Көпбалалы отбасы – құт-береке орнаған шаңырақ

Қай кезде болмасын анаға артылған жүк ауыр. Ана болу, көпбалалы ана атану нағыз ерлік десек те болады. Көпбалалы отбасы – құт-береке орнаған шаңырақ. Қазір көпбалалы ананы көрсек, таңданып қалатын жағдай қалыптасқан. Оны көрген әр адамның көкейінде «оларды қалай асырайды?» деген заңды сауал туындайды.

«Әр баланың өз несібесі бар» демей ме дана халқымыз?! Десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңы болғандықтан, көп балалы отбасына таңдана қарайтыны бар.

Сондай көпбалалы аналардың бірі – Өткел мөлтек ауданының тұрғыны Гүлмира Атшыбаева. Ол 1975 жылы қазіргі Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылыныда дүниеге келген. Жолдасы Қанат Есениязов аудандық обаға күрес мекемесінде жұмыс жасаған уақытында іссапармен Айбас құмына барады. Сол уақытта нағашысының ауылында жүрген Гүлмирамен танысып, көңіл жарастырып, ауылға келін қылып түсіреді. 19 жасында өзге үйдің ошағын түтеткен Гүлмира үшін жұбайлық өмірдің алғашқы жылдары оңайға соқпаған сыңайлы. Өткенді еске алған ол сол уақытта Жайықтың балығымен ғана күн көргендерін жасырмады. Отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына төзе білген жұбайлардың отасқандарына биыл 25 жыл толмақ.

Отағасы Қанат пен отанасы Гүлмира бүгінде 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардың бірі. Балаларының үлкені – 24 жаста болса, кіші баласы – 5 жаста. Гүлмира мен Қанат та көпбалалы отбасында дүниеге келген. Тұңғышы – Нұрлан ауысымдық әдіспен жұмыс жасайды, отбасылы. Одан кейінгі Ару атты қыздары аудандық кітапханада кітапханашы. Қоғамдық жұмыстарға белсенді, аудан көлемінде өткізілетін шаралардың басы-қасынан табылады. Төрт баласы – оқушы. Олар да мектепте өтетін түрлі шараларға, олимпиада, көркемсөз оқу секілді сайыстарға қатысып, алдыңғы қатардан табылып жүр.

-«Көпбалалы ана болу – мен үшін бақыт. Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім болса да, мемлекет тарапынан «Күміс алқа» тағынып, құрметке бөленіп отырғаныма ризамын. Балаларымның әрқайсысы елдің өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін», – дейді көп балалы ана.

Махамбет ауданында қазіргі таңда 6 және одан да көп баласы бар аналарға берілетін түрлі орден, медальдарға ие 887 ана бар. Оның ішінде 64-і «Батыр Ана», 303-і «Алтын Алқа», 494-і «Күміс Алқа» иегері. Ал 26 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған. Бұл аналарымызға табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атағын алған көпбалалы аналар көлік құралдары салығынан және жер салығынан, тұрғылықты жерін тіркеу барысында, төлқұжат және жеке куәлік алуда нотариалдық және заңгерлік маңызы бар қызмет түрлері үшін мемлекеттік баждан босатылған және денсаулығына байланысты белгілі бір ауру түрлеріне сай қажетті дәрі-дәрмектермен де тегін қамтылады.

Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі. Ата-бабаларымыз ежелден қыздарын құрметтеген, келіндері мен жарларын сыйлаған. «Жұмақ ананың табанының астында», «Қыз өссе – елдің көркі» деп жоғары бағалаған.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT