, мыңдаған адамның өмірін жалмаған сол атом бомбаларының құрылымын былай көрсеткен: Ажал құрылғысының негізгі көзі тротил қоспасы мен гексогеннің өзара қатынасын тең, яғни 1:1 мөлшерінде етіп есептеп сырттан қуат беріп тітіркендіреді. Сол тітіркенудің жылдамдығын секундына 7650 метрге жеткізгенде атом ядросы тізбекті реакцияға түседі екен. Отыз екі түрлі нүктеден бір мезетте атқылап шыққан заряд тізбекті реакция тудырып, ғаламат атомдық жарылыс тудырады. Бір килограмм радийдің ыдырау реакциясы толық аяқталу үшін 1590 жыл керек екен. Тек содан кейін ғана салмағы 0,5 кг қорғасынға айналып тыныш табады.
Ал атом бомбасының тағы бір көзі 1 кг уран 22900 киловатт қуат бөледі екен. Бұларды бейбіт мақсатқа жұмсамаса, жанды-жансыз дүниені әп-сәтте-ақ күлге, тозаңға айналдырады. Яғни ұлы Абайдай данышпан өмірге келген Семей жерінде 50 жыл бойы ажал сепкен 470 (кей деректерде 498 ядролық сынақ өткен) дүркін жарылыстан – 2500 мегатонна энергия бөлінген.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Жапон жеріндегі жарылыста 30 мегатонна, ал Чернобыльдан 100 мегатонна қуат бөлінген екен. Осының өзінен-ақ Семей даласының қандай қасірет шеккенін бағамдауға болады. Мыңдаған адамның өмірін жалмады. Ол ажал әлі де басылған жоқ. Артында мыңдаған жылдарға созылатын қасірет қалдырып кетті.
Деректанушы, белгілі жазушы, Семей қасіретінің куәгері Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты зерттеу кітабында 1949 жылдың 29 тамызында болған алғашқы атом бомбасының сол өңірге әкелген зардабын былайша суреттейтіні бар: «Бомба қойылған 30 метр құрыш болаттан құйылған мұнараның суша ағып кетуі, топырақ балқып, қалыңдығы бір қарыс күйік қабаттың пайда болуы, жер мен көк от құйынның әлегіне түсуі, аумағы отыз шақырым даланың өртенуі (әскерилер екі тәулік бойы сөндірумен жанталасқан) сиырлар өкірген, бүркіттердің қанаты күйіп, көзі аққан, тау шыңы қаңбақша ұшқан, малдың терісі тырысып-бырысып күйіп, тырапай асқан.
Сол алғашқы сыналған атом бомбасының өзінен бір миллионға жуық адам орташа есеппен алғанда 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдап үлгерген. Сол секілді зерттеу материалдарынан 1963 жылдар аралығында аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халықтың 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдағанын оқып білуге болады.
Атомдық жарылыстар үші н таңдап алынған жерлерден халық күшпен көшірілді. Соның салдарынан аймақ экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа ұшырады. Бастапқыда аса улы бола тұра сынақтар ашық жасалды. Адамдарға, жануарлар мен табиғатқа зардабы өте қатты тиді. Халық өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан 2,5 есе асып түсті. Кейін жарылысты жұрттан жасырып, әрі жер астында жасай бастады.
Семейден небары 120 шақырымда сыналған жарылыстардың ең соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Одан тағы бір жарым миллион адам зардап шеккенін айту керек. Бас- аяғы жарты ғасырға созылған сынақтар Семей облысы, Абыралы ауданының, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Салдарынан аталмыш өңір тұрғындары түрлі ауруларға ұшырады.
Ел тұрғындары сол уақыттардағы жарылыстар қалдырған қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Ең сорақысы, бұл сырқаттардың тұқым қуалайтындығы болып отыр. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл жарылыстардың қасіреті кемі үш ғасырға дейін созылуы мүмкін екен.
Ажал апанын толықтай бүркемелеу қазақ халқы үшін оңайға түскен жоқ. 1989 жылдың ақпан айында басталып, екі жарым жылға созылған ол халықтық күрестің нәтижесінде әрең жабылды.
Бұл күрестің ең басында 1950-60 жылдары белгілі жазушы Мұхтар Әуезов, ғалым, ҒА президенті Қаныш Сәтбаев, білікті профессор, дәрігер Бақия Атшабаров, сол кездегі Денсаулық министрі Сибуғатулла Қарынбаев сынды азаматтар болған.
Кейін күрес жалпы халықтық сипатала бастайды. 1989 жылдың ақпан айында Семей облысының сол кездегі басшысы Кешірім Бозтаев КСРО төрағасы М.С.Горбачевке сынақтарды тоқтатып, полигонды жабу туралы жеделхат жолдап, ұзамай мұны ақын Олжас Сүлейменов қолдап алып кетеді.
Екі жарым жылға созылған қасіретті күрес ақыры халықтың жеңісімен аяқталады. 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу мақсатында «Невада- Семей» қозғалысы құрылып, оған жоғарыда айтып өткеніміздей, белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басшылық жасады.
Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығына және табиғи ортаға орны толмас зиян тигізді. Халық арасында ауру-сырқау мен өлім- жітім көбейді. Әсіресе, өкпе мен сүт бездерінің обыры, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялары. Семей полигонына жақын аудандарда физикалық дамуында түрлі ауытқулары бар, туа бітті мүгедек сәбилер дүниеге көп келеді.
Полигоннан тараған радиацияның салдары мыңдаған жылдарға созылатынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Арада 33 жыл өтсе де, Семейдің тарихына, тамырына балта шапқан ядролық қару полигонының қасіреті еш ұмтылмайды. Адамзат тарихындағы алапат жарылыстар жасалған жайсаң далада дүниеге келіп жатқан әр ұрпақ келешегіне, денсаулығына әлі де үлкен алаңмен қарайды. Бейбіт күнде халықты жерінен, елінен бездірген қатерлі жарылыс майданы жайлы әлі талай ұрпақ айтып кетері сөзсіз.
Айнұр САТАЕВА