ЖЕҢІЛ ЖОЛМЕН БАЙЛЫҚҚА ЖЕТУДІҢ, ТАБЫС ТАБУДЫҢ ОҢАЙ ТҮРІ САНАЛАТЫН ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫ ЗАМАН ҚҰБЫЛ- ҒАН САЙЫН ТҮРЛЕНІП, ЗИЯНЫ ДА ҰЛҒАЙЫП БАРАДЫ.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда құмар ойынға әуес 350 мыңға тарта адам бар. Әрқайсысының орташа қарызы – 10 млн теңгеге жуық. ІІМ орынбасары Игорь Лепеха биыл наурызда мәжілістегі қоғамдық палата отырысы кезінде лудоманияға шалдыққан адамдар 2023 жылы 300 түрлі қылмыс (кісі өлтіру, тонау, алаяқтық пен ұрлық) жасаған, биыл жыл басынан бері ондай адамдардың қатысы бар 16 қылмыс тіркелді деді. Сол кезде Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ажырасулардың 40 пайызы лудоманияға тікелей байланысты, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа баратындардың дені құмар ойынға тәуелді деп мәлімдеген болатын.
Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше фактор бар. Ол өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділік, тәуелділік. Ондай адамға әлеуметтік қолдау маңызды. Туыстарының, достарының қолдауы, эмоциялық қарым-қатынас, сүйікті іспен айналысу, еңбекке, спортқа бейімдеу, өзінің емделуге деген жоғары мотивациясы, сенімділігі. Құмар ойынның қандай орны толмас қайғы-қасіретке әкелетінін білеміз, көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Мамандар ойынқұмарлықтың нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиян екенін алға тартады. Себебі құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара бастайды. Тіпті есінен адасып, қылмыстық жағдайларға барып жатады. Ал құмар ойынға салынған адамды одан арашалап алу оңай емес екені белгілі. Өйткені осы дерттен айығу үшін қыруар қаржы керек, емдейтін психологтар әкесінің құнын сұрап жатады. Өйткені оларға сұраныс өте жоғары. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады.
Қайсыбіріңіздің туыстарыңыз немесе достарыңыз үнемі құмар ойындарын ойнап, оған көп уақыт пен ақшаны жұмсайтынын байқасаңыз, ол адамның құрдымға кетуіне жол бермеңіз. Бұл тек қазақ қоғамында емес, бүкіл адамзат қоғамындағы індет. Сондықтан індеттің ертерек алдын алсақ, емделу жолы да жеңіл өтеді.
Лудомания жаңадан пайда бол- маған. Ол сан ғасырлар бұрын пайда болып, алдымен жойқын (азарттық) ойындар, карта ойындары арқылы санамызға енді. Бұл әр адам үшін өте қауіпті құбылыс. Оны есірткіқұмарлықпен қатар салыстырып жүр.
Ойынға араласқан әр ойыншының мақсаты – жеңіске жету. Ал жеңіс бір адамға ғана бұйырады. Демек құмар ойынның кесірінен бірнеше адам ашуға булығып, шайтанның арбауына түседі.
Қазақ «жығылған күреске тоймайды» дегенді бекер айтпаса керек. Ұтылған адам жеңістен үміттеніп жүріп, ойынхананың тұрақты келушісіне айналғанын да аңдамай қалады, барынан айырылады, қарызға батады. Ақыр соңында отбасынан, ағайын-туыстан қара үзіп, аш-жалаңаш қалады. Ұтқан адам да шайтанның уәсуәсіне еріп, ақшамды көбейткен үстіне көбейте түссем деп жанталасады, нәпсіге ерік береді.
Сала мамандарының пайымдауынша көп балалардағы ойынқұмарлық кейбір ата-аналардың жұмыс- бастылығы, бар уақытын компьютерде өткізіп, жұмыстан үйіне кеш оралу, баласына жеткілікті көңіл бөлмеу, өз үйінде көп болмау баланы еркіндікте болып, өзімен-өзі қалып, ойынқұмарлыққа салынуына әкеп соқтырады екен. Баланың мектептегі оқу, үй тапсырмаларын орындамауы, оған қарсылық көрсету, ата-анасын тыңдамау, бар назарын ойындарға аудару-жақсы қасиет емес. Осындай жағымсыз іс-әрекет, қылықтар байқалса, дереу дабыл қаққан жөн. Ата-аналар өз балаларын тыңдап, олардың проблемасын түсініп, шешіп, жағымсыз қылықтардан аулақ ұстаған дұрыс дер едік.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып бесігімізді түзетеміз десек, бұл дертпен қоғам болып күресуіміз қажет.
А.ТЕКЕБАЙ