Атырау облыстық ғылыми әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Өнерпаз» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мәдени құндылықтарды насихаттау, креативті индустрияны дамыту» тақырыбында облыстық семинары өтті.
«ЛОТОС FEST» ТУРИСТ ТАРТУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ
Мақсат – мәдениет саласындағы креативті индустрияны дамыту барысында жаңа, тың әдістер іздестіріп, іс-тәжірибе алмасу, сала мамандары арасында әріптестік рухани байланыс орнату. Қатысушылар алдымен «Сарайшық сапар орталығына» барып, тарихи жәдігерлермен, кейін «Өнеге өрнегі: мәдениет айнасы» атты көрменің куәсі болды. Семинар мәдениет саласын дамытуға, сондай-ақ, заманауи талаптарды ескере отырып, ұлттық өнерді жетілдіруге бағытталған. Қатысушылар тәжірибе алмасып, креативті индустрияны дамытуға арналған жаңа әдіс-тәсілдерді ұсынды.
– Құрманғазы ауданы өнерлі аймақ қана емес, өзінің керемет табиғатымен, лотосымен танымал. Осы орайда алдағы жылы «Лотос FEST» ауқымды шарасын өткізуді жоспарлап отырмыз. Танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама, табиғат аясында плэнер ұйымдастыру, отшашу жасап, аспанға жарық шамдарды ұшыру, бард әндерді орындаушылардың байқауын өткізу секілді шаралар жүзеге асады. Лотос фестивалі креативті өндірісті дамытуға, еліміздің эко-туризмін арттыруға септігін тигізеді деген ойдамын,- дейді Смағұл Көшекбаев атындағы Құрманғазы аудандық мәдениет үйінің әдіскері Мейрамгүл Галимова.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуы үшін аса қажетті креативті индустрияны қолға алуды осыдан бірнеше жыл бұрын тапсырған. Қазіргі таңда сол бастама ел игілігі үшін маңыздылығын көрсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастап кетті.
– Қолөнер де ұлттық кодымызды айқындайтын өнердің бір түрі болғандықтан, шығармашылықты талап етеді. Әр жасалған бұйым – бірегей, эксклюзивті туынды, сұранысты да қажет етеді. Осы тұста ауданымыздың ағаш шебері Талғат Жұмалиев пен алаша, киіз басушы Ғалия Рысқалиеваның есімдерін облыс жұртшылығы жақсы танитын болғандықтан, оларды «Ұлттық брендке» айналды десек қателеспейміз. Республикамыздан бөлек, халықаралық жәрмеңкелерде, атап айтқанда Тұманды Альбион еліндегі Лондон төрінде туындылары таныстырылған шеберлердің ел мәдениетіне қосып жатқан үлесі зор. Жасаған дүниелеріне арнайы тапсырыс берушілер де жетіп артылады. Бұл да біздің креативті индустриядағы бірегей өнімдеріміздің бірі болып танылмақ,- деді М.Галимова.
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖАЙЫ ҚОЗҒАЛДЫ
Семинарда қазақ халқының салт- дәстүрлері, ұлттық құндылықтарын жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Мәдени құндылықтарды дамыту бағытындағы жұмыстар» жөнінде баяндама оқыған Махамбет ауданы Бақсай ауылдық мәдениет үйінің басшысы Жадыра Есенова қыз- келіншектердің қоғамдағы өзіндік орны мен беделін, отбасы ынтымақтастығын, мәдениетін арттыру мақсатында мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ кербез» қыз-келіншектердің әуесқой клуб бірлестігі жұмысын бастағанын атап өтті.
– «Ақ кербез» клубының ұйымдастыруымен ауыл келіндері арасында басқосу ұйымдастырылып тұрады. Сондай бір кездесулердің бірінде ұмыт болып бара жатқан «Бие қысырамас», «Итаяғына салу», «Құрсақ шашу» сияқты ұлттық салт- дәстүрді дәріптейтін, қазақылықтың иісін аңқытқан көріністер қойып, көрермендердің қошеметіне ие болды. «Райхан гүлі» бөбекжай-бақшасы қызметкерлері «Қыз-келіншектер» биі және әжелердің «Киіз басу» биі көрермендердің ерекше ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. Ұлттық нақышта киінген келіндер көрермендерге иіле сәлем салып, өздері дайындап әкелген ұлттық тағамдарын ұсынды. Клуб мүшелеріне өңірлік белгі тағып, клуб қатарына қосылған қыз-келіншектерді алдағы бірлесіп жасалатын жұмыстарына атсалысуға шақырдық,- деді Ж.Есенова.
Ұлттық мәдениеттің бір бөлігі – Махамбет ауданы қасиетті өнердің киелі бесігі, бай өлкесі. Дарынды тұлғалардың мекені. Мұнда ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі салт- дәстүрлер қалыптасқан. Ұлттық өнерді дәріптеу мәдениет қызметкерлері арқылы жүзеге асып келеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір игі іс адам баласының жан-дүниесін байыта ғана қоймай, сезіміне шуақ сыйлайды.
– Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты бір аудандық, он ауылдық мәдениет үйі мен бір ауылдық клуб, барлығы 12 мәдениет мекемесі жұмыс жасайды. Осы жылдың көптеген мәдени іс-шарасы мен рухани кеші ұйымдастырылып, жылды жоғарғы деңгейде қорытындылап келе жатқан «Өнерпаз» мәдениет үйінің көрерменге берері мол. Қарап отырсақ, шығармашылық интеллигенция, өнер ұжымы – қазақ айнасы. Тән ауырса, дәрігер емдейді. Ал жан ауырса, қоғам ауырса, оның дерті – мәдениетте. Сондықтан да мәдениетімізді өрістетіп, қоғамға күш беріп, керек кезде ой салып, рухани тазаруға бастап жүрген ұжымның жұмысы өрлей берсін демекпіз,- деді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Дүйсембаев.
«Мәдениет саласында креативті индустрияны дамыту» тақырыбында баяндама жасаған Халық шығармашылығы орталығының әдіскері Камилла Мұратова жасанды интеллектті мәдениет саласында қалай қолданудың әдістерін көрсетіп, шеберлік сағатын өткізді. Мұндай семинарлар мәдениет саласы қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуын ғана емес, сонымен қатар өңірдегі шығармашылық индустрияны дамытуға қажетті жаңа идеяларды табуға ықпал етеді. Қатысушылар осындай басқосулар мәдениет үйлерінің жұмысын жетілдіріп, ұлттық дәстүрлеріді қайта жаңғырту және оларды болашақ ұрпаққа жеткізу үшін қажет екенін атап өтті.
Семинар аясында қатысушылар арасында «Madeniet-Quiz» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Қызықты да тартысты өткен білім додасының нәтижесінде Құрманғазы ауданының командасы жеңімпаз атанса, Индер және Исатай аудандары екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