Көпұлтты ғана емес, кеңпейілді халықпыз!

Бұл айтулы мереке сонау Кеңес Үкіметі тұсында  еңбекшілер мен ынтымақ күні болып тойланған еді. Енді, міне Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқы бірлігі күні атауымен жаңғырып, жыл сайын еліміздегі 140 –қа жуық ұлт пен ұлыстың татуылығын паш етуде. Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына да 30 жыл толғалы отыр. Елордада өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы да осы жылдың айтулы оқиғасы болмақ. Мемлекет басшысы бұл басқосуда халықтар достығының нығаюына үлес қосқан жандарды да марапаттап, ел алдында марқайтып тастады. Ассамблея жұмысының жандануы бағытында атқаралатын жұмыстар мен міндеттер де талқыға салынды. Бұл да, мемлекетіміздің әр өзге ұлт өкіліне, олардың пікірі мен көзқарасына деген құрметі деп санаймыз.  Бір кездері қазақстандық атанып, қазақпен жаны бір болып кеткен қаншама ұлт өкілдерінің ата-баба дәстүрін, тарихын, құндылығын, мәдениеттін сақтап, дәріптеуге үлес қосып келе жатқан ұйымның биылғы мерейтойы да маңызды болмақ. Халықтар достығы-елдегі бейбітшіліктің айғағы іспеттес. Кең байтақ Қазақстанымыздың бауырына сиып, бір бүтінге айнала білген әр өзге ұлт өкіліне деген құрмет пен ізетімізге әлем куә. Бір ғана Махамбет ауданында 18 түрлі ұлт өкілдері қоныстанған болса, олардың тыныс-тіршілігі де осы аудан халқымен біте қайнасып жатыр. Олар да еліміздің әр түрлі саласында еңбек етіп, ортақ мүддеміз үшін тер төгуде.  Біз жай ғана көпұлтты емес,  кең пейілді халық екенімізді осыдан қаншама жылдар бұрын дәлелдеп, бір үзім нанымызбен келген көршімізбен бөлісіп жегенбіз.Бәріміздің де балалық, жастық шағымыздан келе жатқан өзге ұлт өкілінен достарымыз бар. Лайым да халқымызды осы ауызбіршілігінен айырмасын деймін. Келешек ұрпағымыз үшін де тарихта қалған халықтың кеңдігі, қонақжайлығы үлгі болғанын қалаймыз. Менің де, аудандағы бір топ ардагерлердің де тілегі осы.

С.Жайлашев,

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT