Әкелер патрулі – қауіпсіздік кепілі

Махамбет ауданында «Ұрпағыңмен мың жаса!» жобасы аясында «Әкелер патрулі» атты түнгі рейд ұйымдастырылды. Шараның ба¬сты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, түнгі уақыттағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мектеп пен ата-ана ынтымақтастығын нығайту.

Рейд облыстық білім беру басқармасының қолдауымен Әдістемелік орталық пен Әкелер кеңесінің ұйымдастыруымен өтті. Іс-шара барысында аудандық білім бөлімі, аудандық полиция бөлімі және аудандық Әкелер кеңесінің өкілдері түнгі уақытта жасөспірімдер жиі шоғырланатын орындарды аралап, рейдтің маңызы мен қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндірді. 

– Жыл басынан бері ауданымызда 700-ге жуық жасөспірім құқық бұзушылық бойынша ұсталып, хаттама толтырылған. Осы көрсеткішті азайту үшін осын¬дай шараларды бастап отырмыз, – дейді аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы Төре Пангерей. 

Махамбет аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, рейд қорытындысы бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы 2-бөлігіне сәйкес түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 6 жасөспірім анықталған. Рейдке 100-ден астам белсенді әке мен 20-ға жуық ұстаз қатысып, ауыл көшелерін, қоғамдық орындарды аралады. 

Аталған жоба 2025-2026 оқу жылында облыстың барлық мектебінде жүзеге асырылып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. «Әкелер патрулі» – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті бірлесе сақтауға арналған маңызды бастама. 


Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT