15 ақпан Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылған күні ретінде тарихта қалды. Ресми деректерге сүйенсек, 1979 жылы Ауған жеріне Қазақстаннан 22 269 жауынгер аттанған екен. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тапса, 1015 адам мүгедек болып оралып, 19 адам іс-түссіз жоғалған. Бүгінгі күні 70-тен аса азамат әскер қатарында қызметін жалғастырып келеді.
ХХ ғасырдың ең ұзақ қантөгісі саналған бұл соғыс даласынан 36 жыл бұрын Кеңес әскері шығарылды. Атаулы күннің аясында аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Оған Ауған соғысы ардагерлерінен бөлек, аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелері және белсенді жастар қатысты. Ауғанның отты жылдарында интернационалдық борышын өтеуге аттанған жауынгер ағаларымыздың бүгінде бірқатары арамызда жоқ. Өрімдей жас кезінде ұрыс алаңына аттанып, халықаралық терроризммен күресіп, есірткі бизнесінің шекарадан өтуіне тосқауыл қойған азаматтардың ерлігін ел тарихы ұмытпайды. Кездесу барысында жастарға соғыстың сұмдығын, қаталдығын, әділетсіздігін айтып, өз оқиғаларымен бөліскен ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар табысталды. Қонақтар да өз кезегінде жас ұрпақты жігерлі, өз Отанын сүйетін патриот болуға шақырды. Бақандай 10 жылға созылған ұрысқа қатысып, ұлттың атынан ерлік көрсеткен интернационалист-жауынгерлердің есімі ешқашан ұмыт қалмайды.
А.САТАЕВА