ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫ: талқылау жалғасуда

ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫНЫҢ МӨЛШЕРІН 12 ПАЙЫЗДАН 16 ПАЙЫЗҒА КӨТЕРУГЕ ҚАТЫСТЫ ҰСЫНЫС АЙТЫЛҒАННАН БАСТАП, БҰЛ МӘСЕЛЕ ҚОҒАМДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР. ӨТКЕН АПТАДА ОТАНДЫҚ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУДЕ ПРЕЗИДЕНТ ТЕ АТАЛҒАН МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ ӨЗІНІҢ ПІКІРІН ЖЕТКІЗДІ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ КЕЗ КЕЛГЕН РЕФОРМАНЫ ЖАН-ЖАҚТЫ САРАПТАП, БАЙЫППЕН ЖҮРГІЗГЕН ЖӨН ЕКЕНІН АТАП, ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫНЫҢ МӨЛШЕРЛЕМЕСІ САРАЛАНЫП БЕЛГІЛЕНУІ ТИІС ДЕДІ. ҮКІМЕТТІҢ БҰЛ БАҒЫТТАҒЫ ЖҰМЫСЫ БИЗНЕС, ҚОҒАМ, САРАПШЫЛАР МЕН ДЕПУТАТТАРДЫҢ, ЯҒНИ БАРЛЫҚ ТАРАПТЫҢ ПІКІРІ ЕСКЕРІЛЕ ОТЫРЫП ЖАЛҒАСУЫ КЕРЕГІН ҚАДАП АЙТТЫ.

Елімізде қазіргі уақытта қосылған құн салығы мөлшерлемесін арттыруға қатысты барлық тараптың пікірі тыңдалып, талқылау жүргізілуде. Соның нәтижесінде алдағы күндері Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулер Мәжіліске енгізіліп, қаралатын болады. Өзгерістер нақтыланған кейін ол жөнінде толығырақ жазатын боламыз. Әзірге қоғамның талқысына түскен осы қосылған құн салығы жөнінде оқырмандарымызға толығырақ түсіндіру мақсатында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы- ның басшысы Нұрлан Жұмағалиевке бірнеше сұрағымызды жолдаған болатынбыз.

- Нұрлан Гайдарұлы, алдымен қосылған құн салығы туралы айтып өтсеңіз?

- Кез келген сатылатын тауар мен көрсетілетін қызметтер бағасына қосылып, мемлекеттік бюджетке ау­дарылатын салық түрі қосылған құн салығы деп аталады. Бұл бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі саналады. Оның екі түрлі салық мөлшерлемесі бар. 0 пайыз – экспортқа арналған тауарларға, 12 пайыз ҚР аумағында сатылатын та­уарлар, атқарылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге және ел аумағына импортталатын тауарларға. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға арттыру бойынша талқылау жұмыстары жалғасып жатыр.

- Қосылған құн салығының көлемі қалай есептеледі?

- Сатылған тауар мен көрсетілген қызметке қосылатын қосылған құн салығы мен сатып алынған тауар мен қабылданған қызметке төленген қосылған құн салығының айырмасы негізінде есептеледі. Яғни, салық төлеушілер қосылған құн салығын тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындауға, көрсетілетін қызметке жұмсалған материалдық шығынды шегере отырып есептейді.

- Бұл салық түрін кімдер төлейді?

- Қосылған құн салығын төлеу немесе төлемеу тауар айналымына байланысты. Егер тауар айналымы 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (78 640 000) асса, онда қосылған құн салығын келесі санаттар төлейді. Олар: заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар. ҚР қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттер. Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына немесе ҚР кеден заңнамасына сәйкес ел аумағына тауарларды импорттайтын тұлғалар. Егер айналым мөлшері шекті деңгейден аспаса, заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеушілер болып табыл­майды немесе ерікті түрде есепке тұруға құқылы. Осы тұста айта кету керек, қосылған құн салығының төлеушісі ретінде тіркелмей, бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне тіркелуге мүмкіндік бар.

- Оның ерекшелігі қандай?

- Бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің басты ерекшелігі - қосылған құн салығынан босату. Жылдық айналым 20 000 айлық есептік көрсеткіштен асса да есеп­ке тұрудың қажеті жоқ. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің артықшылықтары жалпыға бірдей белгіленген режиммен салыстырғанда төмен мөлшерлеме, әлеуметтік салықтан және қосылған құн салығынан босату. Қазіргі таңда бұл режимде 15 салық төлеуші тіркелген.

Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін мынадай шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер қолдануға құқылы. Олар: салықтық кезең ішіндегі жұмыскерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан және күнтізбелік жылдағы кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайды (2 359 200 000 тг). Осы режимді қолдану мақсаттарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің тек қана біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асырады.

Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық төлеуші есепті салықтық кезең ішінде салық салу объектісіне мынадай мөлшердегі мөлшерлемені өз бетінше қолдану арқылы жүргізеді. Қазақстан Ре­спубликасында және оның шегінен тыс жерлерде салықтық кезеңде алынған (алынуға жататын) кірістер бойынша – 4 %; корпоративтік немесе жеке табыс салығын есеп­теу үшін шығыстар сомаларын шегерімге жатқызу бойынша та­уарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістер бойынша – 8 %. Жергілікті өкілді органдардың белгіленген мөлшерлемені қызмет түріне және объектінің орналасқан жеріне қарай 50 пайыздан аспайтын мөлшерде төмендетуге құқығы бар. Аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 12 наурыздағы № 105 шешімімен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.

- ҚҚС төлеуден кімдер босатыла­ды?

- Бірыңғай жер салығын төлеуші шаруа және фермер қожалықтары, бөлшек салық төлеушілер, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимдерін қолданатын дара кәсіпкердің айлық есептік көрсеткіштің 124 184 еселенген мөлшері(488 291 488 теңге) шегіндегі, үш құрамдасты интеграцияланған жүйе міндетті түрде қолданыла отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысанында жасалған айналымдары.

- Ауданда ҚҚС төлеуші қанша тұлға бар? Олардан түскен салық мөлшері қандай?

- Қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеуде тұрғандардың саны 2023 жылы 20 заңды тұлға және 15 дара кәсіпкер болса, 2024 жылы 19 заңды тұлға және 16 дара кәсіпкер болды. Ал, күні бүгінде 18 заңды тұлға, 17 дара кәсіпкер қосымша құн салығын төлеушілер тізімінде тұр.

Негізінде қосылған құн салығының мемлекеттік бюджетті толтырудағы үлесі көп, тек біздің ауданымыз бойынша ең үлкен салық төлеуші «Каспий құбыры консорциумы-Қ» акционерлік қоғамының (аудан бойынша жалпы түсімнің 2023 жылы 91,5 пайызын, 2024 жылы 77,3 пайызын құрайды) өнімін экспортқа шығаруына байланысты 0 пайыздық салық мөлшерлемесін пайдаланып отыруынан орын алып отыр. Егер «Каспий құбыры консорциумы-Қ» акционерлік қоғамының түсімдерін есепке алмасақ, аудан бойынша қосылған құн салығының мөлшері жалпы түсімнің 2023 жылы 25,9 пайы­зын, 2024 жылы 26 пайызын құрады. Қосымша құн салығынан биылғы жылы қаңтар айында 405 072,0 мың теңге түсіп, жалпы түсімнің 4,4 пайы­зын құрап отыр.

Қосылған құн салығын төлеуші декларацияны орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың он бес күнінен кешіктірмей әрбір салықтық кезең үшін ұсынуға міндетті.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT