Құнды деректер қоймасы

Ел тарихы мен шежіресін сақтап, оны келер ұрпаққа асыл мұра, құнды қазына ретінде табыстайтын архивтердің мемлекеттік маңызы зор. 1998 жылы 22 желтоқсанда елімізде «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заң қабылданды. Жеті тарау­дан тұратын бұл заң – ел игілігіндегі құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа қаз-қалпында жеткізу әрі зерттелуі үшін жасалған маңызды қадам болды. Ал 2020 жылы архившілердің еңбегі еленіп, Үкімет қаулысымен 22 желтоқсан «Архившілер күні» деп бекітілді. Кәсіби мерекенің белгіленуі ар­хив саласының рөлі мен беделін арттырып, архившілердің мерейін өсірді.

Архив ісі - Қазақстан Республика­сы Ұлттық архив қоры құжаттарын сақтауды қамтамасыз ету, ұлттық архив қорының қалыптасуын ұйымдастыру, дерек базасы есебін және автоматтандырылған ғылыми анықтамалық аппарат құру, ақпараттық қызмет көрсету және құжаттарды пай­далану бағытында жұмыс атқарады.

Ауданымызда архив қызметі 1938 жылы бұрынғы Бақсай ауданы қайта құрылғаннан бастап аудандық Кеңес атқару комитеті жанынан құрылып, 1958 жылға дейін жұмыс жасаған екен.

- Алғашқы Бақсай ауданының ұйымдастыру комитетінің 1938 жылғы 15 маусымдағы №20 бұйрығымен ау­данда архивариус болып Сабыр Елешов тағайындалған. Осы дерекке сүйенсек, ауданда осы жылдан бастап архив ұйымдасқан (қор №13, тізім №1, құжат №1, байлам №1). Бақсай ауданының ұйымдастыру комитетінің 19 қазан 1938 жылғы шешіміне сәйкес ішкі істер Халық комиссариатының жанындағы аудандық архив меңгерушісі жұмысын 26 қазан 1938 жылдан М.Хайруллин, 1 қараша 1939 жылдан Ж.Қожамұратов, 20 қаңтар 1942 жылдан М.Филатова, 3 наурыз 1942 жылдан Ғ.Нұржасарова, 1 сәуір 1942 жылдан Ы.Меңдіғалиев, 24 сәуір (жылы белгісіз) О.Темірова атқарған.

Ал, 1944 жылғы 20 шілдедегі Еңбекші депутаттары Бақсай аудандық атқару комитетінің № 25 бұйрығымен Қ.Құлбалиев, 1 шілде 1946 жылдан Л.Голосова (қор №13, тізім № 1л, құжат № 4, байлам 1), 1950 жылдың 1 маусымынан 1 қазанына дейін М.Мұсағалиев, 1 қазан 1950 жылдан 23 маусым 1952 жылға дейін М.Попова, 23 маусым 1952 жылдан 11 мамыр 1954 жылға дейін С.Мұстафина, 11 мамыр 1954 жылдан 1 тамыз 1955 жылға дейін Н.Иманғалиев, 1 тамыз 1955 жылдан 9 қараша 1956 жылға дейін Ж.Матбаев қызмет атқарған. Ж.Матбаевтың денсаулығына байланысты архив меңгерушілігін 1956 жылғы 1 тамыздан 14 қарашаға дейін өз жұмысымен қатар уақытша О.Себеков атқарған. Еңбек депутаттары Бақсай аудандық атқару комитетінің 14 қараша 1956 жылғы №46 бұйрығымен аудандық атқару комитеті хатшылығымен бірге уақытша архив меңгерушілігі қызметіне Н.Әлмұқановты тағайындаған. Ол 7 қаңтар 1957 жылғы №2 бұйрығымен архив меңгерушілігінен босатылып, №3 бұйрықпен 10 қаңтар 1957 жылдан орнына О.Есеновты тағайындаған. (Қор №13, тізім №1, құжат №15, бай­лам №1). Ауданда 1958 жылы архив жұмысы жабылып, құжаттар облыстық архивке тапсырылып келген.

Егемендік алып, өз алдымызға мем­лекет болудың арқасында жаңа өмірдің талабына сай ауданда архив ісі мен құжаттама саласында ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтауға, тұрақты сақтауға және пайдалану­ды жүзеге асыруда аудан әкімінің 1992 жылғы 3 қыркүйектегі №181 шешімімен құрылды.

Аудандық архивтің алғашқы дирек­торы болып аудан әкімінің шешімімен жергілікті ақын Қазақстан журнали­стер Одағының мүшесі, Сүндетқали Аманғалиев тағайындалды. Аудан әкімінің 22 сәуір 1997 жылғы №419 шешімімен архив директоры болып Бағытжан Құлшаріпұлы Өміршин тағайындалды. Аудан әкімінің 20 сәуір 2001 жылғы №225 өкімімен аудандық ар­хив директоры Тыныштық Умбетәлиев тағайындалды. 1999 жылдың 31 желтоқсанында аудан әкімінің өкімімен аудандық мұрағатқа жаңа орын, яғни «Агробанктің» ғимараты берілді. Аудандық архив 3 мамыр 1999 жылы «Мемлекеттік мекеме Махамбет аудандық мұрағаты» болып облыстық әділет басқармасынан тіркеуден өтті. 11 шілде 2008 жылы «Махамбет аудандық мұрағаты» мемлекеттік мекемесі болып тіркелген. Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің 6 желтоқсан 2013 №83/1-4 бұйрығына сәйкес, 22 қаңтар 2014 жылы «Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Махам­бет ауданы мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып басқармаға қарады. Атырау облысы әкімдігінің 27 наурыз 2018 жылғы №65 қаулысына сәйкес, 27 сәуір 2018 жылы «Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Махамбет ауданы мемлекеттік архиві» болып атауы өзгертілді. Атырау облысы әкімдігінің 27 наурыз 2022 жылғы №65 қаулысына сәйкес, 27 сәуір 2022 жылы «Атырау об­лысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Махамбет ауданы мемлекеттік архиві» болып ата­уы өзгертілді. Атырау облысы архивтер және құжаттама бөлімі бастығының 2006 жылғы 28.02 №11 бұйрығымен аудандық архив директоры болып Аманкелді Андашев тағайындалды. Атырау облысы Мәдениет, архив­тер және құжаттама басқармасы басшысының 2014 жылғы 7 ақпандағы №22/4-1 бұйрығымен аудандық ар­хив басшысы болып Арстанов Серік тағайындалып, 2014 жылғы 12 мамырға дейін жұмыс жасады. 2014 жылдың 19 мамырынан архив басшысы болып Әзмұқан Есенғалиев тағайындалып, 2023 жылдың қазан айына дейін қызмет жасады. Махамбет ауданы мемлекеттік архивіндегі қор саны алғаш құрылған 1992 жылы 40, құжат саны 4012 құраса, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін архив қоймасындағы 135 қордағы құжат саны 40 000 сақтау бірлігін құрайды. Меке­ме, ұйымдардың іс құжаттарын жүйеге келтіру, ол арқылы іс құжаттардың мемлекеттік тілде жасақталуын және оның мемлекеттік сақтауға тапсыры­луына әдістемелік көмектер көрсету сынды жұмыстары атқарылып келеді. Мекемелердің істер номенклатура­сы жыл соңында нақтыланып және құжаттары тізімделіп, сараптау тексе­ру комиссиясына ұсынылып отырады, - дейді аудандық архив мекемесінің басшысы Басерат Мыңбаев.

Басерат Мыңбаев бұған дейін қаржы саласында, ауылдық округ әкімдігінде еңбек етіп, 2023 жылдың 6 қарашасында басшылық қызметке тағайындалды. Ол сөз арасында архившілер күніне орай жүрекжарды лебізін білдіруді де ұмытпады.

- Аудандық архив ұжымын және ардагерлерді кәсіби мереке - Архившілер күнімен құттықтаймын. Архив ісін дамытып, ұлттық тари­хи қорды толықтыру бағытында қажырлы еңбек етіп, әріптестік қарым - қатынасты, ынтымақтастықты тереңдетіп, өңіріміздің тарихына қатысты архив құжаттарын кеңінен танытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін. Осынау айтулы мерекеде Сіздерге мықты денсаулық, еңбекте толайым табыс және отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деген тілегін білдірді.

Бүгінгі таңда облысымызда 9 мемлекеттік архив мекемесі бар болса, оларда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Сексен жылдан астам тарихы бар аудандық архив ұжымында архившілер Ақжарқын Жұмабаева, Інжу Айсина, Бота Сапиева және тазалықшы Айнұр Өтешқалиевалар еңбек етуде.

Осы орайда көненің көзін, ескінің сөзін қызғыштай қорғап, оларды болашаққа аманат ету жауапкершілігін арқалаған қажырлы қызмет иелері – архившілерді төл мерекесімен құттықтап, алдағы жұмыстарына тек табыстар тілейміз.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT