«АТЫРАУ – ОРАЛ» ТАС ЖОЛЫНЫҢ 29-ШАҚЫРЫМЫНДА 1 ЖЕЛТОҚСАН КҮНІ КЕШКІСІН ЖАН ТҮРШІГЕРЛІК ЖОЛ АПАТЫ ОРЫН АЛДЫ. LADA PRIORA КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ ЖОЛҒА КЕНЕТТЕН ШЫҒЫП КЕТКЕН ЖЫЛҚЫНЫ СОҒЫП, ҚАРСЫ БАҒЫТҚА ШЫҒЫП КЕТКЕН. СОЛ СӘТТЕ КЕЛЕ ЖАТҚАН MAN TGX ЖҮК КӨЛІГІМЕН ҚАҚТЫҒЫС АПАТТЫҢ АУЫР САЛДАРЫНА ӘКЕЛДІ. 1987 ЖЫЛЫ ТУҒАН ЖҮРГІЗУШІ МЕН 1990 ЖЫЛҒЫ ЖОЛАУШЫ ОҚИҒА ОРНЫНДА КӨЗ ЖҰМДЫ. ТАҒЫ ЕКІ АДАМ ТҮРЛІ ЖАРАҚАТПЕН АУРУХАНАҒА ЖЕТКІЗІЛДІ. БҰЛ ЖАҒДАЙ ӨҢІРДЕГІ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕСІНІҢ КҮРДЕЛЕНЕ ТҮСКЕНІН КӨРСЕТЕДІ. БИЫЛҒЫ 11 АЙДА АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА 1697 ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛСЕ, ӨТКЕН ЖЫЛЫ ТОЛЫҚ ЕСЕП БОЙЫНША 843 ОҚИҒА ОРЫН АЛҒАН.
ПОЛИЦИЯ: «ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ МІНДЕТ»
Полицейлердің айтуынша, апаттардың басым бөлігі жүргізушілердің қарапайым ережелерді елемеуінен туындайды. Жылдамдықты шамадан тыс асыру, қауіпсіз ара қашықтықты сақтамау, маневр жасау талаптарын бұзу, жаяу жүргіншіге жол бермеу және мас күйінде көлік жүргізу – тіркелген оқиғалардың негізгі себептері. Жаяу жүргіншілер қатысқан апаттар да азаймай тұр. Жарықтандырылмаған жолдар, қараусыз өткелден өту және көрінбеу мәселелері жағдайды қиындатып отыр.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет жол қауіпсіздігі бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтады. Оның сөзінше, тоқсан сайын «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол», «Қауіпті жүргізуші», «Тасымалдаушы» атты профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Жүргізушілермен және жаяу жүргіншілермен кездесу, мектептерде жол қауіпсіздігі сабақтары, автобус, такси және жүк көліктеріне нысаналы рейдтер ұйымдастырылады. Сонымен қатар жылдамдық өлшеу құрылғылары, бейнебақылау камералары мен интеллектуалды жүйелер пайдаланылады.
– 2025 жылдың 11 айында жол- көлік оқиғасы салдарынан 84 адам қаза тауып, 2448 адам жарақат алды. Жол ережесін бұзғандарға әкімшілік айыппұл, жүргізуші куәлігінен айыру және мас жүргізушілерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз, – дейді М.Ердәулет.
Облыста жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық ша¬расы жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері мас жүргізушілерді, жылдамдықты шамадан тыс асырғандарды, қарсы жолаққа шыққандарды анықтауда. Жасырын патрульдеу, дрондармен әуеден бақылау, жылдамдық өлшеу құрылғылары – құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа тәсілдер.
БЕЙБІТ КҮНДЕ БЕЙІТТЕН ХАБАР ӘКЕЛЕТІН «ҚҰРАЛ»
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қазақстандағы жол- көлік оқиғаларының адам шығыны жағынан дабыл қағатын деңгейге жеткенін айтты. Оның мәліметінше, 2024 жылы елде 12,6 миллионнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелген, ал 2025 жылдың өзінде 9,7 миллион құқық бұзушылық анықталып үлгерген. 16 700 мас жүргізуші ұсталған.
– Тас жолдағы трагедиядан 5 жылда 12 267 азаматымыздан айы¬рылыппыз. Жіктесем, 8 218 – ер адам, 2 975-і – әйел, 1 074-і – бала. Аталған деректі әлем елдерімен салыстырсақ, Қазақстандағы трассалар «Бейбіт күнде бейіттен хабар әкелетін қорқынышты «құралға» айналып кетпеді ме?» деп қауіптенесің. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық ұйымы жол апатынан көз жұмғандардың саны бойынша Қазақстан 192 елдің ішінде 107-орында тұр. Ал The World Bank келтірген мәліметтерге сәйкес, елімізде 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 24-ке тең. Қазір 12 адам деген дерек бар. Салыстырмалы түрде алсақ, Ұлыбританияда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 3 адам, – деп нақтылады депутат.
