Газет – қоғамның жаршысы

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Д.Махимов және «Атырау» газетінің бас редакторы Н.Қосшиев 2024 жылға баспасөзге жазылу науқаны аясында  аудан орталығында болып, оқырмандармен кездесті.

 Кездесуде алғашқы сөз кезегін алған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Д.Махимов жыл сайынғы дәстүр бойынша мерзімді баспасөзге жазылу науқаны аясында келіп отырғандарын айтты.

-Қазіргі қоғамда жасыратыны жоқ,газеттің рөлі сәл де болса тежеліп келе жатыр. Оған себеп әлеуметтік желілердің пайда бо­луы. Ақпаратты сол жерден же­дел алуға тырысамыз.Дегенмен, газеттің маңыздылығын арттыратын бірден-бір факторы сараптамалық мақалалар мен журналистік зерттеу­лер, шалғайдағы ауыл тұрғындарымен қарым-қатынас жасау, ауылдың мәселесін көтеру болып отыр. Біздің басты мақсатымыз оқырман үдесінен шыға білу. Облыстық газеттерге де аудандық газеттерге де, жазылу қарқыны азайған жоқ. Келесі жыл­дан бастап облыстық газеттер апталық газет ретінде шығатын болады, бірақ бет көлемі сол күйінде қалады. Бұрын 12 беттен аптасына екі рет шықса, енді 24 беттен 1 рет шығады, - деді Д.Махимов.

-Газетке жазылу науқаны ре­спублика бойынша жүріп жатыр. Мерзімді басылымдардың негізгі күші – оның оқырманы. Сондықтан оқырманмен тұрақты байланыс жасаудың маңызы зор. «Атырау» газетінде бұрыннан қалыптасқан дәстүр – оқырмандардың басым бөлігі ауылдарда. Біздің негізгі күшіміз – сіздерсіздер. Жылма-жыл газеттің статистикасын қарап отырамыз. Таралымы жағынан өзге өңірлік басылымдармен салыстырғанда алдыңғы қатардамыз. Жылдық та­ралымын 8-9 мыңның шамасында ұстап келе жатырмыз. Оқырманға қызықты болуы үшін газет бетінде сараптамалық хабарларды көбейтіп, жергілікті ақын-жазушылардың туын­дыларын тұрақты беруді, әр саланың қызметін жіліктеп жазуды қолға алып жатырмыз,-деген «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев одан әрі оқырман тарапынан айты­лар ұсыныс-пікірлер болса, тыңдауға, сауалдарға жауап беруге әзір екенін білдірді.

Ауданның Құрметті азаматы Мәндірғали Оразғалиев облыстық және аудандық газеттердің көп жыл­дан бергі тұрақты оқырманы, әрі «Атырау» газетінің аудандағы штат­тан тыс тілшісі екенін айтты.

-Мен үш мамандық иесін ерекше құрмет тұтамын. Біріншісі – ұстаз. Екіншісі – дәрігер. Үшінші – жур­налист. Біздер үшін бір бет мақаланы жазу оңай емес. Ал аудандық газет тілшілері 8 бет газетті апта сайын шығарып, оқырманға оймақтай қылып ұсынып отыр. Әр әріпті сөзге, одан кейін сөйлемге, сөйлемнен мақалаға айналдыру қаншалықты ой еңбегін қажет етеді. Аудан тілшілерінің ба­сым бөлігі – қыз балалар. Кішкентай балаларын қастарына ертіп жүріп газет шығарады. Газет шығаруға да, үйдің тірлігін жасауға да, ба­ланы тәрбиелеуге де үлгеріп жүр. Мен аудандық газеттің жана­шыры ретінде тілшілердің еңбегін бағалап, қолдау көрсетіп, аудан тұрғындарының барлығын газетке жазылуға шақырамын. Өзім кезінде бірнеше мекемеде басшылық қызмет атқардым. Өзімнің қарамағымдағы қызметкерлердің барлығын газетке жаздыратынмын. Өйткені, газет - ауданның айнасы, -деді М.Оразғалиев.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Қайыржан Мәжиев те баспасөзге жазылуға қатысты өзінің пікірін білдірді.

-Кішкене күнімізде әкеміз алдына отырғызып қойып, ақыл айтатын да, «оң құлағыңмен тыңда» дейтін. 2007 жылы Данияның ғалымдары екі құлаққа зерттеу жүргізгенде, сол құлақтан кіретін ақпарат тез жойылып кететінін, ал оң құлақтан кірген ақпарат есте жақсы сақталып қалатынын дәлелдеді. Мұны біздің аталарымыз баяғыдан білген екен. Қазір үлкен де, орта жастағы адам да, кішкене бала да ұмытшақтықтың зардабын тартып жүр. Есте сақтау қабілетіміз нашарлаған. Мұның барлығы ұялы телефонның кесірі екені анық. Телефонға үңіліп, ғаламтордан соншалықты көп ақпаратты миымызға сіңіріп жа­тырмыз, алайда оның барлығын есте сақтау мүмкін емес. Мұның соңы ұрпағымыздың саңырау, соқыр болуына алып келмесіне кепілдік жоқ. Дамыған елдердің барлығы газет-журнал оқиды. Бұл газеттің маңызы қашанда жоғары екенін көрсетеді. Өзім үш газетке үзбей жа­зыламын. «Егемен Қазақстаннан» – республиканың жаңалығын, «Аты­раудан» – облыстың жаңалығын, «Жайық шұғыласынан» ауданның жаңалығын оқимын. Сондықтан га­зетке жазылу қажет деп есептеймін. Бұған қоса газетке мақала жазып тұруға шақырамын.

Есбол ауылдық округінің әкімі Ал­мас Төлеген ауыл тұрғындарының мерзімді басылымға жазылу қарқыны жақсы екенін, алайда ауылға келген газеттің әрі қарай оқырманға жетуі «Қазпошта» тарапынан орындалмай отырғанына наразы екенін жеткізді. Бұл сауалға жауап берген Д.Махимов мұндай мәселе облыс деңгейінде орын алып отырғанын, «Қазпошта» бас­шыларына да ескертіліп айтылғанын, алдағы уақытта нәтиже болмаса, бұл мекеменің қызметінен толықтай бас тартуға тура келетінін айтты.

Кездесуге келген оқырмандар бір ауыздан облыстық және аудандық га­зеттерге жазылатындарын жеткізді.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521