Көмірқышқыл газымен уланудың алдын алу

Көмірқышқыл газы – түссіз, иіссіз, адам өміріне аса қауіпті улы газ. Ол тыныс алу арқылы адам ағзасына өтіп, қандағы гемоглобинмен байланысады. Соның нәтижесінде гемоглобиннің оттегін тасымалдау қабілеті төмендеп, ағзада оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Бұл жағдай адам денсаулығына үлкен қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Көмірқышқыл газымен уланудың алғашқы белгілеріне бастың ауыруы, маңдай мен төбе тұсының ауырсынуы, құлақтағы шу, көз алдында қара дақтардың пайда болуы жатады. Сонымен қатар терінің қызаруы, жүрек соғысының жиілеуі, әлсіздік, қалтырау, жүрек айну және құсу байқалады. Улану күшейген жағдайда бұлшық еттердің ауырсынуы, тыныс алудың қиындауы, бас айналу, есінің шатасуы және ұйқышылдық пайда болады. Ауыр жағдайда науқастың тыныс алуы әлсіреп, жүрек соғысы баяулап, өміріне қауіп төнуі мүмкін.

Мұндай жағдайда алғашқы көмекті уақытылы көрсету өте маңызды. Ең алдымен жедел жәрдем шақырып, зардап шегушіні дереу таза ауаға шығару қажет. Оны шалқасынан жатқызып, тыныс алуына кедергі келтіретін киімдерін босатқан жөн. Бетіне және кеуде тұсына салқын су сеуіп немесе суық компресс қою арқылы жағдайын жеңілдетуге болады. Егер зардап шегуші есін жимаса, мүсәтір спиртін иіскетуге болады. Ал тыныс алуы тоқтаған жағдайда жасанды тыныс алдыру және жүрекке жабық массаж жасау қажет.

Көмірқышқыл газымен уланудың алдын алу үшін тұрғындар жылыту пештері мен мұржалардың жағдайына ерекше назар аударуы тиіс. Пеш құбырларының бітеліп қалмауын бақылап, оларды уақытылы тазалап отыру қажет. Газ және жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі.

Төтенше жағдай орын алған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.

Махамбет ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT