Емханаға тіркел де, медициналық қызметті тегін ал!

Кейбір азаматтар қандай медициналық қызметтерді тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында алуға болатынын білмейді. Ал емханаға тіркелу арқылы көптеген медициналық қызметті тегін алып, қаражатты үнемдеуге болады.

Шын мәнінде емханада профилактикалық тексеруден ба­стап күрделі операцияларға дейін көптеген қызмет түрін алуға болады. Егер өз құқығыңызды біліп, тіркелген емханаңызға жүгінсеңіз, мұның бәрі тегін көрсетіледі.

Медициналық қызметтерді пайдала­ну үшін ең алдымен өз емханаңызды және учаскелік дәрігеріңізді білу маңызды.

Егер сіз бұрын-соңды емханаға бармаған болсаңыз, тіркелген медициналық ұйымды eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен немесе eGov Mobile мобильді қосымшасынан біле аласыз.

Кейбір өңірлерде (мысалы, iKomek) анықтама қызметтері бар, олар сіздің тұратын мекенжайыңызға сәйкес келетін медициналық ұйымды анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармаларынан да кеңес алуға бола­ды.

Айта кетейік, қажет болған жағдайда жылына екі рет өз қалауыңыз бой­ынша, сондай-ақ тұрғылықты жерді ауыстыруға байланысты немесе тіркеу компаниясы кезінде емхананы ауыстыруға болады. Бұл қызмет eGov. kz порталы арқылы көрсетіледі.

Қай емханаға тіркелгеніңізді білген соң сол жерге жүгініп, қажетті медициналық көмекті ала аласыз.

Әр тіркелген азамат жыл сайын өз ем­ханасында профилактикалық тексеру­ден өтуге құқылы. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтауға және денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді.

Ең алдымен – флюорография. Ол өкпе ауруларын ерте анықтау үшін жылына бір рет жасалады. Сонымен қатар, жыл сайын дәрігерге дейінгі тек­серу кабинетіне бару қарастырылған. Онда артериялық қысым, қандағы қант мөлшері, бой, салмақ және көру өткірлігі өлшенеді. Егер сіз медициналық ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасын пайдалансаңыз, учаскелік дәрігерге жазылмас бұрын осындай кабинетке бару қажеттілігі туралы хабарламалар алып жүрген бо­ларсыз. Бұл кабинетке жолдама да, ал­дын ала жазылу да қажет емес, қызмет көрсету әдетте кезекпен жүзеге асы­рылады.

Әйелдер міндетті түрде алдын ала қаралу кабинетіне баруы ке­рек. Онда профилактикалық тексеру жүргізіліп, шағымдар туралы сұралады, онкоцитологияға жағынды алынады және жалпы әйелдердің денсаулық жағдайы бағаланады.

Сонымен бірге жасына байланы­сты ерлер мен әйелдерге, шағымның бар-жоғына қарамай көрсетілетін маңызды медициналық қызметтердің бірі – скринингтік тексерулер. Олар жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және басқа да ауруларды ерте кезеңде анықтауға бағытталған.

Айта кетерлігі, осындай тексеру­лерден тұрақты түрде өту мәселелерді уақытылы анықтап, асқынулардың ал­дын алуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының

баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT