Елімізде соңғы жылдарда көп балалы ана статусын алғандарға мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек көптеген жеңілдік қарастырылған. Төрт және одан да көп баласы бар отбасылар тұрғын үй кезегіне тұрып, бизнес бастауға қайтарымсыз грант ала алады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалары иелері, бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар тұрғын үй кезегіне тұрып, баспанаға қол жеткізе алады. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін kezekte.kz порталына ЭЦҚ арқылы тіркеліп, санаулы минуттарда өтінім беруге болады.
Көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға қандай жеңілдік ұсынылады?
Көп балалы отбасыдан шыққан балаларға жазғы лагерьлерде тегін демалады, мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтылады. Түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады. Балабақшада бірінші кезекте орын беріледі. Ол үшін indigo24.kz сайтына баланы тіркеу қажет. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап мемлекеттік балабақшаға тегін барады.
Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін,түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 “Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, мамандандырылған, арнайы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, балалар мен ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы” бұйрығына сәйкес Атырау облысының әкімдігі қаулы шығарды. Аталмыш құжатта «облыстық бюджет қаражаты сесебінен Атырау облысының мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын отбасылардан шыққан тәрбиеленушілерге тамақтану құнының 100% мөлшерінде тегін тамақтану ұйымдастырылсын» деп көрсетілген.
Осы заңды құжаттың негізінде қазір Махамбет ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдарда көп балалы отбасының балаларына тегін тамақтану ұйымдастырылған. «Алтын-ай» бөбекжай – бақшасының басшысы Нұрбану Сәпенованың айтуынша кейбір ата-аналар бұл өзгеріс әсіресе, бір үйден бірнеше баласын әкеліп отырған ата-аналар үшін тиімді.
Бүгінде «Алтын-ай» бөбекжай-бақшасында 64 бала тегін тамақтану тізіміне енді. Бастапқыда 34 бала болды. Кейін ата-аналар заңдағы өзгерісті естіп, арнайы құжаттарын тапсырып, тізіміміз толығып отыр. Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға көрсетіліп отырған көмектің түрін қолдаймын. Себебі, бір үйден бірнеше бала әкелетін отбасылар да бар. Ал, айға балабақшаның тамақтану ақысы үлкен топқа 17 мың, кіші топтарға 13 мың теңге шамасында шығады. Бұл да болса ай сайынғы отбасылық бюджетке үлкен қолдау деп білемін,-дейді балабақша меңгерушісі.
Тегін тамақтану санатына кіретін ата-аналар алдын ала арнайы құжаттарды тапсырып, қоғамдастықтың жиынымен тізімге қосылады. Қоғамдастық жиын құрамына учаскелік полиция қызметкері, ата-ана, ардагер, асхана мен мектеп маманы кіреді.
Құжат тапсыру барысында көп балалы ана статусы ғана емес, әлеуметтік жағдайы, жұмыс орны, барлығы тексеріледі. Егер көп балалы жанұя мүшелерінің, анасы немесе әкесі жұмыс жасамайтын, атаулы әлеуметтік көмек алатын, ай сайынғы табысы күнкөріс шегінен аспайтын отбасылар болса тізімге бірінші енеді. Ауданымызда осы санатқа жататын, бірақ балабақшаға әлі де құжат тапсырмаған ата-аналар болса, қаперлеріңізге береміз.
А.САТАЕВА