Биылғы 9 айда өлім немесе ауыр жарақатпен аяқталған апаттар 41,9 пайызға көбейген. Ең жоғары өсім Атырау облысында тіркелген – 162,5 пайыз. Депутаттың сөзінше, апаттардың артуына сапасыз жолдар, тар әрі бір жолақты трассалар және инфрақұрылымның жеткіліксіздігі әсер етіп отыр. Дүниежүзілік экономикалық форум дерегіне сүйенсек, Қазақстан 2024 жылы жол сапасы бойынша 90-орынға тұрақтаған.
– Тағы бір түйткіл автомобиль жолдарын жобалауға қатысты. Жол салатындар қауіпсіз, ұзақ қызмет ететін трасса төсеуді емес, тас жолды барынша арзанға төсеуді ойлайды. Салдарынан жолдың ені желінеді, минималды қорғаныс элементтері болмайды, заманауи жарықтандыру жүйелері жасалмайды, сапалы қоршаулар қойылмайды. Бұдан бөлек, жол салғанда оның жиегіне кемпингтер, демалуға арналған айлақтар қойылмайды. Салдарынан көлік жүргізушілері сағаттап рульде отыруға мәжбүр. Оның арты апатқа апаратыны айтпаса да түсінікті, – деді депутат.
Біздің облыс арқылы өтетін республикалық маңызы бар трассалар мен ауданаралық тасжолдардың да жағдайы сын көтермейді. Ойлы- қырлы, шұрық-тесік, белгілер мен жарықтандыруы жоқ жолдар көлік жүргізушілерін қатерге итермелеп отыр. Әсіресе, түнгі уақытта қараңғы жерлерде апаттың қаупі бірнеше есеге артады.
ЖОЛДА ЖҮРУ ЕРЕЖЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
2025 жылдың қарашасында жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, күшіне енген болатын. Атап айтқанда елді мекендерде жүк көліктері үшін жылдамдық сағатына 50 км-ге дейін шектелді. Бұл шектеу жол белгілері арқылы жылдамдығы 80-90 км/сағ деңгейінде белгіленген учаскелерге қолданылмайды.
– Бұл шектеу жаяу жүргіншілердің қаза болу қаупін азайту қажеттілігімен байланысты. БҰҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жылдамдық 60-65 км/сағ болғанда жаяу жүргіншінің қаза болу қаупі 50 км/сағ жылдамдықпен салыстырғанда 4,5 есе артады, – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.
Көріну шектелген жағдайларда (боран, тұман, қарлы немесе жаңбырлы ауа райы) жаппай жол- көлік оқиғаларының алдын алу үшін колоннамен жүру ережелері нақтыланды. Енді колоннада басқа жолаққа ауысуға, басып озуға және өз бетінше тоқтауға тыйым салынады. Оннан астам көлік болған жағдайда колоннаны екі патрульдік автокөлікпен сүйемелдеу міндетті.
М2 және М3 санаттағы барлық автобустарға (сегізден көп жолаушы орны бар, жүргізуші орнын есептемегенде) маршруттық көлік тоқтайтын аялдамаларда жолаушыларды отырғызуға және түсіруге рұқсат етілді. Жолда жұмыс атқару, ірі габаритті және қауіпті жүктерді алып жүру, велосипедшілер тобын алып жүру, сондай-ақ балаларды тасымалдайтын автобустар үшін көліктерге магнитпен бекітілетін сары немесе қызғылт сары жыпылықтайтын шамдарды рұқсатсыз қолдануға болады.
– Бұрын мұндай шамдарды қолдану үшін рұқсат беру құжаттарын алу, көлікті қайта жабдықтау және техникалық паспортқа арнайы белгі енгізу қажет болатын, – деп атап өтті министрлік.
АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ АХУАЛ БҮКІЛ ЕЛ БОЙЫНША ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАЙТА ҚАРАУ ҚАЖЕТТІЛІГІН КӨРСЕТЕДІ. АПТА САЙЫН АРТЫП ЖАТҚАН АПАТТАР ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ТӘРТІБІНЕ ҒАНА ЕМЕС, ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ КЕМШІЛІКТЕРГЕ ДЕ БАЙЛАНЫСТЫ. САРАПШЫЛАР МЕН МАМАНДАРДЫҢ ПІКІРІНШЕ, ЖОЛДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫН КҮШЕЙТУ, ЖОЛ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫ АРТТЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ. ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН САҚТАУ – ӘРБІР АДАМНЫҢ ӨЗ ӨМІРІНЕ ЖӘНЕ АЙНАЛАСЫНДАҒЫЛАРҒА ДЕГЕН ЖАУАПКЕРШІЛІГІ.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ


