Арман ғой ол кез оралмас,
Жанардан қимай жас тамған.
Әріпке деген жол алғаш,
Әліппе сенен басталған…
Үміттің жағып мың отын,
Санамда ол кешкен сан бейнет.
Үлкендер айтып жүретін,
Ұстаздар ұлы жан ғой деп...
Тайсойғанның талантты перзенті, ақын Қалыбек Құлмағамбет өзінің ұстазы туралы осылай жазыпты. Қандай керемет! Ал ондай ұстаз әркімде бар. Мұндай өлеңді әркім өзінің ұстазы туралы жазылған екен деп ойлайды.
Ал біздің Сарайшықта бастауыш кластың табалдырығын алғаш аттаған көгенкөздерді білім нәрімен сусындатқан сондай ұстазымыздың бірі Нәсіп Сырымбайқызы Ермекбаева апайымыз болатын…
Ертеректе Жайықтың бұқар бетінде 10-ауыл атанған елді мекен болды. Кейін колхоздар ірілендіріліп, совхоздар құрылған кезде бұл жерден ел көшіп кеткен. Содан бері уақыттың тозаңы басып, бүгінде томпиған обаларға айналған ескі жұрт Нәсіп апамыздың туған ауылы еді.
Ағаш тамырымен мықты дейді ғой. Кішкене күнінен іргеден ағып жатқан ақ Жайықтың сұлу табиғатына ғашық болып, жас жүрегін асқақ армандар аялап өскен Нәсіп ең алғашқы асыл тәрбиені әрине, ата мен анадан алды. Әкесі Сырымбай тыл ардагері, нағыз еңбектің торысы болған адам еді. Анасы Иба «Алтын алқа» иегері атанған, елге қадірлі ана болды.
Нәсіп орта білімді Махамбет ауданындағы Фурманов атындағы орта мектептен (бүгінгі Қосарал) алды. 1969-1971 жылдары Атырау қаласындағы педагогикалық курсты үздік бітірді. Сырты қып- қызыл дипломдағы «Бастауыш класс мұғалімі» деген жазуды оқығанда жүрегі лүпілдеп сала бергені әлі есінде. Сол сәулелі сәтте көңілін толқытқан тағы бір жайт – ол жолдаманы өзінің алтын ұя мектебіне алған еді. Бала кездегі арманы орындалып тұрса қалай ғана толқымасын.
Сөйтіп, Нәсіп екі жыл бойы қатты сағынған мектебіне күнде келетін болды. Әрине, оқушы болып келу бір басқа да, мұғалім болып, жұмыс жасаудың жөні басқа ғой. Осы күндері Нәсіп педкурста сабақ берген ұстаздарының айтқан: «мұғалім – өмір бойғы студент» деген сөзін жиі еске алатын болды. Шынымен де солай екен. Мұғалімнің оқуы диплом алумен бітпейді екен. Нағыз мұғалім өмір сапарында ізденістің экспресінен түспеуі керек. Жас мұғалима соны ұғынды және тәжірибесінде жүзеге асырып, педагогикалық ұжым мен шәкірттерінің құрметіне бөленді.
Уақыт осылай өтіп жатты… 1973 жыл Нәсіптің өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Ол біздің Сарайшыққа келін боп түсті. Осы ауылдың ардақты азаматтарының бірі, сол кезде Сарайшықтағы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында ғылыми қызметкер боп істеп жүрген Ерсайын Есекенов деген азаматпен шаңырақ көтерді. Көп ұзамай Сарайшық орта мектебіне бастауыш класс мұғалімі болып орналасты. Бұл кезде ол екі жылдық еңбек өтілі бар, қалыптасқан оқытушы еді. Біздің класқа сабақ бермесе де, сол кезде байқағанымыздай, апай өте талапшыл, ішкі мейірімін жасырын ұстайтын адам болды. Көп ұзамай бұл жерде де ұстаз еңбегі Сарайшықтың күзгі мәуелі бақтарындай өз жемісін берді. Бүгінде Әсия Рысалиева, Салтанат Рахимова, Гүлнәр Құрмашева, Айгүл Қайреденова, Майгүл Есекенова және басқа шәкірттері ұстаздың еңбегін ақтап, елге адал қызмет етуде. Бұл ұстаз еңбегінің жанғаны ғой.
Осы жылдар бедерінде Нәсіп апайды бір қасиетті күш жиі мазалайтын. Өйткені, апамыздың атасы Еламан, әжесі Нақыш, нағашы әжесі Сәлия заманында елге емшілік қасиеттерімен пайдасын тигізген кісілер еді. Солардың аруағын ұстар сәттің әлдеқашан туғанын түсінген Нәсіп апай еркіндіктің самалы ескен тоқсаныншы жылдардан бастап емшілік-сынықшылық жолға түсті. Сырқаты мазалаған талай жандардың алғысын алды.
Апайдың бұл саладағы еңбегі де елеусіз қалмады. «Құрметті халық емшісі» атағын иеленіп, ТМД мемлекеттерінің өте жоғары дәрежедегі «Avicenna» алтын орденімен марапатталды. Түркияның Анталия қаласында өткен емшілердің симпозиумына қатысып, «Алматы- Анталия» шипагері медалін және «Жұлдызды емші» жоғары дәрежелі орденін өңіріне қадады.
Иә, із тастап аққан жұлдыздай өмір жолдарын абыроймен өткерген аға ұрпақ өкілдерінің өнегесі өскелең ұрпақ үшін сарқылмас қазына, ізгілік қайнары ғой.
Ұстазымыз бүгінде Ерсайын ағамыз екеуі ұрпақтарының қызығына кенеліп, қасиетті Сарайшықта ғұмыр кешіп жатыр.
Тарас НАУРЫЗӘЛІ
Атырау қаласы


