Құмар ойынға қатаң тыйым салынады

2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап елімізде құмар ойындар мен лотереялық қызмет мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген заң күшіне енді.

Мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бюджеттік ұйымдардың бас­шыларына құмар ойындар мен бәс тігулерге қатысуға енді тыйым са­лынды. Бұл шектеулерді бұзған жағдайда, қызметкерлер жұмыстан шығарылатын болады. Сонымен қатар, құмар ойындар мен лоте­реялар ұйымдастырушыларының қызметі қатаң бақыланып, жаңа та­лаптар енгізілді.

Жалпы жыл өткен сайын елімізде құмар ойындарға тәуелді тұрғындар көбейіп барады. Мамандар әрбір бесінші адамның лудоман екенін ай­тып, дабыл қағып отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy хабарлаған еді.

Азарттың арбауына түсуге ба­сты себептердің бірі–құмар ойындардың ашық жарнамалану­ынан дейді мамандар. Ағымдағы жылы Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның қауіпті кеселі – лудома­ния туралы сөз қозғап, үкіметке осы мәселелермен күресу үшін бірқатар міндеттер қойды.

Жаңа заңның негізінде казино қызметі үшін ойын автоматтары залдарын тек үш жұлдызды не­месе одан жоғары санаттағы қонақ үйлерде орналастыру міндеттелді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы жарна­масы, көліктердегі және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамаға тыйым салынды. Лотерея билеттерін тарату және терминалды тұрғын үйлер, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің жанында орналастыруға тыйым салынды. Жаңа заң Қазақстанның жастар мен денсаулығына қауіп төндіретін құмар ойындарға қарсы күреске бағытталған және азаматтардың құмар ойындарға деген тәуелділігін төмендету мақсатында қабылданып отыр. Осы ретте мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойынға құмартып жүргендер жоқ па? Олардың заңға қайшы теріс әрекетке көзқарасы қандай? Ауданның мемлекеттік қызметшілері заңнамадағы шектеулермен таныс па? деген сауалдарға жауап іздеп, Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы М. А. Ербөлекке хабарластық.

Құмар ойындары, қоғам дерті, тәуелділікке ұшырататын зи­янды әдеттердің бірі. Адамдардың қаржылық қиындықтарға, әлеуметтік оқшаулануға және психикалық денсаулық мәселелеріне ұшырататын өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, бақылаусыз немесе тәуелділікке айналған жағдайда, жеке адам мен қоғам үшін елеулі қиындықтар тудырады. Сондықтан оны шектеу және ойыншыларды қорғау шаралары бүгінгі күні өте маңызды болып табылады. Ежел­ден Қазақ халқы мақсатсыз уақыт өткізу жағдайларын құптамаған және «Ойыннан да омыртқа сы­нады» деп, өскелең ұрпақты бос сенделістен сақтандырып отырған. Осы тұста біз, ауданның мемлекеттік қызметшілері, заңнамадағы өзгерістермен таныса отырып, құмар ойындарына қарсылық білдіреміз. Өскелең ұрпақты дамуға, тіл білуге, ұлтжанды болуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, ұлттың өресін өсіруге шақырамыз,-дейді аудан әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Махамбет Аманқосұлы.

Орта есеппен алғанда бүгінде елімізде 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казино­лардан шықпайды. Қазір Махамбет ауылында букмекерлік кеңселер ашық жұмыс жасамаса да, ұялы теле­фон арқылы онлайн ойынның әлегіне түскендер жетерлік. Псхилогтардың пайымдауынша, мұндай тәуелділікке тап болатындар бала күнінде қаржыдан таршылық көргендер екен. Алайда, қазіргі таңда жайлы отбасы, жақсы қызметі, беделі бар тұлғалардың да осы ойындардың ар­бауына шырмалып, ақиқатын айтып жатқаны аз емес. Тіпті жаңа заңның өзі мұндай азаматтар мемлекеттік қызметшілер арасында да бар екенін жоққа шығармайды. Алайда, Үкімет бекіткен шектеулер аясында тәртіп күшейтіле түссе, қоғамның ай­насы – мемлекеттік қызметшілер құмар ойынды қолдамайтынына сенеміз. Ал, мекеме жағалап немесе әлеуметтік желі арқылы заңсыз ло­терея ұйымдастыратындарға да енді талап күшейтілмек.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521