Құқықтық кеңесті тегін алыңыз

Заңды білмеу – заңсыздыққа жол бермейді. Бүгінгі қоғамда алаяқтардың арбауына түсіп, несиенің шырмауынан шыға алмай жүрген немесе отбасылық мәселеде кеңес алғысы келетін жандар аз емес. Ақылы көмекті алуға бірінің шамасы келсе, бірінің қалтасы көтермейтіні анық. Осы орайда ауданымызға арнайы іссапармен келген құқықтық-ақпараттық кеңес беру орталығының маманда­ры халықпен кездесіп, мәселесін тыңдады.

Атырау облыстық Ішкі сая- сат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Шаңырақ - 2008» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен құрылған «Ақпараттық-құқықтық кеңес беру орталығының» жұмыс жасап жатқанына ұзақ уақыт болған жоқ. Әйтсе де, мұндағы білікті заңгерлер мен медиатор мамандар та­лай түйткілді мәселенің шешімін та­уып, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға өз үлестерін қосуда.

Жобаның басты мақсаттарының бірі – бүкіл әлемде резонанс туғызып отырған тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу.

«Ақпараттық-құқықтық кеңес беру орталығына» кез келген адам тегін кеңес алып, тіпті арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Азаматтарға сотқа құжаттарды рәсімдеу үшін де әдістемелік көмектер тегін көрсетіледі.

Атырау облысының емханала­рында, сауда орталықтарында және өңірдің барлық жоғары және арна­улы оқу орындарында құқық қорғау мәселелері бойынша қабылдау күндері мен студенттермен кездесулер өткізіп жүрген мамандар бұл жолы аудан­дарды аралап, қабылдау өткізді. Орталықтың заңгерлері Әліпқали Дәулетияров, Нұргүл Лұқманова және медиатор маман Жанат Асабаевамен ұйымдастырылған кездесуге ішкі сая­сат бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев пен мамандар қатысты.

Жиын барысында қатысушыларға орталықтың жұмысы мен атқаратын қызметі таныстырылып, жеке сауалдарын қоюға да мүмкіндік берілді. Тұрғындар тарапынан қойылған маңызды сұрақтардың бірі – бло­герлерге қатысты болды. «Жергілікті атқарушы билік өкілдеріне олардың жұмыс орындарына келіп рұқсатсыз тексеріс жүргізу қаншалықты дұрыс? Осы орайда провокацияға ілігіп жатқан мемлекеттік қызметкердің мүддесін заң қорғай ала ма?» деген сауалға орталық заңгері Ә.Дәулетияров жа­уап берді. Маманның берген жауа­бына сәйкес жуырда ғана күшіне ен­ген «Қоғамдық бақылау» жөніндегі заң осындай блогерлер, белсенділердің іс- әрекетіне баға бермек.

Сонымен қатар, несиесін кешіктіріп, коллектордың толассыз қоңырауынан шаршаған жандар да орталықтың тегін қызметі арқылы банктерге тиісті құжаттарды жіберіп, графикке шығару мәселесін реттей алады. Кездесу бары­сында талқыға салынған тағы бір мәселе – Қазақстанның ажырасу бойынша алдыңғы қатарлы елдер қатарында тұруы болды. Өкінішке орай, құқықтық кеңес орталығына келетін әрбір екінші жұптың мәселесі ажырасу екен. Бұл туралы осы салада тәжірибесі бар ма­ман Жанат Вахитқызы баяндап берді.

-Көбінесе бізге тұрмыстық зорлық- зомбылыққа ұшыраған, қажыған, өмірден түңілген, айналасынан қолдау таппаған әйел азаматшалар келеді. Мәселені екіжақты қараймыз. Бірақ сондай ауыр тағдыр көріп, соққыға шы­дап, өмірге құлшынысы жоғалған қыз балаға, анаға мен қалай ажыраспа деп ақыл айтамын? Мұндайда керісінше бірден, «басыңды көтеріп, ондай адам­нан қаш!» деп кеңес беремін. Біз бәріміз де ұрпақ тәрбиелеп отырған анамыз, әйелміз. Ер азаматтарымыздың ұсақталуынан, жауапкершілікті білмеуінен қоғамда ажырасқандар саны артып жатыр. Медиация саласы адамның құқығын таптап, қалайда та­туластырып жіберу емес. Медиаторлар – мәселені жан-жақты анықтап барып, отбасын сақтап қалуға жұмыстанады,- деді өз сөзінде орталық маманы Ж.Асабаева.

«Ақпараттық-құқықтық кеңес беру орталығында» екі психолог, екі заңгер, бір медиатор қызмет көрсетеді. Жиын барысында ауыл тұрғындары арасы­нан жеке консультация алғандар да болды. Ары қарай Бейбарыс ауылдық округінде кездесу ұйымдастырған мамандарға ішкі саясат бөлімінің бас­шысы Н.Аруев алғысын білдірді.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT