Ауыл тазалығы кімге керек?

Фото: zh-shugylasy.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында экология және биологиялық әркелкілікті қорғау мәселелеріне де баса назар аударылғаны белгілі. Қазіргі таңда қоқыс мәселесі әлемдік мәселеге айналды. Саябақтарда, тіпті – көшелердің өзінде қоқыстың түр-түрін кездестіруге болады. Бұл адамзат баласының қоршаған ортаға немқұрайлылығын көрсетеді. Табиғат аясына шығып, отбасылық демалыс ұйымдастырғандар сол жерге от жағып, қоқыс тастап, ластап кетеді.

«БҰЛ – МЕНІҢ ЖҰМЫСЫМ ЕМЕС»

Өздеріңіз білетіндей, бұдан біраз жыл бұрын бос жатқан ауылдың шет- жағасында қазір үйлер көбейген, құрылыс қарқынды жүруде. Бұл – Махамбет ауылының тіршілік жасауға қолайлы, өмір сүруге ыңғайлы жер екендігінің айғағы. Расымен де, «ауыл» деген аты болмаса, қалалықтардан кем өмір сүріп жатқанымыз жоқ. Бірін кейін бірі ашылып жатқан кәсіпкерлік нысандар ауылдың ажа­рын аша түсуде. Тіршіліктің тілін тапқан тұрғындар ауыл экономика­сын көтеру үшін еңбек етуде. Алайда беделімізге нұқсан келтіріп жатқан кейбір жайттарға көз жұма қарауға да болмайды…

Сөздің шыны керек, әкімшілік тарапынан ұйымдастырылатын сенбіліктерге аудан орталығында орналасқан мекемелердің маман­дары белсенді қатысып, көшелерді мұнтаздай етіп тазалап шығады. Тазалық және оны сақтау ту­ралы тұрғындар арасында наси­хат жұмыстары қанша жүргізіліп жатқанымен, «Бұл менің жұмысым емес. Ауыл тазалығына менің қатысым қанша?» деген сыңайдағы ой-пікірлердің туындайтыны жасы­рын емес. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген қағиданы алға ұстайтын болсақ, жалпы жұртшылық арасында мұндай кереғар пікірлер болмас еді, әрине.

Қоқыс салынған қапшықтарды көшедегі иесіз иттер мен мысықтар, одан қалды үй жануарлары жыр­тып, оның ішіндегі тұрмыстық қалдықтар айналаға шашылып, ауылдың көркін қашырары хақ. Одан бөлек күл-қоқыстармен келетін түрлі инфекциялық аурудың алдын алары анық. Әсіресе, көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қалдықтардың тиісті жәшіктің ішіне салынуы, жәшік толған жағдайда жа­уапты мекеменің уақытында тазар­тып отыруы тазалыққа үлкен септігін тигізеді.

Қазіргі қоғамда да тазалық жұмыстарына баса мән беріліп отыр. Санитарлық тазалық жұмыстарына Үкімет басында отырған лауазымды тұлғалардан бастап қарапайым халыққа дейін аталған мәселеге мән беруі – экологиялық тұрғыдан алып қарағанда өте жақсы үрдіс.

«БАЛАҢДЫ ТӘРБИЕЛЕМЕ, ӨЗІҢДІ ТӘРБИЕЛЕ...»

Халқымыздың «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» деген асыл сөзі бар. Ра­сында, бала ол міндетті түрде ата-анаға қарап, еліктеп өседі. Әрбір ата-ана ұл- қыздарының өздеріне қарап тәрбие алатынын естен шығармағаны жөн. Кез келген адам тазалықты өз бой­ынан көрініс табатындай етсе, өзін таза ұстай білсе, өзге адамдарға да сол тазалығын көрсете алатыны сөзсіз.

– Расында, ауданның көркеюі мен тазалығында сенбіліктердің алатын орны ерекше. Сенбіліктер арқылы көшеде өсіп тұрған тал діңгегі әктеліп, артық шөптерден тазартып, тазалық сақтауға бір адамдай барлық аудан тұрғыны атсалысуының арқасында ауданымыз таза қалпын сақтауда. Табиғаттың таза болуы, оның әдемі көрініске енуі біздің әрқайсымыздың үйімізден, көшемізден басталады. Жаздың үш айында еңбек ететін «Жасыл ел» еңбек жасағының сар­баздары мен қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматшаларға сеніп алып, қол қусырып отыра беруге болмас. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, сырттан қараған сыншыл көз ауылымызға қызыға қараса, біз үшін мақтаныш болар еді. Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына барша тұрғындарды атсалысуға шақырамын. Айнала­мызды таза ұстасақ, ауылдың көркі ажарлана түседі деп ойлаймын,- деп аудан әкімінің орынбасары Ар­ман Әділғалиев тұрғындарды ауыл тазалығына бей-жай қарамауға шақырды.

Күнделікті таңнан кешке дейін қызу тірлікте жүретін ақылы қоғамдық жұмысшылармен бетпе-бет кездесіп жатамыз. Жаздың аптап ыстығы, қыстың аязы мен ызғарлы боранына қарамастан тазалықты қамтамасыз ететін осы кісілердің бірі – сенің анаңмен немесе әкеңмен, әпкеңмен жасты кісілер. Олардың еңбегін құрметтеп, бағалаудың уақыты жет­кен тәрізді. Қоқыс жәшіктері біраз жерде орнатылған. Өкінішке орай, қоқыстар жәшіктің ішінде емес, сыр­тында жатады. Сонда бұл еріншектік пе, әлде салғырттық па? Егер әрбір адам қолындағы қоқысты кез кел­ген жерге тастамай, арнайы жәшікке тастайтын болса, жауапкершілікті сезінсе, айналамыз таза болар еді.

Ескерту ретінде айта кет­кен абзал, «ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 434-2-бабына сәйкес ортақ пайдала­нылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға тұрмыстық қалдықты тастаған азаматтарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал осы сенбіде, яғни 20 шілде күні сағат 9:00 және 12:30 аралығында «Таза Қазақстан» атты тазалық акци­ясы өтеді. Өтетін орындары: «Жастар саябағы» және Г.Канцев атындағы саябақ.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT