Робототехника – болашақтың мамандығы

Бес жасар балаңыз роботты енді үйірмеде де құрастырады десем сенесіз бе? Иә, кәдімгі өзін-өзі басқаратын роботтарды компьютер- лік бағдарлама арқылы дайындап, конструктормен құрастыруды енді кішкентай бүлдіршіндер де біледі. Бұл үшін ауданымызда арнайы ақылы үйірме ашылып, ата-аналар тарапынан да сұраныс күннен-күнге артуда. Бастысы, балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, ойлау қабілетін жетілдіру жолында жақсы жұмыс жасалып жатыр.

Бұрын роботтарды тек кинодан көретін болсақ, бүгінде күнделікті өмірімізге етене еніп кетті. Олар қазір кез келген салада еңбек күшін алмастырып жатыр. Әсіресе, сервиске мұқтаж салалардың робот арқылы қолы ұзарды десекте артық емес.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ро­бототехника – трендте. АҚШ, Герма­ния, Жапония сияқты мемлекеттерде бұл сала ондаған жыл бойы тынымсыз еңбектің нәтижесінде жолға қойылған. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар үшін барлық жағдай жасалған. Себебі, мамандардың айтуынша, робототех­ника баланың ойлау қабілетін дамытып, төзімділігін және бастаған ісін соңына дейін жеткізу қабілетін арттырады.

Өткен жылы Махамбет ауданының орталығынан осындай керемет үйірме ашып, мектеп жасындағы бала­ларды арнайы бағдарлама негізінде машықтандырып отырған Robo. Makhambet үйірмесінің жетекшісі Дана Тоғызбаевамен тілдескен едік. Дананың бұл кәсіпті бастағанына көп уақыт болмаса да тәжірибесі бар. Себебі, бұған дейін ол ауылымызда мүмкіндік болмаған соң қалаға қатынап робототех­ника сабақтарына өз балаларын апарған екен. Сөйтіп, уақыт өте жолдасына осын­дай тамаша идея келіп, бірден жүзеге асыруға жұмыстанады. Кабинетке қажетті құрал-жабдықтың барлығын түгендеп, «Нарын» коммуналдық база­рынан орын алады. Жас кәсіпкер ретінде мемлекеттік грант, жеңілдетілген несие алмаған.

«Ауданымызда робототехника сабақтарына сұраныс бар екенін байқап жүрдім. Себебі, көп таныста­рымыз балаларын біз секілді қалаға, әртүрлі пайдалы үйірмелерге апа­рып жүреді. Сөйтіп, жолдасымның ұсынысын қолдап, өз балаларымыз секілді бүлдіршіндерге жағдай жасап, жаңа технологиямен таныстыруды жөн санадық. Алғашқыда Ортақшыл, Ақтоғай ауылдарын қосқанда 30 бала келіп, сабаққа қатысып жүрді. Ауа -райының қолайсыздығына байланысты қазір 15-20 бала тұрақты түрде келеді. Әр балаға жеке планшет пен конструктор беріледі. Планшетке арнайы бағдарлама енгізілген. Соның көмегімен бала өзі бөлшектерді тауып құрастырады».

Дана Нұрланқызы балалардың іс- әрекетін бақылап, баға беріп қана қоймай, жас жеткіншектерге робототехниканың қыр-сырын үйретеді. Жетекшінің айтуынша, аталмыш сала балаларды болашақта сұранысқа сай ма­ман болуға дайындайды. Сөз арасында робототехникамен айналысудың балаға қандай пайдасы барын сұрап-білген едік

– Бір қарағанда бұл оңай әрі қызықты болғанымен, бала үшін күрделі тап­сырма болып табылады. Соның шешімін табу үшін олар бір нәрсеге зейінін тоқтатып, ойланып, ми талшықтарын оятып, жұмыстанады. Робототех­ника роботтарды құрастырумен ғана шектелмейді. Оған қоса қатысушылар роботтың құрылысымен, жұмысымен және қолдануымен айналысады. Бұл сала бағдарламалау, дизайнерлік білім, физика мен математиканы жетік білуді талап етеді. Пішіні әртүрлі роботтарды құрастыра отырып, олар математиканың қажет екенін түсінеді. Себебі, кез кел­ген робот қандай да бір істі өз бетімен орындау үшін оған дұрыс жазылған математикалық алгоритм, физикалық білім қажет, Балалар бұл салада тәжірибе жинақтау арқылы болашакта инженер,бағдарламашы немесе ғалым болуға дайындала алады. -дейді үйірме жетекшісі Д.Тоғызбаева. – Бүгінде 5-6 жастан жоғары балалардан бастап қабылдап жатқан Robo.Makhambet-ке 8-сынып оқушысы да келіп жүр екен. 1-1,5 сағатқа созылатын үйірме уақыты кейде жас өнертапқыштарға жетпей де қалады.

Шап-шағын кабинетте балалар үшін осындай үлкен мүмкіндік ұсынып отырған Дананың алға қойған жоспар­лары да көп екен.

-Робототехниканың маңыздылығын түсініп, баласының логикасымен, білімімен ден қойып, айналысып жүрген, уақыты мен қаражатын арнап отырған ата-аналарға алғысым шексіз. Мектептен тыс уақытта өзіне жаңа орта, жаңа достар тауып жатқан болашақ ғалымдарымыз үшін үлкен, жайлы ка­бинет ашу ойымда бар. Егер сұраныс әлі де артып, бала саны көбейіп жатса, біз жағдай жасауға, осы салаға инвестиция салуға дайынбыз,- деді өз сөзінде Дана Нұрланқызы.

Адамзат баласына әуелден берілген ең үлкен нығмет уақыт болса, оны дұрыс жұмсауды балаға әу бастан үйреткен дұрыс-ақ. Телефонға телмірумен кет­кен сағаттарында санасына қандай да бір сілкініс беретін, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа үйрететін пайдалы үйірмеге барса, тиімді болары сөзсіз. Әйтсе де әркім көрпесіне қарай көсіледі. Қазіргі таңда ауданымыздың кей мектептерінде арнайы жабдықталған «Stem» кабинеттер де жұмыс жасап тұр. Бірақ бір мектептің мыңға жуық оқушысына бір кабинет жеткіліксіз бо­луы мүмкін. Болашақта «жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын жаңа мек­теп ғимараттарында осындай заманауи технологияны қолдау сыныптары да бо­лады деген ойдамыз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT