Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Қазақстан Республикасының Конституциясы бұл бағыттың негізгі қағидаттарын айқындап, әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен еркіндігіне кепілдік береді.
Ғылыми тұрғыдан алғанда гендер – адамның қоғамдық ортадағы мінез-құлқын, рөлін анықтайтын әлеуметтік ұғым. Ол биологиялық айырмашылықтарға емес, әлеуметтік теңдік пен қоғамдағы атқаратын қызметке негізделеді. Сондықтан гендерлік саясат әйелдерге де, ерлерге де өмірдің барлық саласына толыққанды қатысуға мүмкіндік беруді көздейді.
Отбасындағы үйлесім – қоғамдағы тепе-теңдіктің бастау көзі. Қазақ қоғамында ер адамға жауапкершілік, отбасының қорғаны болу міндеті жүктелген. Алайда бұл басқарушылық дөрекілікке, ал қамқорлық жалқаулыққа ұласпауы тиіс. Өкінішке қарай, өз құқығын білмейтін немесе қорғай алмайтын әйелдердің зорлық- зомбылыққа тап болуы – әлі де өзектілігін жоғалтпаған мәселе. Әйел табиғатынан нәзік жаратылыс екенін естен шығармау маңызды.
Қазақстанда демографиялық өсім мен ұрпақ тәрбиесінде әйелдердің рөлі айрықша. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді» деген дана сөз әйелдің қоғамдағы орнын анықтап тұрғандай. Қыз баланы қадірлеу, әйелді ардақтау, ананы қастерлеу – қазақ халқының ғасырлар бойғы салты. Бұл әйелдің қоғамдағы беделі әрдайым биік болғанын дәлелдейді. Гендерлік саясаттың мақсаты – әйелдерді ермен теңестіріп, олардың табиғи ерекшелігін жоққа шығару емес. Кей жағдайларда теңдік ұғымы дұрыс түсінілмей, әйелдердің еркекше әрекет етуге ұмтылуы байқалады. Бұл қазақы тәрбиеге жат мінез. Шын мәнінде гендерлік саясат отбасындағы үйлесімділікті бұзбайды, қайта өзара тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Әйел құқығы – адам құқығы. Гендерлік теңдік – әйелдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси мәртебесін айқындайтын ұғым. Бұл әйелдің өзгелермен қатар өз мақсатына еркін жетуіне жағдай жасау дегенді білдіреді. Әйелдің қоғамдағы белсенді рөлі оның табиғатын өзгерту емес, керісінше қадір-қасиетін қорғау. Қорытындылай айтқанда гендерлік саясат – Қазақстан Республикасының Конституциясына сүйене отырып, әйелдер мен ерлердің тең құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік бастама.
А.ДОСМАҒАМБЕТОВА,
аудандық сот әкімшісінің
бас маманы

