БАТЫС ӨЛКЕСІ, ОНЫҢ ІШІНДЕ МАХАМБЕТ БАБАМЫЗДЫҢ АТЫ БЕРІЛГЕН АУДАНЫМЫЗ – ТАЛАЙ ДҮЛДҮЛ КҮЙШІ, ДОМБЫРАШЫЛАРМЕН АТАҒЫ ШЫҚҚАН МЕКЕН. ЕЛІМІЗГЕ БЕЛГІЛІ ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫ НҰРМҰХАН ЖАНТӨРИН, ҚАРШЫҒА АХМЕДИЯРОВ, НАРИМАН ҮЛКЕНБАЕВ, АЙГҮЛ ҮЛКЕНБАЕВАЛАР ОСЫ ҚАСИЕТТІ ТОПЫРАҚҚА АУНАП ӨСТІ. СОНДАЙ ДАРЫНДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ІЗІН ЖАЛҒАП ЖҮРГЕН ШӘКІРТТЕРІ, ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ДОМБЫРАСЫН СЕРІК ЕТКЕН ЖАНДАР ДА БҮГІНДЕ АРАМЫЗДА ЖҮР. ЖИЫРМА ЕКІ ЖЫЛДАН БЕРІ АУДАНДЫҚ З.ЕЩАНОВА АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ӨНЕР МЕКТЕБІНДЕ ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ДОМБЫРАШЫ, КҮЙШІ, ҰСТАЗ ЕЛЖАН ҚАМАШЕВ – СОЛАРДЫҢ БІРІ.
Елжан – Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылының тумасы. Ол 1986-1995 жылдары Қосарал (Фурманов) мектебінде он жылдықты бітіріп, 1995-1999 жылдары Атырау қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесінде оқып, мұғалім, ансамбль, оркестр әртісі мамандығын алып шыққан. 1998-2002 жылдары облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияда «Нарын» оркестрінің құрамында болды. 2003 жылдан бастап З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінде мұғалім болып жұмыс жасап келеді.
2007-2009 жылдары Есбол ауылдық клубы басшысы қызметін атқарып, 2017-2020 жылдары М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан педагогикалық университетінде білім алған.
2018-2022 жылдары Есбол ауылындағы Есбол орта мектебінде музыка пәні мұғалімі болып еңбек етті. 2021 жылғы қыркүйекте педагог- зерттеуші санатын алған. Домбырада күй ойнаған күйшінің алған марапаттары да жетерлік. Ол 2020-2021 оқу жылында сабақ үрдісінде оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланып, оқытудың маңызын арттыру, оқу мен оқытудың заманауи әдістері туралы білімді, оқыту әдістемесін меңгере білген ұстаз ретінде мадақтама алып, «Үздік сабақ» номинациясын жеңіп алған екен. 2020 жылы Қарағанды қаласында өткен VI халықаралық қашықтан оқыту балалар-жасөспірімдерге, ересектерге арналған «Өнер қанатында» (На крыльях искусства) фестиваль- конкурсына шәкірті Жандарбек Абатұлы қатысып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, лауреат атанған. Жетекшісі Е.Қамашев та дипломмен марапатталған.
2021 жылы Атырау облысы Білім беру басқармасы «Жадыра, жас дарын!» қоғамдық қоры халықаралық «Ақ сәулелі алтын таң!» фестиваль-конкурсына кіші топ домбыра бойынша Дінмұхамед Избулов І лауреат атанған. Осы фестивальда Бекназар Елемес те ІІ лауреат атанып, ұстазы Е.Қамашев та Алғыс хатпен марапатталған көрінеді.
Алматы қаласында «Алау» групп дарынды балалар мен жасөспірімдер орталығының «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқауына шәкірттер дарынын шыңдап, дайындағаны үшін алғыс хат алған.
2022 жылы балалар жылына орай Атырау облысы Білім беру басқармасы «Жадыра, жас дарын!» қоғамдық қоры Джамиля Дошекенова, Мадияр Марат ІІІ лауреат дипломымен, ұстазы да дипломмен марапатталды. Х республикалық «Жадыра, жас дарын!» қоғамдық қоры фестиваль-конкурсына лауреаттар дайындағаны үшін дипломмен марапатталған. Осы фестивальда Асылхан Оңғарбайұлы І дәрежелі дипломант атанады. Ал өзі, Оқу- ағарту министрлігінің «Үздік ұстаз» дипломымен VIII республикалық «Серпер» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауына қатысқаны үшін марапатталған. «Мен жастарға сенемін» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Ауылым- алтын бесігім» республикалық байқауына да дарынды шәкірт дайындағаны үшін дипломға ие болған. Сонымен қатар, Елжан Қамашевтың қоржынында 2022 жылы облыстық музыка және өнер мектептері мұғалімдерінің халық аспаптары оркестрлері мен ансамбльдерімен 4 облыстық байқауға қатысқан сертификаты, VII халықаралық «Ақ сәулелі алтын таң!» фестиваль-конкурсынан диплом, 2024 жыл – VIII республикалық қашықтан өткізілген «Жадыра, жас дарын!» конкурсына лауреат дайындағаны үшін берілген дипломдары да бар.
Бүгінде 2024 жылғы түлек, шәкірті Аяулым Карина – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің дәстүрлі өнер музыка факультетінің студенті. Бұдан басқа кезінде өзі дәріс берген шәкірттері Наурызбек Жұмағалиев, Атабек Сарғожин өзімен бірге өнер мектебінде дәріс беріп жүр. Өнер жолында сахналарда ән-күйімен көрініп жүрген шәкірттері – Еламан Ғафур, Манарбек Сарғожиндар да осы жолды жалғастырып келеді. «Мен осы талантты, дарынды шәкірттеріммен мақтанамын. Өнер жолы – қиын жол. Сол жолда жүрген шәкірттеріме дән ризамын», - дейді Елжанның өзі бүгінде. Домбырашының өмірлік жары да осы ұстаздық жолда. Екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА