Құқықтық мәдениет деңгейінің маңызы

Қоғамда заң үстемдігін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы күшейту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2025–2027 жылдарға арналған «Адал азамат» идеалдарына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке қасиеттерін ілгерілету аясында жастармен кездесу өтті.

Семинарды аудан әкімі аппаратының басшысы Алшынбек Мұқанғалиев ашып, жастардың құқықтық сауаттылығы әділ қоғамның басты тірегі екенін атап өтті. Іс- шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, заң саласының мамандары, белсенді жастар мен әр саладағы жас мамандар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға деген құрметті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін орнықтыру. 

Кездесу барысында бірнеше бағыттағы іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Құқықтық мәдениет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық» тақырыбында ақпараттық дәріс оқылды , проблемалық жағдайды талдауға негізделген «Сот отырысы» форматындағы кейстік тапсырма өткізілді, сондай-ақ жастардың құқық негіздері бойынша білімін тексеруге арналған Kahoot интерактивті ойыны ұйымдастырылды. 

Семинарды аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар және мемлекеттік көрсетілген қызметті бақылау бөлімінің басшысы Шамшырақ Бағдалова мен кадр қызметі және персоналды бағалау бөлімінің бас маманы Ақерке Қуаныш жүргізді. Жиын барысында құқықтық мәдениеттің мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Әрбір азаматтың өз құқығы мен міндетін білуі қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың кепілі екені айтылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, оның әлеуметтік әділеттілікке, экономикалық өсімге және мемлекеттік беделге нұқсан келтіретіні нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. 

Жиында жастар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, ашық пікір алмасу өтті. Қатысушылар күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелер, мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен адалдық, парақорлықтың алдын алу жолдары туралы ой бөлісті. Мамандар заң бұзушылықтың алдын алуда жастардың белсенді азаматтық ұстанымы ерекше рөл атқаратынын жеткізді. 

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жастарды заң талаптарын сақтауға, адал еңбек етуге және кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне бейжай қарамауға шақырды. Осындай мазмұнды кездесулер құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, әділ әрі ашық қоғам құруға өз үлесін қосатыны айтылып, белсенділік танытқан жастарға аудан әкімі аппаратының басшысы атынан алғыс хаттар табысталды. 


Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT